Қазан айындағы күтпеген трансфер

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
11.10.2020, 23:43
Кавани 2 аптадан кейін Парижге қайта оралады. МЮ Чемпиондар Лигасының алғашқы турында ПСЖ-мен ойнайды.
Қазан айындағы күтпеген трансфер

Маусым айының соңында Эдинсон Каванидің ПСЖ-мен келісімшарты аяқталды. Уругвайлық шабуылшы Париждік клубпен Чемпиондар лигасына қатысу үшін ұсынылған келісімді жаңартудан бас тартты және клубтан еркін агент ретінде кетті. Ол жазды өзінің туған жері Уругвайда өткізді. Қыркүйектің басында 33 жастағы футболшы балетпен де айналысты және трансферлік терезе жабылар сәтте ғана ол "Манчестер Юнайтедпен" келісімшартқа отырып, футболды есіне алды. Бүгінгі мақалада Каванидің Сульшер баптайтын "Манчестер Юнайтедке" қандай пайдасы тиетінін анықтайтын боламыз.

ПСЖ-дағы ең нашар маусымы

Каванидің ПСЖ-дағы соңғы маусымы ойдағыдай болмады. Уругвайлық шабуылшы жарақат алып, оның орнын Мауро Икарди басты. Тухель үнемі Каваниді екінші құрамда қалдырды, осыған сай, шабуылшы төмен нәтиже көрсетті: барлық турнирлердегі 22 матчта тек жеті гол.

33 жастағы футболшы Томас Тухельдің қол астында негізгі құрамда ойнамайтынын түсінгендіктен, келісімшартты екі айға ұзартқысы келмеді деген пікір бар.

Соңғы рет ол ПСЖ жейдесімен Дортмундтың "Боруссиясына" (2-0) қарсы Чемпиондар лигасының 1/8 финалының екінші матчында алаңға шықты. Кавани наурыздан бері ресми кездесулерге қатысқан жоқ, шамамен соңғы 210 күні футболсыз өтті. Ал 2020 жылы ол тек 532 минут ойнады (шамамен 6 толық матч).

Неліктен Кавани "Манчестер Юнайтедті" таңдады?

Форвардтың Оле Гуннар Сульшердің командасына ауысуы туралы ақпарат трансфер терезесінің жабылуына бірнеше күн қалғанда пайда болды. Кейін оны Каванидің агенті Вальтер Гульельмоне растады, ал уругвайлық шабуылшы жаңа клубымен 1 + 1 келісімшартына қол қойды.

33 жастағы футболшы "Манчестер Юнайтед" басшылығынан лайықты жалақы сұрады. Журналист Фабрицио Романоның айтуынша, Кавани ағылшын клубынан жылына 10 миллион еуро алғысы келген. Олардың қалай келіскені әлі белгісіз, бірақ жалақының айтарлықтай аз болуы екіталай.

Эдинсонның өзі Сульшермен сөйлескеннен кейін оның "Манчестер Юнайтедке" ауысу туралы ниеті күшейгендігін түсіндірді.

"Мен бүкіл мансабымда өз клубына берілген жанкүйерлердің көз алдында ойнадым. Манчестерде де осындай жанкүйерлердің бар екенін білемін. Мен "Олд Траффордта" өткізетін матчты асыға күтемін, жанкүйерлер трибунаға қайта оралса керемет болар еді. Өз тарихымды футбол кітабына жазуды жалғастырғым келеді. Менің назарым әрқашан бір нәрсеге бағытталуы керек екенін білемін - жұмысқа, жұмысқа және тек қана жұмысқа. Сульшермен сөйлескеннен кейін "Манчестер Юнайтедтің" жейдесінде ойнауға деген құлшынысым арта түсті", - деді Кавани "қызыл сойқандардың" ресми сайтына берген сұхбатында.

Ол қазіргі "Манчестер Юнайтедке" қалай көмектесе алады?

"Манчестер Юнайтед" Англия лигасының кубогына қатысуды жалғастыруда. Сондықтан "қызыл сойқандар" тығыз күнтізбеге тап болды. Клубқа бәрібір өз ойыншыларын ауыстыру қажет болады. Сульшерде қазір Антони Марсьяль, Мэйсон Гринвуд, Маркус Рэшфорд және Одион Игало сынды төрт шабуылшы бар. Оларға Кавани қосылады, ол "Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы ойыншысы Диего Форланның айтуынша, жас әріптестеріне өзіндік мұғалім болады.

"Менің ойымша, Эдинсон Кавани жақсы нәтиже көрсетеді. Ол өзінің мінез-құлқы мен кәсібилігін, қалай жұмыс істейтінін және үнемі жаттығатындығын көрсетеді. "Олд Траффордтағы" басқа ойыншылардың одан үйренетіні көп", - деді Форлан The National басылымына берген сұхбатында.

Сульшердің өзі де Эль-Матадорды алғанына қуанып, ол туралы мынандай пікір білдірді:

«Кавани командаға күш, көшбасшылық мінез әкеледі. Бірақ ең маңыздысы - мақсат. Оның мансабы осы уақытқа дейін жақсы дамыды, ол барлық командалармен кубоктар жеңіп алды. Оның әлі де жоғары деңгейде ойнайтын қабілеті бар. Жастар соңғы онжылдықтағы Еуропадағы ең жақсы шабуылшылардың бірінен сабақ ала алады. Бұл жастар үшін пайдалы болады, өйткені Эдинсон сәттілікке жету үшін не қажет екенін жақсы біледі. Біз оның "Манчестер Юнайтедке" келуін асыға күтеміз," - деді Сульшер "қызыл сойқандардың" ресми сайтына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетейін, "Манчестер Юнайтедте" Оңтүстік Америкадан Алексис Санчес, Анхель Ди Мария, Радамель Фалькао және Диего Форлан сияқты жұлдызды футболшылар ойнаған. Олардың ешқайсысы "Олд Траффордта" өздерін толықтай көрсете алмады, дегенмен клуб оларды көп ақшаға сатып алды. Мүмкін Кавани бұл үрдісті тоқтата алатын шығар және біз "Манчестер Юнайтедті" тек Премьер-Лигада ғана емес, Чемпиондар Лигасында да бәсекеге қабілетті екенін көруіміз мүмкін. Эдинсон жаңа командадағы дебютін ерекше сезіммен күтетін шығар - 20 қазан күні "Манчестер Юнайтед" Парижде ПСЖ-мен ойнайды...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×