«Қазақстан Республикасындағы балалар және жасөспірімдер футболының 2012-2022 жылдар аралығындағы дамуы концепциясы» деп аталатын бұл жобаның басы-қасында Анатолий Юревич жүрді. Сондай-ақ бас хатшы Саян Хамитжанов, ұлттық құраманың бас бапкері Мирослав Беранек, ҚФФ қос вице-президенті Сейілда Байшақов пен Виктор Катков және басқа да білікті мамандар концепцияның жұмысына атсалысқан.
Бұл концепцияның не құдіреті бар дейсіз ғой?! Саян Жақсыгелдіұлының айтуынша, аталмыш жоба Германиядағы балалар және жасөспірімдер футболының даму жүйесінің негізінде жасалған. Және де бұл жүйені бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр. Шынымен де, соңғы үш жылды алар болсақ, Германия құрамасы U-17, U-19, U-21 жас аралығында да Еуропа чемпионы атаныпты. Енді «бұл концепция қалай жұмыс істейді» деген сұраққа бас хатшының сөзімен жауап беріп көрсек. Саян Хамитжановтың айтуынша, 2013 жылдан бастап премьер-лиганың әр клубында мамандандырылған футбол орталықтары жұмыс істейтін болады. Ал биыл әзірге елімізде мұндай орталықтардың саны бесеу болмақ. Олар «Астана», «Тараз», «Шахтер», «Ақтөбе» және «Ертіс» футбол клубтарының аясында ашылады. Әр мамандандырылған футбол орталығын тікелей ҚФФ спорттық директорына бағынатын техникалық директорлар басқаруы керек. ҚФФ басшыларының шарты бойынша, техникалық директорлар жақын шетелдік жоғары білікті мамандар болуы тиіс. Сондай-ақ міндетті түрде орыс тілін білуі қажет. – Шетелдік білікті бапкерлердің Қазақстан футболының дамуына қосып жатқан үлестері зор. Бірақ, бір байқағанымыз, шеттен келген маман орыс тілін білген жағдайда ғана керемет нәтиже көрсете алады екен, – деп түйді бұл ойын ҚФФ бас хатшысы. Айта кетейік, бекітілген концепцияға сәйкес, аталмыш мамандандырылған футбол орталықтарында техникалық директорға бағынатын 10 жаттықтырушыдан жұмыс істейтін болады. Оларды шеттен шақырту шарт емес, жергілікті білікті мамандарды да тартуға болады. Және де жаттықтырушылардың жалақылары 1 мың АҚШ долларынан кем болмауы тиіс. Ал балаларды 10 жастан бастап жаттықтырады. – Ұлттық құрама жеңіліп қалса, жанкүйерлер бірден бас бапкерді жазғырып жатады. Клубтарымыз халықаралық аренада сәтсіздікке ұшыраса да, солай. Кінәлі – клуб немесе бас бапкер. Мәселенің мәніне барып жатқан ешкім жоқ. Негізі, кінәні бас бапкерден емес, ұлттық құрамадан да емес, ішкі біріншіліктен іздеу керек. Ал ішкі біріншілік жоғарғы деңгейде өтуі үшін балалар футболын дамыту керек. Осы орайда біз жасап отырған концепцияның маңызы зор. Негіз ретінде Германиядағы балалар футболының даму жүйесін алғанымыз да бекер емес. Саян мырза «Бундес команданың» жасөспірімдер құрамының соңғы кездегі жетістіктерін тізіп өтті: «Мен өз тарапымнан мына нәрсені айтайын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияда болғанмын. Ол кезде Германия өздерінің балалар футболының даму концепциясын енді ғана жасап жатқан. Содан байқағанмын, олар бұл жобаны іске асыру үшін Испания, Голландия, Италия және өз елінің білікті мамандарының басын қосқан болатын. Міне, нәтижесін көріп отырсыздар: Месут Өзіл, Томас Мюллер, Сами Хедира, Марио Гетце сынды саңлақтар – осы жобаның жемісі». Иә, өте орынды жоба. Тек басталған іс жарты жолдан тоқтап қалмаса болғаны. Бұған журналистер де алаңдайды. Басшылық ауысса, бұрынғы жобаның барлығының күлі көкке ұшатыны бұрыннан белгілі емес пе?! Бірақ бас хатшы бұл жобаны соңына дейін жеткізетінін, ал ҚФФ басшысы орындарынан кетпейтінін айтты.Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Біздің серіктес: FONBET