Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз.
Саясат, әлеумет, мәдениет демей-ақ қоялық, осы тілге деген құрметті спорттың маңайынан көру қиын болып тұр әзірге. «Адам көңілден азады, тілден жазады» демекші, бір футболдың өзін алып қарайықшы. Премьер-лигада қазақ баласынан гөрі шет елдің азаматтары көп. Басқа елге келгесін, сол елдің тілін үйреніп, нан табу деген ұғым бізге тән болмай тұр. Орысша білсең «өлмейсің». Қазақстан командаларының арасындағы қарым-қатынас тілі де – орыс тілі. Қазақша пікір алмасып, нұсқау беріп жүрген бірде-бір жанды көрмейсің. Бір өкініштісі, жалғыз өзге ұлт өкілі үшін бес-алты қазақ тілдерін күрмеп, сол тілде сөйлеуге мәжбүр. «Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа, ең алдымен өз тіліңді дұрыста» дегендей, шеттен келген бапкер, мейлі ойыншы болсын, оларға өз тілің мен салт-дәстүріңді үйретсең, нұр үстіне нұр емес пе! Енді Қазақстан біріншілігінде өнер көрсететін командалардың ресми сайттарын қарап көрелік.
Олардың басым бөлігі қазақ тілінде жылдам ақпарат таратып, команда жөнінде үздіксіз мәлімет беріп жатқан жоқ.
Спорт тақырыбын жазатын «Sport.kz», «Қазақ спорты» секілді қазақша екі газет бар. Ал орысша газет-журнал жеткілікті. Футбол туралы да. Бір Францияның өзінде «Франс Футбол» атты газет пен журнал ХІХ ғасырдың басынан шығып келеді. Қазір бұл – әлемдегі ең беделді басылым. Жыл сайын әлемнің үздік футболшыларды анықтайтын да осы журнал. Бізге де осындай басылым керек-ақ.
Ардақ ТОҒЫМОВ, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз хатшысы:
– Әрине, қазақша футбол газеті шөлдеп отырған қазақ жанкүйерінің мейірін қандырар-ақ еді. Дегенмен бүгінгі таңда қазақша газет-журнал оқитындар аз. Сондықтан оған мемлекеттің қолдауы қажет. Қазір қандай да бір жұмысқа тұру үшін де орыс тілін білу керек. Жалпы, футбол орыстілді спорт түрі ғой. Стадионға барсаңыз, «Ертіс», алға!» емес, «Иртыш» впередь!» деп айқалайды жанкүйер. Қазақша футбол газетін ашу жақсы бастама. Осы арқылы футболды да өз тілімізге бұрып алуға болады.
Бауыржан СӘРСЕКЕНОВ, Алматы қалалық жасөспірімдер лигасының бастығы:
– Қазақ оқырмандарына қазақша футбол газеті керек. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асты. Бұрынғы КСРО-ның құрамында болып, бізбен қатар тәуелсіздік алған елдердің барлығы өздерінің ана тілін бір жүйеге келтіріп алды. Бұл сол елдердің ұстанған саясаты мен БАҚ өкілдерінің жұмыстарына да байланысты. Ал Қазақстандағы тұрғындардың басым бөлігі орысша сөйлейді. Қазақтардың өздері де орысша сөйлеуге құмар. Соған қарамай қазақша футбол газетін ашу керек деп ойлаймын. Бұл біздің елдегі футболдың дамуына да үлес қосар еді.
Уәлихан ҚОСАНБАЙ