Қазақ футболының жарық жұлдызы құрамадан кетті...

25.08.2011, 21:43
Қазақ футболының жарық жұлдызы құрамадан кетті...
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншысы, көпшілікке кеңінен танымал аяқдоп өнерінің қас шебері Самат Смақов түбегейлі нақты шешім қабылдады. Таратып айтар болсақ, енді Самат ұлттық құрама сапында өнер көрсетпейді.
Мұны естігенде жүрегіміз егілді, жанымыз езілді. Сирия құрамасымен өткен ойыннан соң «Самат бірнеше рет қателесті» дегендердің бірі болсам да, мұндай суыт хабарды естігенде, мең-зең күйде болдым. Көз алдыма ұлттық құраманы Саматсыз елестеттім. Көз алдыма неміс маманы Бернд Шторк бас бапкер болған Қазақстан құрамасы келді: қазақ жігіттері біреудің үйінде жүргендей шетте, имене басып, айналасындағыларға қарайды. Ал Самат болса бел ортада өзі ғана жүріп қоймай, жас жігіттерімізді де қайрап жүреді ғой. Содан соң олар алаңға шыққанда, қобалжымай, жанкештілік танытуға тырысады. Ұлан Қонысбаев алғаш рет ұлттық құрама сапында ойнап, тәп-тәуір ойын үлгісін көрсеткенінде, «Қобалжыған жоқсың ба?» – деп сұраған едік. Сонда Ұлан: «Жоға-а, Самат ағам жігерлендіріп, қайрап отырады, содан болар, қатты толқыған жоқпын», – деген еді. Самат ұлттық құрамаға осы үшін керек еді ғой. Бернд Шторк Қазақстан құрамасына бас бапкер болған жылдары «алаңға шықпаса да, құрама сапында басы қарайып жүрсінші» деп зар иледік. Сол Самат енді ұлттық құрама сапында алаңға шықпайды...
Қандай өкініш десеңізші. Өмір заңы солай, құрама сапында 59 ойын өткізген Самат енді өз орнын әлеуетті жастарға босатып отыр. «Бағаңды кетірмей уақытында кете білу керек», – деді кеше хабарласқанымызда. Сөз жоқ, дәмі де татитын сөз, тұзы татитын шешім. Өте дұрыс. Бірақ он бір жыл ұлттық құрамамыздың ажырамас бөлігіндей болып кеткен саңлағымыз енді алаңға Қазақстан жейдесімен шықпайды. Осыны ойлағанда, көңіл шіркін құлазиды... Самат Смақов еліміздің бірнеше дүркін чемпионы болды, бірнеше рет Қазақстанның ең үздік футболшысы атанды. Санынан, қанша рет осылай топ жарып, үздік болғанынан жаңыламыз. Енді осы жарық жұлдызымыз ұлттық құрама сапында ойнай алмайды. Өкінішті-ақ.
Осыдан бірер жыл бұрын «Бәріміз де қазақ футболының жарық жұлдыздары – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов деп өстік, ал сіз өзіңізді осы саңлақтармен бір қатарға қоя аласыз ба?» – деп сұрағанымда:
– Жо-жоқ! О не дегеніңіз?! Мен өзімді мұндай ұлы адамдармен бір қатарға қоймаймын. Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов – үшеуі, шын мәнінде, қазақ футболының жарық жұлдыздары. Әрі солай қала береді де. Мен өз өмірімде осы үш ағамыз қол жеткізген жетістіктерге жеткен жоқпын, олар шыққан шыңдарға шыққан жоқпын. Қазақ футболында Сегізбаев, Ордабаев, Байшақов ағаларымыздың орны бөлек. Мүлде бөлек. Үшеуі де – халық сүйіспеншілігіне бөленген тарихи тұлғалар. Олар солай бәріміздің пір тұтар ағаларымыз болып өмір бойы қала береді, – деген еді.
Сол кезде алдыңғы буын ағаларын сыйлайтындығына риза болып едік. Сәйкестік пе, жоқ, әлде бір сыры бар ма, белгісіз. Әйтеуір, Самат ойнаған команданың «шыны-аяғы сылдырамайды».
Самат Қазақстан-Сирия жолдастық кездесуінен кейін осы матчты бейнетаспа арқылы мұқият қарап шыққан сияқты. Содан соң осындай шешім қабылдапты. Әрі бірден ұлттық құраманың қазіргі бас бапкері Мирослав Беранекпен хабарласып, өз шешімін айтқан. Мирослав аға да ғажап адам ғой. Көргенді, кішіпейіл. Бас бапкер Саматтың бұл шешіміне өкініш білдіріп, «сен үшін ұлттық құрама есігі үнемі ашық, келіп тұр, бәріміз де сенімен кездесіп тұруға қуанышты боламыз» депті.
Иә, қиын-қыстау ойын сәттерінде, команданың жүйкесі сыр бере бастағанда, алаң ортасында ойқастап, алға қарай ентелеп, жігіттеріміздің намысын жанитын, олардың жасып қалмауына жол бермейтін Самат енді құрама сапында ойнамайды. Қазақ «әр нәрсенің қайыры болады» дейді. Ендеше, бұл шешімің де қайырын берсін, Самат. Біз сені бутсыңды шегеге ілген соң бапкер болады деп үміттенеміз. Болашақта Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып, ұлттық құрама киімдерін қайта киеді деп сенеміз.
Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×