16 тамыз күні «Астана-Арена» стадионында Қазақстан мен Сирия құрамаларының жолдастық кездесуі өтеді.
Бұған дейін үш рет кездескен командалардың ойынына ұлттық құраманың бас бапкері Мирослав Беранек жан-жақты дайындалуда. Өйткені, осы үш ойынның бәрінде біздің құрама қарсыластарынан есе жіберген еді. Екі ел құрамаларының алғашқы ойыны 1995 жылы 21 маусымда Дамаскіде Азия кубогының іріктеу кезеңінде өткен. Осы ойында алаң иелері Қазақстанды 2:0 есебімен ұтса, Алматыда өткен қарымта кездесуде де қонақтар біздің құраманы 1:0 есебімен жеңіп кетті. Соңғы үшінші матчта да алаң иелерінің асығы алшысынан түсті. Иорданияда өткен жолдастық кездесуде Сирия Қазақстанды 4:0 есебімен жеңген болатын.
Енді біздің құрамаға есемізді қайтаратын кезі келді деп ойлаймыз. Кешегі Әзербайжанмен болған ойында жеңіске жеткен Мирослав Беранектің командасы өз алаңында Сирияны да жеңетініне сенгіміз келеді. Бір айтатын нәрсе, осы ойынға «Егемен Қазақстан» газетінің соңғы нөмірінде Голландияның «Волендам» клубында өнер көрсететін қандасымыз Мұрат Өнал шақырылса екен деген тілегіміз бар. Біздің осы тілегімізді Қазақстан футбол федерациясының жұмысына жақын жүретін газет оқырмандары федерация басшылығына жеткізсе деген ниетіміз деп біліңіздер.
Егемен Қазақстан газеті