Қазақстан футболы кеткен шығынды ақтап жатыр ма?

14.09.2020, 18:55
Еуропалық бес футбол клубына бөлінетін қаржы «Ордабасының» жылдық бюджетіне жетпейді екен.
Қазақстан футболы кеткен шығынды ақтап жатыр ма?

Қазақстандық футбол клубтарына қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл жағдай отандық спорт сарапшылары мен жанкүйерлердің ренішін тудырып келе жатыр. Президент Тоқаев биылғы жолдауында «қаржылық тапшылық кезінде кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландырудың еш мәні жоқ» деп айтты. Президент тапсырмасы қаншалықты орындалуы мүмкін? Бұған орай спорт сарапшылары не айтады?

Биылғы футбол маусымы коронавирус пандемиясына байланысты ала-құла өрбіп жатыр. Соған қарамастан чемпионат жалғасуда. «Астана» мен «Қайраттан» өзге клубтардың барлығы облыс пен қала бюджетіне телміріп отыр. Соған сай алатын ақшалары өте ауқымды. Қисапсыз деп бағалауға да болады. Goszakup.gov.kz сайтының дерегі бойынша біздің клубтарға 2020 жылы жергілікті бюджеттен мынадай көлемде қаржы қарастырылған.


Сенімді дереккөздің мәліметінше, «Астананың» бюджеті 15 млрд теңгеге жуықтаса, «Қайрат» маусымға 8 млрд теңге қаражатпен аяқ басқан. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтың айтуынша, былтыр өңірлер бюджетінен жалпы 252,6 млрд теңге бөлінсе, соның біраз бөлігі футбол мен хоккей клубтарына жұмсалған.

«2019 жылы футбол клубтарын ұстап тұруға 34,1 млрд теңге, 2020 жылы 37 млрд теңге бөлінді», - деді вице-министр президент жолдауынан кейін.

Белгілі бапкер Бақтияр Байсейітов біз сонау 90 жылдары қателестік. Соның зардабын әлі тартып келеміз дейді.

«Қазақстанда футболға ақша салатын санаулы ғана адам бар. Сол себепті, бюджет қаржысына тәуелді. Біздің футбол шетелдік инвесторларды да қызықтырмайды. Оларға ешқандай пайда әкелмейді. Өйткені бізде не стадионнан, не атрибутикадан, не жарнамадан табыс табу дамымаған. Жалпы, ел ретінде футболдың іргетасын дұрыс қалай алмадық. 23 жыл бұрын мен барлық интернат, балалар спорт мектептерін қалдыруды, бапкерлерді жоғалтпауды айтып едім. Алайда мұны мемлекет істей алмады», - дейді Байсейітов.

Елімізде жүлделі орынға ілінетін, сөйтіп еурокубоктық додаларға қатысатын санаулы ғана клуб бар. Олар негізінен – «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» клубтары. Алдыңғы екеуі жақсы демеушілік әсерімен біршама жақсы жетістіктерге жетіп жүр. «Астана» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаса, «Қайрат» та сол межеге жақын жерден сүрініп жүр. Десе де әлеуеті жоғары. Ал «Ордабасы» жылына қала бюджетінен 7 млрд теңгеге қаржы алатынына қарамастан еурокубоктарда сәтсіз ойын көрсетеді. Журналист Ерболат Айнабеков Фейсбуктағы парақшасында осы мәселеге орай ақпар жария етті.

«Ботошани», «Широки Бриег», «Чукарички», «Бейтар», «Млада Болеслав». Шымкенттік «Ордабасы» соңғы 5 еурокубок маусымында жеңілген клубтар. Егер осы 5 команданың бәрінің бір жылдық бюджетін қосатын болса, «Ордабасының» бір жылдық бюджетіне де жетпейді екен. 5 клубқа жететін бюджетті бір өзі опырып, түк нәтиже көрсетпейтін «Ордабасы» секілді команданың көк тиынға да керегі жоқ», - деп жазды ол.

Бұл ақпараттың қаншалықты растығын зерттеп көрдік. Румыния журналисі Паул Олар sports.kz сайтына берген сұхбатында «Ботошани» бюджетінің жылына 4 миллион доллар екенін айтқан.

2016 жылы «Чукарички» бас бапкері «Ордабасының» бюджеті бізден 8 есе көп» деп мәлімдеген.

2017 жылы албаниялық SuperSport.al басылымы «Скендербеудің» келесі қарсыласы – «Млада Болеслав» клубы. Олардың бюджеті «Қайрат» бюджетінің жартысын құрайды» деп жазған. Яғни, біздің ақшамен 4-5 млрд теңге шамасында.

«Бейтар» және «Широки Бриег» бюджеті бойынша ашық дерек көздерінен мәлімет табу қиын болды. Десе де әртүрлі ақпарат көздеріндегі пікірлерге мән берсек, Израиль мен Босния және Герцеговина командаларының соншалықты қаржылық әлеуетке ие емес екенін байқаймыз.

Белгілі футбол комментаторы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, клубтарды мемлекет есебінен қаржыландыру тоқтамауы керек. Тек келер жылдан бастап 50 пайызға бір-ақ қысқартқан жөн. Сарапшының сөзінше, ақша туралы айта бастағанда ескеру қажет көптеген ашық һәм астыртын факторлар бар.

«Шымкент бай өңір болғандықтан олар 6-7 млрд теңге қарастыра алады. Бірақ сол қаржыны 3-4 млрд-қа қысқартып тастаса да әлгі команда тура осы ойынын көрсете алады. Жастарын да қазіргідей тәрбиелей алады және тура қазіргі алып жүрген деңгейдегі легионерлерді де алады. Сонда қалған қаншама ақша қайда кетіп жатыр? Жыл сайын футболға бюджеттен бөлінген ақшаның 30-50 пайызы жемқорлықпен, клубтар ұшақпен ұшқан соң логистикаға көп ақша кетеді. Қазақстан Еуропадан шалғай жатқан соң легионерлер қымбат сұрайды. Біздікілер оған келіседі. Трансфердің ортасында да ақша желінеді. Шынын айту керек, футболшы шақыру, бапкер шақыру, агенттік қызметтер бойынша коррупция қатты белең алған. Ал неге жемқорлық белең алған? Себебі, үкіметтің тегін беріп жатқан ақшасы. Оны ешкім бақыламайды. Бақылауға тиісті адамдардың өзі жемқорлыққа батқан», - дейді сарапшы.

Комментатордың айтуынша, біздің клубтарға ақша бөлінбесе немесе азғантай бөлінетін болса олар өз күндерін өздері көруге тырысады. Сол кезде сапа да пайда болмақ.

«Біздегі клубтардың 80 пайызында маркетинг деген бөлім жоқ. Ірі клубтар ақшасы азайған соң жейделерді, клуб атрибутикаларын сату, жергілікті компаниялардан демеуші іздеу сияқты жұмыстармен айналыса бастайды. Үкімет беретін ақшаны сөйтіп-ақ табуға болады. Бірақ ешкім оны істемейді. Футболды мемлекеттен қаржыландыру тоқтаса онда Қазақстандағы футбол да тоқтайды. Өйткені өз күнін өзі көріп, қаржы тауып жүрген ешқандай футбол клубы жоқ. Сондықтан бұл жердегі шешім – бөлінетін қаржыны азайту және оның қалай жұмсалып жатқанын қадағалау», - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, шетелде футбол бизнес деңгейіне көтерілген. Менеджмент, маркетинг, стадион, телевидение – осы төрт құрылым шетелдік футболдың төрт аяғын тең бастырып тұр

«Бір олигарх келіп «Қызылжар» футбол клубын неге сатып алмайды? Өйткені, стадионы жоқ. Жас балаларды дайындайтын орталығы нашар, стадионы қаңырап тұр, қыс келсе Петропавлда жасыл алаңда футбол ойнауға ешқандай жағдай қарастырылмаған. Минус 52 градус. Ол үшін әлгі олигарх Қайрат Боранбаев сияқты бәрін нөлден бастауы керек. Келесі жылдан бастап бөлінетін қаржыны 50 пайызға азайту керек деген ұсыныс жолдаймын. Сонда бәлкім ел футболындағы сең қозғалар. Бәлкім, біраз өңіржеп тойған шығар. Ойланатын шығар. Жастарды шығарып, легионерлерді азайтайық. Сол ақша біздің балаларға төленсін», -деп қосты спорт комментаторы.

Комментатор стадиондардың барлығын футбол клубтарының балансына өту керек дейді. Клубтар сонда ғана стадионнан да қосымша қаржы таба алмақ.

Ал Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің өкілі, спорт журналисі Ербол Қайыров қазіргі жағдайда клубтар барлық шығындарға арналған қаражатты бірден таба алмайды, сондықтан мемлекеттік ақшаны біртіндеп азайту жөн деген ұстанымда.

«Менің ойымша, әр жыл сайын клубтардың бюджетін 10-15 пайызға қысқарту керек. Егер бәрін бірден қиып тастаса мықты ойыншыларымыз шетелге кетіп, чемпионатымыздың деңгейі түседі. Клубтарымыз еурокубоктық додалардың топтық кезеңіне шықпайды, мықты легионерлер Қазақстаннан кетеді. Сөйтіп, ішкі біріншіліктің деңгейі әуесқойларға жақын болады. Жанкүйерлердің қызығушылығы да төмендейді. Қайрат Боранбаев пен Берік Қаниевті көбі біледі. Оларға қарап, басқа меценаттар да өз қаражаттарын футболға құя бастайды», - дейді Ербол Қайыров.

Қайыров легионерлердің келуі – отандық футболды дамытатын бірден бір фактор деп санайды.

«Легионерлерсіз жас ойыншыларымыз жаңа тәжірибе ала алмайды. Мысалы, Зайнутдинов, Вороговский, Исламхан мен Кеңесовтер шетелдік ойыншылармен бірге өнер көрсетіп, жаңа деңгейде ойнай бастады. Қаражатсыз Томасовтар мен Рукавиналар Қазақстанға келмейтіні анық еді», - дейді журналист.

Биыл еурокубоктық додаларда «Астана», «Қайрат», «Қайсар» клубтары бақ сынайды («Ордабасы» жарыс жолынан шығып қалды). Үшеуі де Еуропа лигасында өнер көрсетеді.

Ал Қазақстан премьер-лигасы пандемияға байланысты Алматы қаласында өтіп жатыр.

 Абай Аймағамбет


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×