Қайта оралған «Ақтөбеден» не күтеміз?

16.02.2021 22:40 ҚПЛ Ақтөбе

Бірнеше жыл қатарынан қиын-қыстау заман өткерген «Ақтөбе» футбол клубы биыл қайта түлеуі мүмкін. Оған алғышарттар жоқ емес.

Қайта оралған «Ақтөбеден» не күтеміз?

"Ақтөбе" күллі қазақ жанкүйерлерінің мерейін үстем қылған команда ғой. Бұл тұжырымға аса қатты ешкім қарсы келе қоймас. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу турнирінде атой салған ақтөбеліктер Қазақстан футболын Еуропаға жақсы қырынан көрсетті. Сол жылдары клубтың іргесі бекіп, фанаттар тобы қалыптасып, жалпы қаланың өзі футбол клубымен мақтана алатындай деңгейге жетті. Ақтөбеде футбол әлеуметтік жобаға айналғалы қашан?! Қазір командаға тек Ақтөбе қаласы емес шалғай жатқан аудандардың өзінде де жанкүйерлік ететіндер көп. Алайда, клуб басына алмағайып заман орнап, қаржылық қиындықтарға тап болды. Әртүрлі уақытта клубты басқарған менеджерлер клубты балшыққа батыра беріпті.

Бірақ, түбі барлығы анықталып, қарыздар жабылып, клуб аяққа қайта тұрды. Бірінші лигаға түсіп қалған команданы басқаруға келген жас функционер Артур Смағұлов клуб басына үйірілген қара бұлтты сейілтті. 700 миллионға жуық қарыз түгелімен қайтарылып, "Ақтөбе" ФК құлан-аян тазаланып, жаңа өмірге қадам басты. Енді міне, бірінші лиганың чемпионы болған бұл ұжым биыл премьер-лигаға қайта оралып отыр. Бұл тек ақтөбелік жанкүйердің ғана емес, барша қазақ футболының жанашырлары үшін жағымды жаңалық. Кеңес дәуірінің спортында қызмет қылған адамдар кетіп, орнына заманауи менеджмент пен маркетингті меңгерген мамандар келіп жатыр. Сол жас функционерлер клубты қайта тірілтті. "Ақтөбеге" қазір демеушілер тартылып, стадион мен жаттығу базалары қайта жөндеуден өтті. 

Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына келе салысымен командаға жаңа бас бапкер тағайындалды. Белорус футболына аты мәлім Алексей Бага алыс-жақын шет елдерге есім-сойы белгілі болып қалған бапкер. Ол Белорус пен Литва футболында жүлде алып үйреніп қалған адам. Болашағынан зор үміт күттіретін Бага бапкер келе салып команда ойынын түзеп жатыр. Белорус бапкерінің бір артықшылығы - жастармен жұмыс істей алатындығында. Клуб басшысы Артур Смағұловтың да бар идеясы осында секілді. Себебі, қыруар қаржы алатын легионерлерден зардап шеккен "Ақтөбе" бір қателікті екінші рет қайталамауға тырысатыны айдан анық. Оның үстіне, "Ақтөбе" сапында қазір бір шоғыр талантты жастар жүр. Бірнеше тәжірибиелі ойыншыларға қосып берсеңіз жарқырайтын түрі бар. Мысалы, Максим Самародов деген жас ойыншыны Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Маруаұлы Байсуфинов мақтап отыр. Түбі ұлттық құрамаға алынатын футболшы деп қойын дәптеріне түртіп алса керек. Әлбетте, Юрий Логвиненко, Абат Айымбетов, Бағдат Қайыров, Дидар Жалмұқан секілді таланттар шыққан жерде дәстүр үзіліп қалмайтыны белгілі. Қазір "Ақтөбе" қатарында Самародовтан өзге Есен Жасанов, Рүстем Темірхан, Ардақ Сәулет секілді жастар жүр. 

Жаңа командаға Франция секілді алпауыт чемпионаттарда ойнап үлгерген тәжірибиелі легионерлер де шақыртылып жатыр. Олардың бірі "Вулверхэмптонда" ойнаған Тонго Думбия қазір бас бапкер Баганың қаралымында. Одан бөлек Боян Дубайч пен Эрвин Мукам секілді мықты ойыншылармен келісім-шарт жасалынды. Жоғарыда айтып өткен Дидар Жалмұқан туған клубының сапына қайта оралды. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының ойыншысы Юрий Перцух "Ақтөбенің" ортаңғы шебінде өнер көрсететін болды. 

Жаңа маусымды "Ақтөбе" "Каспий" командасына қарсы ойнап бастайды, сосын өз алаңында бітіспес қарсыласы "Тобылды" қабылдамақ. Бұл ойын 19 немесе 20 наурыз күні өтеді. "Қобыланды батыр" стадионы футбол тойын сағынып та қалған шығар... 

0 пікір