Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов: “Матчтар тағдыры кабинеттерде шешілмеуге тиіс”

27.02.2015, 21:29
Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов: “Матчтар тағдыры кабинеттерде шешілмеуге тиіс”
aeO9NW0w Жақында Алматыда Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Ерлан Қожағапанов журналистермен кездесіп, ел футболындағы жаңалықтарды ортаға салды. Футбол саласына реформа жасауға белсене кіріскен басшының әңгімесін ықшамдап ұсынып отырмыз.

Есей Жеңісұлы

 

Басымдықтар қандай?

Біз өзіміз үшін нақты стратегиялық басымдықтарды анықтадық. Бірінші басымдық – балалар мен жасөспірімдер футболы. Ол дегеніңіз – футболдың іргетасы. Іргетас мықты болмаса, жақсы нәтижелер күтудің қажеті жоқ. Балалар футболы мықты болу үшін екінші басымдық өз-өзінен бой көрсетеді. Ол – инфрақұрылымды дамыту. Біздің сәтсіздіктеріміздің негізгі себептерінің бірі – лайықты инфрақұрылымның жоқтығынан. Толыққанды, толық көлемді манеждер болмай, футболымызды алға бастыру қиын. Еуропада 100 мың адамға 80-85 алаң (жасанды, табиғи, манеж, т.б) бар екен, бізде – 100 мың адамға 1,6 алаң ғана. Біздің елімізде ашық алаңдарда жыл бойы доп тебу мүмкін емес. ФИФА президенті Й.Блаттермен кездескенімде де ол осы жайды айтты. Мәселені былайша қарастыруға болады. Егер ауырғыңыз келсе, бос отырып, сыра ішіңіз. Ауру сізді өзі-ақ іздеп табады. Ал саламатты өмір салтын ұстанғыңыз келсе, алаңдарға барып доп тебіңіз. Біздің елімізде клубтардың қожайындары – негізінен әкімдер. Олар командаларды ұстап тұру үшін үлкен көлемде ақша жұмсайды. Команданың базасы, ойыншылар мен бапкерлердің еңбекақысы, тамақ, ары-бері ұшу деген аз ақша емес. Біз клуб қожайындарына жақсы легионерді сатып алатын қомақты қаржының бір бөлігін инфрақұрылымға жұмсау туралы ұсыныс жасамақпыз. Өйткені, кей легионерлердің шеберлігі менің ғана емес, бүкіл жанкүйерлердің күдігін тудырады. Қазір кез келген футболшының белгілі бір командаға дейін жүріп өткен жолын анықтау еш қиын емес. Қай командадан қайсысына қанша ақша төленіп ауысты, білу оп-оңай. Әрине, бізде де өзі ойнайтын командаға үлкен пайда әкеліп жүрген легионерлер бар. Біздің футболшылар оларға қарап отырып-ақ көп нәрсе үйренеді. Алайда, мықтылығына күмән туатын легионерлер де жоқ емес. Оларды артық ақша төлеп сатып алғанша, соған кететін қаржының бір бөлігін неге инфрақұрылымға салмасқа? Неге балалар мен жасөспірімдер футболына жұмсамасқа? Әрине, команданың бәрі «Қайрат» сияқты аз ғана уақыттың ішінде суперакадемия салып шығуға қабілетті емес. Бірақ, бірден адымдап болмаса да, тәй-тәйлап қадам жасауға болады ғой. Жыл сайын клуб бюджетіне ақша бөлінеді. Біз жыл сайын сол бюджеттің белгілі бір бөлігін қажетсіз және сапасыз легионерлер сатып алуға жұмсалатын ақшаны үнемдеу арқылы инфрақұрылымды жақсартуға бағыттағымыз келеді. Үшінші басымдық – бапкерлік база. Бұл сала бізде өте әлсіз. Елімізде 1300-ге жуық балалар жаттықтырушысы бар. Олардың санын футболмен жаттығатын балалардың санына бөлсек, әр жаттықтырушыға 350 баладан келеді екен. Англияда бір бапкерге үш бала ғана. Бұл елде 390 мың кәсіпқой балалар бапкері бар. Бір мезетте үш балаға тыңғылықты үйреткен жақсы ма, әлде 650 балаға ма? Германияда бір бапкерге алты баладан келеді. Футбол көші алға кеткен елдердің бәріндегі жағдай шамамен осындай. Біз болашақта балалар бапкерлерінің еңбегін жақсы төленетін жағдайға жеткізуіміз керек. Бұл да жоғарыда айтқан клуб бюджетінен ақша үнемдеу тәсіліне тікелей байланысты. Клуб қожайыны ақша үнемдегенде, балалар футболына да алаңдап отыруға тиіс. Біз қазақ футболын дамытудың 2022 жылғы бағдарламасын жасап, соның ішіне негізгі мәселелердің бәрін бүге-шігесіне дейін кіргіземіз.

«Бармақбастылықпен» күрес қандай болады?

Төртінші басымдық – келісілген матчтармен және бейадал қазылықпен күрес. Бұл – біздің футболымыздың дерті. Анталияда (Түркия) төрешілер корпусымен кездесу алдында интернет бетін 5-6 минут парақтап көріп-ақ біздегі осы екі мәселенің қаншалықты ақсап тұрғанын түсіндім. Кездесуде мәселені қабырғасынан қоюға тырыстым. Әрине, келісілген матч мәселесі жоғарырақ деңгейде шешіледі. Клуб қожайыны, менеджері, төрешілер араласады дегендей. Бұған дейін де солақайлықтармен күрес жүрген, бірақ, біз күресті нықтай түсеміз. Төрешілер корпусымен әңгімеміз қатаңдау болды. Оларды «алдағы процеске қатысушылар» деп қарадым. Біз бейадал қазылықпен қалай күресеміз? Төрешілер комитетінің төрағасы Маттео Трефолони өте қарапайым жолын көрсетті. Қазір барлық клубта кем дегенде 2 камера бар. Бірақ, олар көбінесе өз қақпасы алдындағы жағдайды ғана таспаға түсіреді. Даулы жағдай туындай қалса, соны көрсетеді. Қазіргі біздің талабымыз бойынша клубтар кем дегенде матчты 6 камераға түсіруге тиіс. Офсайт шегінде екі қапталда екі-екіден 4 камера, сондай-ақ, алаңның ортасын түсіретін тағы 2 камера. Бұл камералардың суперкеремет болуы міндетті емес. Әр эпизодты жақсы «аулап» тұрса болғаны. Офсайтты, қолмен ойынды, теуіп кету, ұрып кету сияқты қитұрқы әрекеттерді алса жеткілікті. Матчтарға инспекторлар мен делегаттарды жібереміз, яғни біздің өкілдеріміз жеткілікті болады. Олар VІP-орындарда командалар ұсынған қою қара шайды ішіп қана отырмайды, жағдайды толық бақылайды. Матч аяқталған соң барлық ақпараттасығыш құралдарды жинақтап, Кәсіпқой футбол лигасының (КФЛ) Астанадағы штаб-пәтеріне әкеледі. Бұл бізге әрбір күмәнді эпизодты жіліктеп талдауға мүмкіндік береді. Бір камераның «назарына» ілікпей қалған сәт екіншісінде атойлап көрініп тұруы мүмкін. Ресейде тек қана футбол көрсететін 5-6 телеарна бар. Олар матчқа бір күн қалғанда кіріспе жасайды, жекелеген жағдайларға дейін талдайды. Екінші күні матчтар көрсетіледі, үшінші күні нәтижелер талқыға салынады. Төрешілік те бүге-шігесіне дейін қарастырылады. Талдауды әркім емес, футбол маңайындағы кәсіпқой мамандар жасайды. Мұндай «иісшілдікті» кез келген төреші көтере алмайды. Осындай жағдайда төрешіні дерек бойынша ғана емес, күмән арқылы да жұмысынан шеттетуге, төменгі лигаларға түсіруге мүмкіндік бар. Ал төрешілер үшін І лигаға түсіп қалу деген өліммен тең. Олар беделінен де, ақшасынан да айырылады. Біз өзіміз келісімге келген арнаның эфирінде аптасына бір рет матчтарға шолу жасаймыз, барлық күмәнді эпизодтарды толық талдаймыз. Батыста төрешінің барлық әңгімесі жазылып отырады. Біз де осы тәжірибені пайдаланамыз. Төрешінің матч алдындағы әңгімесінің барлығы арнайы дискке жазылып, штабқа жеткізіледі. Қандай ескі-жаңа әдістерді қолдансақ та, біз футболымыздағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің бәрінің алдын алуға тырысамыз. Біздің елде де келісілген матчтарды еркін қадағалауға болады. Мысалы, бітіспес қарсыластардың өзінің кездесуі алдында букмекерлік кеңселер сол матчты тізімнен мүлде алып тастайды. Тіпті, алаңға негізгі емес, екінші құрам да шығуы мүмкін. Ойынның тағдыры алдын ала шешіліп қойғаны осыдан-ақ белгілі ғой. Футбол тілімен айтсақ, тараптардың біреуі ойынды «беріп» қойған. Футболшының санасына оның адал ойнай алатынын, матчтың алдын ала келісілмегенін, жақсы өнер көрсету үшін жақсы дайындалу керек екенін сіңірсек, ісіміз алға басады. Төрешілер бұл реформаны аса мақұлдай қоймағанын көріп отырдым. Бірақ, оларға қатты ескерту жасадым. Біздің ойымыздың, мақсатымыздың берік екенін олар алғашқы «солақай» төреші ұрынған кезде түсінеді. Матчтар тағдыры кабинеттерде, қоңырау арқылы немесе пайдаланылған ақша арқылы шешілмеуге тиіс. Ақша балалар мен жасөспірімдер футболын өсіруге, жақсы инфрақұрылым жасауға, жақсы футболшылар сатып алу үшін жұмсалса ғана ісіміз нәтиже береді. Біз осындай қадамдарды қорықпай жасай отырып, әлем футболындағы орнымызды өзгерте аламыз. «Арам» ойындарға қатысып үйренген футболшының санасында өзгеріс болып кеткен: ол өзінің кей сәттерде ұтылуы керек екенін, жанын салмай-ақ ойнау қажеттігін біледі. Әр матч нағыз шайқас болса ғана футболшы нағыз спортшы ретінде қалыптаса алады, құрамаға есік ашылады, ұлттық құрама үшін жан алып, жан берісетін жағдайға жетеді. Әрине, төреші де адам. Бір рет қателесуі мүмкін. Бірақ, оның ұдайы қателесуі мүмкін емес. Біз бірінші қателігін түсінсек те, екіншісінде тамырына балта шауып отырамыз. Сондықтан мен қазақ футболының қазіргі әлемдік рейтингтегі 139-орнын өз орны деп есептеймін. Өйткені, спорттық инфрақұрылымымыздың дамуы нашар, жақсы бапкерлік корпус жоқ, келісілген матчтар шаш-етектен, төрешіліктің деңгейі төмен. Бұл жағдайға нақты біреуді кінәлау – қателік, адасушылық. Бәріміз бірігіп, реформаны бастап кетуіміз керек. Жалғыз федерация оны іске асыра алмайды. Футболшылар, бапкерлер, төрешілер, жанкүйерлер, ең бастысы, журналистер осы іске бел шеше кірісуі керек. http://www.oinet.kz/  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×