Қазақстан футболы «Қара кітапқа» енді

12.07.2012, 07:33
Қазақстан футболы «Қара кітапқа» енді
Жыл басында халықаралық кәсіпқой футболшылар одағы (FIFPro) «Шығыс Еуропаның қара кітабы» атты жинақ шығарды. Қазақстан «Қара кітаптың» қара тізіміне еніп, футболы жемқорлық жайлаған ел ретінде екінші орында тұр. FIFPro Қазақстан футболындағы жемқорлықты анықтау үшін арнайы тәуелсіз зерттеу жүргізген. Бұл шараға қазақстандық 220 футболшы қатысып, сауалдарға жауап беріпті. Сауалнамаға қатысқан қазақстандық футболшылардың 33,3 пайызы келісілген ойындарға қатысқанын айтса, ойыншылардың 44,1 пайызы «Қазақстанда келісілген матчтар бар» деп жауап берген. Ал футболшы-респонденттердің 83 пайызы «жалақымызды уақытында ала алмаймыз» деген. Ойыншылардың 24,1 пайызы «Қазақстан футболында кемсітушілік, расизм бар» деп жауап беріпті. Бұл рейтинг жайлы Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) вице-президенті Сейілда Байшақовтан сұрағанымызда, басшы «бұл зерттеуден хабарым жоқ» деп жауап берді. ЖАЗАЛАУ МЕН МАРАПАТТАУ ҚФФ-да жұмыс істейтін менеджерлердің бірі (есімін жариялаудан бас тартты) футболға байланысты күмәнді оқиғалар бар екенін айтты.ъ – 2008 жылы «келісілген ойын өткізді» деген айыппен қарағандылық «Шахтер» және өскемендік «Восток» командасы Қазақстан чемпионатынан аластатылды. Ал «келісілген матчқа себепкер болды» деген айыппен «Шахтер» командасының спорттық директоры Владимир Нидергаусты бес жылға футболдан қуып, қызметтен шектеген еді. Бұл шешімді ҚФФ тәртіп комитеті шығарған. Алайда бес жыл өтпей жатып, биыл маусымда Нидергаус ҚФФ ұлттық құрама департаментінің директоры болып сайланды. Тіпті осы жылы ҚФФ Нидергаусты футболды дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапаттады. Сонда 2008 жылы шыққан шешімнің күші қайда қалды? – деді менеджер. ТӨРЕШІЛЕРДІҢ ДАУЫ Футбол сарапшысы, Sportinfo.kz порталының бас редакторы Гений Төлегеновтің айтуынша, «жанкүйерлердің көбі Қазақстан футболында жемқорлықтың барын біледі». – Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде бұл туралы талай мәрте жазылды. Қазақстан футболындағы жемқорлыққа шетелдік мамандар таңғалады. Оған дәлел – 2011 жылы «Астана» командасын жаттықтыруға келген неміс бапкері Холгер Фах Қазақстан футболындағы коррупцияға шыдамай, өз еркімен қызметінен кетті, – деді Гений Төлегенов. Сарапшының ойынша, «Қазақстандағы төрешілер де арнайы тапсырыспен, ақша табу үшін жұмыс жасайды». – Төрешілердің де «сатылғаны» жайлы көп деректер бар. Мәселен, биылғы Қазақстан чемпионатының бесінші турында «Жетісу» (Талдықорған) – «Тараз» ойынындағы бас төреші Сергей Паськоның шешімдеріне жанкүйерлер қарсы болып, ҚФФ-ға арыз жазған. Оныншы турда қарағандылық «Шахтер» мен оралдық «Ақжайық» арасындағы ойынға төрелік еткен Марат Искаковтың қызметіне қарсылық білдіріп, «Ақжайықтың» бапкерлер кеңесі федерацияға шағым түсірді. Жаттықтырушылар «төреші «Шахтерға» жақтасты» деген айып тағып отыр. 14-турда «Тобыл» мен «Ертіс» ойынынан кейін Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов төреші Павел Салийдің жұмысына наразылық білдіріп, ҚФФ-ға шағым түсірді, – деді Гений Төлегенов. Ал ҚФФ вице-президенті Сейілда Байшақовтың айтуынша, «бұл шағымдардың барлығы қаралып, жауаптылар жазаланды». – Қостанай облысы әкімінің шағымын ҚФФ басшылары қарап, ресми түрде кешірім сұрады. Біз федерация сайтында ресми түрде әкімнің хатына жауап бердік, – деді Сейілда Байшақов. «СЫРТТА ОТЫРЫП БАСҚАРУ» Ал спорт журналисі Рауан Оқас «Қазақстан футболын жемқорлықтан құтқару үшін құқық қорғау органдары мен қаржы полициясы кеңейтілген тексеріс жүргізгенін» қалайды. – Қазақстан футболы жайлы әлемдік федерациялар жаза бастады. Футболды жемқорлықтан арылтамыз десек, мемлекеттік бағдарлама жасаған жөн. Одан кейін, ҚФФ басшылығын ауыстырса. Футболды басқаратын басшы екі кеменің құйрығын ұстамай, тек футбол мәселесімен айналысқаны жөн, – дейді ол. Журналист «Қазақстан футболы он жылдан бері алыстан басқарылғанын», мысал ретінде «Рахат Әлиев елші кезінде федерацияны Австрияда отырып бақылағанын», «Әділбек Жақсыбеков Мәскеуде елші болып жүргенде Қазақстан футбол одағына басшылық еткенін, қазір қорғаныс министрлігі қызметімен қатар алып жүргенін» айтты. РУСЛАН МЕДЕЛБЕК
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×