«Қайсардың» бас бапкері ретінде Сергей Когай бекітілді
03.02.2012, 03:29
"Қайсар" футбол клубында өзгерістер орын алды.
Қызылорда облысы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы және клуб басшылығының шешімімен "Қайсар" футбол клубының бас бапкерлігіне Сергей Когай бекітілді.
Қызылорда футбол мектебінің түлегі Сергей Когай бір маусымда соғылған голдар жөнінен клубтың ең үздік сұрмергені. Футболшы кезінде аймақтағы футболдың дамуына үлкен септігін тигізген. Шабуыл шебінде өнер көрсетіп, қақпашылардың қас жауына айнала білген. Футболшылық ғұмырының басым бөлігін Қызылорданың «Мелиатор» және «Қайсар» клубтарында өткізген шабуылшы Алматының «Қайратында» да өнер көрсетті. Тіпті Ресейдің «Балтика» клубы сапының да намысын қорғап, КСРО біріншілігінің бірінші лигасында доп тепкен. Айтпақшы, өз ғұмырында барлығы 135 гол соққан Когай – Қазақстанның G100 сұрмергендер клубының мүшесі. Соңғы кезде Шымкенттің «Ордабасы» клубының бапкерлер штабында қызмет атқарған. Енді Сергей Когай қызылордалық жанкүйерлердің үмітін қаншалықты ақтай алатынын маусым барысында бағамдайтын боламыз.
1966 жылдың 14 тамызында дүниеге келген.
1993 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институттың дене шынықтыру факультетін тәмамдаған.
2011 жылы "PRO" лицензиясын иеленген.