10-қыркүйек
«Астана» - «Қайрат»
Чемпионаттағы маңызды ойындардың бірі. Бұл екі ұжымның арасындағы тартысты осы күні «Ел-классикосы» деп атап жүргендер бар. Еліміздің қос астанасының футбол клубтарының тартысы қызып тұрған шағы. Алайда, биылғы жылы да елордалық клубтың мысы басым. Олар осы қазір алматылықтардан 7 ұпайға озып тұр. Әрі бір ойналмаған кездесуін де жоққа шығармаймыз. Станимир Стойлов шәкірттері сыртта «Оқжетпеспен» кездесулері тиіс. Бұл матч қазан айына шегерілді. Дегенмен, елордалықтардың көптеген футболшылары Ұлттық құрама үшін ойындар өткізді. Қазақстаннан бөлек, Марин Аничич, Неманья Максимович, Джуниор Кабананга секілді ойыншылар өз елдеріне барып қайтты. «Астананың» сонымен қатар, Еуропа лигасындағы ойындары да бар екенін ұмытпауымыз керек.
Ал «Қайрат» ойыншылары түгел демалыста болды. Ұлттық құрама сапында бұл командада Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Стас Покатилов болды. Польшамен өткен ойыннан бері олар да өз-өздеріне келіп үлгерді деп есептейміз. Ал Анатолий Тимощук Украина құрамасы үшін өнер көрсетуін доғарған.
Турдың басты ойыны сенбі күні сағат 17-00-де «Астана-Арена» стадионында өтеді. Матчты «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
«Тараз» - «Жетісу»
Екі команданың арасы небәрі 5-ақ ұпай. «Тараз» әлі де болса жоғары көтерілуді көздейді. Бірінші лиганың командасымен премьер-лигадағы орынды сарапқа салып жүрмес үшін, олар осы бастан әрекет еті тиіс. Жалпы, жамбылдықтардың бет алысы жаман емес. «Атырауды» өз алаңында жеңгеннен кейін «Тараз» ойыншылары Оралға барып «Ақжайыққа» жеңіліп қалды. Сондықтан да, өз алыңында ұпайдан шашау шығармауға тырысатын «Тараз» жеңіске ұмтылып көрмек. Әулиеаталықтар 15-маусым күні премьер-лиганың 16-турында өз алаңында «Жетісуға» жеңіліпті. Одан бері өз алаңында ұтылып көрмеген. Бұл жолы сол талдықорғандықтарға кеткен есені қайтаратын кез де жеткен секілді. Алайда, «Жетісудың» да ойы белгілі. Оларға да біріншілік соңына қарай ұпай қажет. Не де болса, аутсайдерлер арасындағы тартысты ойын өткелі тұр.
«Шахтер» - «Атырау»
Алғашқы алтылыққа қол созып көрген «Атырау»өз дегеніне жете алмады. Енді олардың басты мақсаты 7-орынға таласу. Және Қазақстан кубогына дайындалу. Егер жартылай финалдан өтіп кетсе «мұнайшылар» финалға шығып, еурокубоктық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алуы ықтимал. Ал «Шахтердің» «Таразбен» иық тіресіп келе жатқанын біліп отырсыздар. Демек, «кеншілер» өз алаңында мүмкіндікті молынан пайдалануға тырысады. Ұлттық құрамадағы керемет ойынынан кейін Мақсат Байжанов «Шахтерді» алға сүйреуге дайын жүр. Екінші жастығын бастан өткеріп жатқан қызылордалық футболшы өзінің өткен жылғы командасына қарсы екілене өнер көрсетері анық.
«Ақжайық» - «Тобыл»
«Ақжайықтың» көрген күнін ешкімге бермесін әрине. Чемпионаттың көп бөлігінде ұпай алмай, енді қазір соның зардабын шегіп жүр. Жақсы-жақсы легионерлер алғанымен де, турнирлік кес тенің түбінен көтерілу мүмкін болмай тұр. Олар «Тараздан» 2 ұпай қалып келе жатыр. Жақын тұрған бәсекелесті жеңгеннен кейін бой тіктейтін де кез жеткен секілді. Біріншілікте қатты бір мақсат қойып тұрмаған «Тобылды» жеңетін болса, оралдықтар бір саты көтеріліп қалуы да ғажап емес. Сондықтан да, екінші алтылықта соңғы орыннан көтерілу үшін талас керемет өрбитін де секілді.
11-қыркүйек
«Ертіс» - «Ордабасы»
Соңғы кездері ел футболындағы тағы бір дау-дамайдың ортасында қалған «Ордабасының» осы күні әрбір адымы аңдулы. Чемпионаттың қола жүлдесін қанжығалаймыз деген Бақтияр Байсейітов сол уәдесінде тұра ала ма? Сол үшінші орынға қол созып тұрған тағы бір команда «Ертіс». Мақсат-мүдделері бір командалар тартысында өз алаңында өнер көрсететін «Ертіс» фаворит екені анық. Алайда, «Қайратты» жеңіп жүрген шымкенттіктерден де тосынсый күтуге болады.
«Оқжетпес» - «Ақтөбе»
Мәскеуде оқу-жаттығу жиындарын жүргізген Владимир Мұқанов шәкірттері де жүлдегерлер қатарына енуді көздейді. Олардың бір ойыны кем болғанын да ескеретін болсақ, 3-орынға мүмкіндігі мол команданың бірі «Оқжетпес». Төрешілік жақтан бір құйын келмесе, алаң иелері керекті ұпайын алуға тиісті. Бірақ, көкшеліктердің де кейде жоқ жерден жел ұстап қалатын кездері де болып тұрады.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET