Қазақстан футболын үлкен өзгеріс күтіп тұр. 2013 жылдан бастап елімізде аяқдоп маусымы Еуропаның көптеген елдеріндегідей «күз-көктем» жүйесіне өтетін болады. Бұл шешім Астанада ҚФФ атқару комитетінің отырысында қабылданды.
Бұл мәжіліс бұрынғыдан өзгерек Алдымен айта кетейік, Астананың «Көрме» орталығында Қазақстан футбол федерациясының кезекті мәслихаты өтіп, оған ҚФФ атқару комитетінің мүшелері, премьер-лига және бірінші лига клубтарының өкілдері қатысты. Соңғы рет мұндай жиын 2011 жылы 11 наурызда өткен болатын. Міне, осы жолы содан бергі атқарылған істерге есеп беріліп, алдағы мәселелер талқыланды. Сонымен қатар ҚФФ атқару комитетінің мүшелері 15 адамнан 17-ге дейін көбейді. «Қайрат», «Жетісу», «Локомотив», «Восток» сынды клубтарда жауапты қызметтерді атқарған Асқат Ақылбеков пен ел футболында жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған Талғат Құрманғалиев өз еріктерімен атқару комитетінің мүшелігінен шығыпты. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев және ҚФФ өкілдері Саян Хамитжанов, Қаныш Әубәкіров және Олжас Абраев керісінше атқару комитетінің мүшелігіне енді. Сондай-ақ Саян Жақсыгелдіұлы бұдан былай ҚФФ бас хатшылығы қызметімен қатар, ҚФФ-тың бірінші вице-президенті лауазымын да атқаратын болады. Сонымен, Қазақстан футбол федерациясының мәслихатынан кейін атқару комитетінің де алқалы жиыны өтіп, мұнда одан да маңызды мәселелер жөнінде шешімдер қабылданды. Нақтырақ айтсақ, клубтардың спорттық директорлары мәселелері де кеңінен талқыға салынып, «2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әр клубтың өз спорттық директоры болуы керек және оның кәсіби футболдағы тәжірибесі бес жылдан кем болмауы тиіс» деген шешім қабылданды. Бұл мәселенің түп-төркіні ҚФФ-тың «Балалар және жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған 2012-2022 арнайы концепциясына» байланысты туған шешім екені түсінікті. «Күз-көктем» жүйесіне дайынбыз ба? Атқару комитетінің жаңа құрамының қабылдаған ең маңызды шешімі – Қазақстан футболының «күз-көктем» жүйесіне өтуі болды. Сонымен, 2013 жылдан бастап Қазақстан футболы Еуропаның көптеген біріншіліктеріндегідей, «күз-көктем» жүйесіне өтеді. Дегенмен жаңа жүйенің бірінші маусымы 2013 жылдың көктемінде басталып, 2014 жылдың көктемінде аяқталады. Яғни келесі жылы ел біріншілігі бір жылға созылады. Бұл кезде чемпионат үш айналымнан тұрады. Ал одан кейінгі жылдардан бастап, ел біріншілігі тамыз айында басталады да, келесі жылдың көктеміне дейін жалғасады. «Бұл жүйе, біріншіден, Қазақстан біріншілігін Еуропа футбол аренасындағы трансферлік нарықпен теңестіре алады. Сондай-ақ біріншіліктегі үзіліс пен клубтардың маусымаралық оқу-жаттығу жиындары да еуропалық клубтардың уақыттарымен түйіседі. Ал жаз мезгіліндегі ұзақ үзіліс ұлттық құраманың алдағы ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізуіне мүмкіндік береді», — деп түсіндірілген Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында. Алайда атқару комитетінің мүшелері 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әр клубқа кем дегенде 3 мың көрермен сыятындай жабық манеж салуға міндеттейтіндей шешім шығарды. Бұл манеж қыстың қаһарлы күндерінде де біріншіліктің үзіліп қалмауы үшін қажет. Иә, келісерсіздер, өте маңызды шешім. Бұл қадамға ел футболының басшылығы мың ойланып, жүз толғанып барғаны айтпаса да түсінікті. Дегенмен бұл жүйе Қазақстан футболына, климатына төтеп бере ала ма? Әлбетте, әркім әртүрлі пікір айтады. Даттаушылар да бар, жақтаушылар да аз емес. «Біздің клубтарымыз бұл жүйеге дайын емес. Қыстың қақаған аязында доп тепкен футболшыларымыз жасыл алаңнан гөрі емханаларды жиі жағалайтын болады. Ал бір жарым жылдың ішінде клубтарымыз жабық манеждерді салып бітіре алмайды», – дейді даттаушылар. Орынды сын. Дегенмен егер клубтар мойындарына артылған міндетті абыроймен атқарып шығып, келесі жылдың қазан айына дейін жабық манеждерді тұрғызып үлгерсе, онда бұл шешімнің пайдалылығына күмән болмас. Тек уақыт желкеден алғанда сол манеждердің сапасын естен шығарып алмасақ болғаны. Әйтпесе маусым соңында әр клуб сапында доп тебуге жарайтын төрт-бес-ақ футболшының ғана қалуы ғажап емес. Жалпы, бүгінде УЕФА құрамына 53 ұлттық футбол қауымдастығы мүше болса, бүгінде Қазақстаннан бөлек, соның 10-ы ғана ішкі біріншілігін «көктем-күз» жүйесінде өткізеді екен. Атап айтсақ, Ирландия, Исландия, Финляндия, Фарер аралдары, Швеция, Латвия, Литва, Эстония, Норвегия және Белоруссия елдерінің футбол федерациялары ғана осы жүйені ұстанады. Дегенмен белорустар да келесі жылдан бастап «күз-көктем» жүйесіне өтпек. Армения футболы биылдан бастап осы жүйеге түбегейлі көшіп отыр. Яғни жақын болашақта Еуропаның барлық елі «күз-көктем» жүйесінде доп тебуі ғажап емес. Ал өзімізге қайта келер болсақ, шыны керек, егер манеждер мәселесі дер кезінде шешімін тапса, бұл біз үшін оң қадам болары сөзсіз. Сонда біздің клубтар жазғы маусымаралық үзіліс кезінде Еуропаның мықты клубтарымен жолдастық кездесулер өткізуге мүмкіндік алып, «Кәртамыс құрлықтан» тәжірибелі ойыншыларды шақыртуға қол жеткізер еді. Сондай-ақ еурододаға қатысатын клубтарымыз маусым соңында құрамын ыдыратып алмай, Чемпиондар лигасы немесе Еуропа лигасы турнирлерінде сәттірек өнер көрсетер еді.Р.S. Алда «Алаш айнасы» газеті бұл мәселеге тағы да тоқталып, мамандардың пікірлерін ортаға салатын болады.Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Біздің серіктес: FONBET