28 қараша күні Сейілда Байшақов Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды. Қазақ футболына еңбегі сіңген ардагер ойыншы бұл қызметке орналасқан жетінші президент.
Қазақ футболының тарихы ХХ ғасыр басынан басталады. Ал дербес біріншілік пен ұлттық құрама негізі 1992 жылы қаланды. Осы жылы Қазақ КСР футбол қауымдастығы Қазақстан Республикасы футбол одағы болып өзгерді.
Заманбек Нұрқаділов
Басқарған жылдары: 1992-1994
Қазақстан футбол одағының тұңғыш президенті – Заманбек Нұрқаділов. Ол 1992 жылдың 6 наурызында тарихи құжатқа қол қойды. Бұл құжат – ішкі чемпионат пен ел кубогының ойындары еді. Осы жылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Кубогы ойындары өтті.
1992 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтарының федерациясы (ФИФА) мен Азия футбол конфедерациясының (АФК) мүшесі болып қабылданды. Заманбек Нұрқаділов пен федерация құрамындағы мамандар сары құрлықтың футболы бізге жақын деп шешті.
Заманбек Нұрқаділов Қазақстан футбол одағын екі жылға жуық басқарды. Тәуелсіз қазақ футболының алғашқы адымдары жасалып, ұлттық құрама негізі қалыптасты.
Тимур Сегізбаев
Басқарған жылдары: 1994-1996
«Қайраттың» ардагер ойыншысы басшылыққа келгенде үлкен өзгерістер күтілді. Өзгерістер болмады емес, болды да. 1994 жылдың 15 маусымында Тимур Сегізбаев алғаш болып ФИФА-ның Чикагода өткен Конгресіне қатысты.
Қазақстандық клубтар Азиядағы чемпионаттарға қатыса бастады. Қазақстан олимпиадалық құрамасы халықаралық аренада алғашқы жарысын бастап, Атлантадағы ХХVI Олимпиадалық Ойындардың Азия аумағы бойынша бірінші топтық іріктеу кезеңінде жеңіске жетті.
Құралбек Ордабаев
Басқарған жылдары: 1996-2000
Қазақстан футбол одағының тізгінін 1996 жылы «Қайраттың» даңқты қақпашысы Құралбек Ордабаев ұстады. Тимур Сегізбаев бас хатшы қызметіне орналасты.
Құралбек Ордабаев футбол одағын 4 жылға жуық уақыт басқарды. Алғашқы жылдары Азия кубогындағы ұлттық құраманың сәтсіздігі басшының ісіне сын болғаны рас. Алайда Серік Бердалин жаттықтырған ұлттық құрама 1998 жылғы әлем чемпионатына іріктеуде сәтті өнер көрсетіп, Азиядағы іріктеуде финалдық кезеңге жолдама алды.
Қазақстан жастар құрамасы ХХХI Азия чемпионатының финалдық кезеңінде төртінші орынға ие болып, жасөспірімдер арасындағы Х Әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғау құқығын жеңіп алды. Тұңғыш рет қазақстандық футбол Әлем Кубогының финалдық кезеңіне шықты.
Алматылық «Қайрат» пен Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы Ерлан Оразаев жасөспірімдер арасындағы Х Әлем чемпионатында Хорватия құрамасының қақпасына гол соғып, футболдан әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде гол соққан алғашқы қазақстандық футболшы атанды.
1999 жылы ФИФА 1998 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Қазақстанды өз футболының дамуында ілгері жылжыған әлемнің он үздік елінің қатарына енгізді. Ал Азияда футболы дамып келе жатқан үздік бес елдің құрамына енді.
1999/2000 жылғы маусымнан бастап футболдың дамуына генерал-майор болған Рахат Әлиев қызыға бастады. Дегенмен Құралбек Ордабаевтың командасы даңқты қақпашыны қолдап, президенттік қызметінде қалуына септігін тигізді. Алайда араға жарты жыл сала Құралбек Ордабаев қызметінен кетті.
Құралбек Ордабаев өзі қызмет еткен тұста алғаш болып Қазақстанның УЕФА құрамына кіруі туралы ұсыныс жасады. 1996 жылы бұл ұсыныс Барселонада өткен конференцияда қаралғанмен, УЕФА өкілдері тарапынан қолдау таппады.
Рахат Әлиев
Басқарған жылдары: 2000-2007
Рахат Əлиев Қазақстан футболының кəрі құрлыққа ауысуы үшін тер төкті. Басында Қазақстанды Азия футбол қауымдастығынан УЕФА-ға ауыстыру, əрине, оңайға соқпады. Оның үстіне еліміздің олимпиадалық комитеті де осы Азияда болатын. Дегенмен еліміздің батыс бөлігі Еуропа құрлығында жатқанын дәлелдеп, Қазақстанды УЕФА құрамына қосты.
Қазақстан 2002 жылдың 25 сəуірінде УЕФА-ның Конгресінде 52-ші мүшесі болып кірді. 7 шілде күні Қазақстан Ұлттық құрамасы УЕФА аясында алғашқы матчын өткізді. Алматыда Эстония құрамасымен өткен жолдастық ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
2004 жылдың қыркүйек айында ФИФА президенті Йозеф Блаттер Қазақстанға ресми сапар жасады. Сапар барысында әлемдік футболдың басшысы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімовпен кездесті. Сонымен қатар, Блаттер мырза Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиевпен Талғар қаласындағы (Алматы облысы) футбол алаңы құрылысының алғашқы кірпішін қалады. Бұл футбол академиясын құрудың бастауы болды. ФИФА президентімен бірге Азия футбол конфедерациясының президенті Мохаммед Бин Хамам, ФИФА президентінің көмекшісі Гай Филипп Мэтью, Азия футбол конфедерациясы президентінің көмекшісі Али Аль-Мешади, ФИФА-ның даму менеджері Ева Паскьер, ФИФА-ның Мәскеудегі өкілі Валерий Чухрий және қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Дэвид Ауссеил келді.
2007 жылдың ақпан айында Қазақстан футбол федерациясы құрылды.
Әділбек Жақсыбеков
Басқарған жылдары: 2007-2014
Қазақстан футбол федерациясын Әділбек Жақсыбеков жеті жыл басқарды. Онымен қоса мемлекеттік лауазымды қызметті де қатар ала жүрді. Сондықтан да футбол басшысына кейде сын айтылып та жатты.
- Мен мемлекеттік қызметтегі адам болғандықтан футболға 100 пайыз көңіл бөле алмаймын. Сондықтан негізінен тапсыраманы вице-президенттер мен бас хатшыға тапсырып келдім. Мемлекеттік қызметімнен гөрі футболдағы қоғамдық жұмысыма байланысты көп сын естимін, - деді бір сұхбатында.
Әділбек Жақсыбеков басқарған тұста премьер-лиганың деңгейі өсті. Ел клубтарында «21 жасқа толмаған екі жас футболшы, оның біреуі міндетті түрде қазақ болсын» деген ұсыныс енгізілді. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға байланысты 2012-2022 жылдарға арналған концепция қабылданды. Осы секілді көптеген ережелер енгізіліп, ел футболының дамуына үлкен қадамдар жасалды. Шет елден келетін легионерлердің де деңгейі жоғарылай түсті.
2014 жылы Астанада Еуропа футбол қауымдастығының (УЕФА) кезекті XXXVIII конгресі өтті. ФИФА басшысы Йозеф Блаттер, УЕФА президентi Мишель Платини мен Еуропа елдерінің футбол федерацияларының өкілдері қатысты. Әлемдегі футбол мәселелері мен болашағы жайлы сөз қозғалды. «Ұлттар лигасын» құру туралы жоба талқыланды.
Әділбек Жақсыбеков қызмет атқарған тұста қарағандылық «Шахтер» қазақ футболының тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. «Қайрат» футзал клубы УЕФА кубогын ұтты.
Ерлан Қожағапанов
Басқарған жылдары: 2014-2016
Ерлан Қожағапанов Қазақстан футбол федерациясыныңпрезиденті болып 2014 жылдың желтоқсан айында сайланды. Айналдырған екі жыл ішінде ел футболында даулы мәселелер көптеп орын алды. Атқарылған істер де жоқ емес. Дегенмен ҚФФ президенті мен қызметкерлеріне қатысты сындар көп айтылып, көп жазылды. Ел футболы айналасындағы көп шындықтың беті ашылды.
Осы жылдың қазан айында Ерлан Қожағапанов ұзақ уақыт оқуға кетуіне байланысты қызметінен кеткені туралы хабарланды. Кейіннен ресми түрде расталып, президенттікке Сейілда Байшақов жалғыз үміткер ретінде тіркелді. Нәтижесінде күні кеше ғана ардагер ойыншы Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.
Сейілда Байшақов
Сейілда Байшақов 1950 жылы 28 тамызда дүниеге келген. «Қайрат» (Алматы) футбол клубы мен КСРО құрамында ойнаған.
Әр жылдары «Қайрат» футбол клубы» АҚ бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасы мини-футбол қауымдастығының президенті, Қазақстан футбол одағының төрешілер комитетінің төрағасы, Қазақстан футбол одағының вице-президенті, Қазақстан футбол федерациясының балалар және жасөспірімдер футболы бойынша жетекші маман қызметтерін атқарды.
2007 жылдың 28 тамызынан бастап Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті, 2013 жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы Техникалық комитетінің төрағасы болды. 2016 жылдың 28 қарашасынан бастап Қазақстан футбол федерациясы президенті қызметіне сайланды.
"Массагет.кз"