Жанкүйер...жанкүйер...жанкү
йер. Бар екен бізде де. Б
ар болса стадиондарымыз неге бос? Болмысы баяғыдан анықталып қойған бір жауап б
ар. «Жоғын іздеген футбол". Жетімнің күйі.
Шолпан жұлдызы төбеге көтеріліп қойған. Түннің бір уағы. Теледидарға телміріп отыр. Ұйқылы ояу қалпы әлдене күбірлеп қалды. Аржағынан әйелінің «жатсаңшы» деген күңкіл үні естілді. Жатамын әзір, жатамын! Балқаймақ ұйқыны айт...Түнеукүні тағы да ойын көрем деп, таңертеңгілік жұмысқа тұра алмай қалғаны бар. Басына тимепті. Бүгін де түн күзетіп отыр. Ертең түске дейін тырайып ұйықтап, азаңғы аяқтауы керек істі келер күнге ысырады тағы да. Бастықтан еститін айғайы құлағының түбінен тысыр берді. Қолын бір сілтеген...
Футбол десе шала бүлінетін жанкүйердің Чемпиондар лигасының тұздықты тұсы жақындағасын-ақ түн ұйқысы төрт бөлінеді. Ойынды көрмесе әлдене сыбағадан құр қалатындай. Көрсе, әбүйір болады деген әңгіме. Ұнатқан ұжымы ұтса төбесі көкте, ұтылса қан жұта қайғырып отырғаны.
Түндегі ойын тәуліктік әңгімеге азық. Бұзылған ұйқы, мең-зең бастың мұңы ұмыт. Футболмен «ауыратын» қауымның қаулай шуылдасып жатқаны, әне!
«Мерген деген Месси, анау тұста мүлт кетті. Қай тұс-еу? Ұратын ұрымтал тұста, пәңгіріп тұрып қалғанын айтам да...». Сырт қараған адамға әлемнің тағдырын талқылап жатқандай көрінетін топтағы әңгіменің сиқы осы. Футболдың тінін түсінбейтіндерге сондайлардың тұрысы тым ерсі. Домаланып доп теппегенмен, теледидар алдында терлейді сондайлар. Оларды сынап, сөккіміз жоқ біздің. Нағыз жанкүйер деген сондай болса керек.
Жанкүйер...жанкүйер...жанкүйер. Бар екен бізде де. Бар болса стадиондарымыз неге бос? Болмысы баяғыдан анықталып қойған бір жауап бар. «Жоғын іздеген футбол. Жетімнің күйі. Жарымаған ойын. Айқай сүрең...». Бес жасар баланың өзі солай дейді. Кірпиязын айтсаңшы. Бұдан соң дәнеңе деп көр.
Түнеукүнгі ойынды стадиондағы 80 мың жанкүйерді қоспағанда, көгілдір экранның аржағындағы 6 млн. адам тамашалапты. Кө-ө-өп, өте көп. Алақандай алаңдағы айқасты аңдыған миллион көздердің алдында ойқастап, орағыштап доп теккен неткен бақыт. Футболды өнер деп бағалағандықтың белгісі.
Көпке топырақ шашқанымыз емес, бірақ, жанкүйері тікелей эфирді ермек қылуы былай тұрсын, алаңға баруға ерінетін біздің футбол біріншілігінде жағдай былай. Өткен турда: «Атырау» мен «Астанаға» – 2,500, «Шахтер» мен «Ордабасыға» – 3000, «Тобыл» мен «Қайсарға» – 3000, «Оқжетпес» пен «Сұңқардың» арасындағы ойынға – 1400 жанкүйер жиналды. Баяғы жартас, сол жартас. Әзіл ме, шындық па?
Кім үшін, не үшін ойнайды? Мың сауал. Футболымыз жауыр. Жанкүйеріміздің санасында Еуропа футболының елесі...
Теледидарды қосты. Уақсыз уақытта, шіліңгір ыстықта доп теуір жүрген кімдер болды екен? А, біздің футбол ма?! Қолын бір сілтеген...
Думан БЫҚАЙ