«Қайсардан» үш футболшы кетті

08.06.2020, 06:59
Қызылордалық «Қайсар» футбол клубының үш ойыншысы жалақының қысқаруына байланысты келісім-шартты тоқтатып, командадан кету туралы шешім қабылдады.
«Қайсардан» үш футболшы кетті

Қақпашы Александр Григоренко, қорғаушы Алексей Шумских және жартылай қорғаушы Иван Пешич қызылордалық футбол клубымен жасалған келісім-шартты тоқтатты.

29 жасар Шумских «Қайсарға» ақпан айында келген. Оның клубтан кетуінің басты себебі жалақы мәселесі. Клуб басшылығы мамыр айында футболшылар мен бапкерлердің жалақысын қысқартқаннан кейін Алексей команда сапынан кетуді жөн санады. Ол биылғы маусымда Қазақстан премьер-лигасының екінші турында «Қайсар» командасы үшін Оқжетпеске (1:0) қарсы кездесуде небәрі 1 минут қана алаңға шыққан.

Пешич ҚПЛ-2020 тек екі кездесуде ойнады. 28 жасар хорватиялық футболшы былтырғы маусымда ел чемпионатында қарағандылық «Шахтерде» 33 ойын өткізіп, 8 гол соққан және 6 нәтижелі пас шығарған.

Григоренко «Қайсарға» 2017 жылдың сәуір айында келіп қосылған. Қызылордалық командада 58 матч өткізіп, 68 гол жіберді. 2019-жылы Қазақстан Кубогінің соңғы финалында Қайсар Атырауды жеңді. Сол ойында қызылордалық команданың қақпасын Григоренко қорғап, «Қайсар» Еуропа Лигасына жолдама алған болатын.

Қазақстан чемпионаты наурыз айының ортасында коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған болатын. Енді жарыс 1 шілдеде жалғасын таппақ. Ойындар әзірге жанкүйерлерсіз өтеді. 

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×