Қазақстан мен Әзірбайжанның қайсысы мықты?

09.06.2011, 16:49
Қазақстан мен Әзірбайжанның қайсысы мықты?
Осы аптаның ортасында Бакуда Әзірбайжан құрамасы Германия футболшыларын қабылдап, 1:3 есебімен ұтылып қалды. Бұл матч футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы кездесу болатын. Голдарды немістер сапынан 30-минутта – Езил, 41-минутта – Гомес, ойынның негізгі уақытына қосылған үшінші минутта (сонда 93-минутта) Шюррле соқса, Әзірбайжан құрамасының ойыншысы М.Гусейнов 89-минутта есепті қысқартқан екен. Айтпағымыз, екеуі де – «А» іріктеу тобындағы Қазақстан құрамасының қарсыластары. Осы ойыннан төрт күн бұрын ғана Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада Әзірбайжан футболшыларын 2:1 есебімен жеңген болатын. Сол матчтың қарсаңында журналистер «Қазақстан мен Әзірбайжанның қайсысы мықты» деген сұрақты аталмыш екі құраманың да бас бапкерлеріне қойды. Әрі жай ғана сұрап қоймай: – Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Лёв «Қазақстан құрамасы Әзірбайжаннан мықты» деді, сіз бұған не дейсіз? – деп әуелі Берти Фогтсқа, одан соң Мирослав Беранекке жүгіндік. Әрине, бұл сауал әзірбайжандардың қытығына тиді. Бірақ Берти Фогтс: «Мұның нақты жауабын осы екі құрама арасындағы екі матчтан кейін ғана білетін боламыз», — деп сабырлылық танытты. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранектің де жауабы осы мәтіндес болды. Сонымен, қарт Каспийдің екі қабағына қоныс тепкен қос мемлекеттің ұлттық құрамалары арасындағы бірінші ойында біздің футболшылар басым түсті. Енді екіншісі 6 қыркүйек күні Бакуда өтпек. Нақты жауабын сонда білеміз. Ал Йоахим Лёвтың сөздерінің тұзы тати ма, осы? Біз немістерден үйде – 0:3 есебімен, ал түзде 0:4 есебімен ойсырай ұтылдық. Екі матчтың қорытындысы бойынша 0:7 есебімен есе жіберіппіз. Ал әзірбайжандар неміс жерінде 1:6 есебімен күйрей ұтылып, өз алаңда­рында 1:3 есебімен жеңілді. Қос ойынның қорытындысы – 2:9. Сонда екі команданың да көрсеткіші «–7» болып тұр. Десек те, Германия құрамасындай азуын айға білеген қарымды команданы жаттықтырып жүрген білікті неміс маманы қателескен жоқ деп ойлаймыз. Енді тек 6 қыркүйек күні ұтылып қалмай, құрығанда бір ұпай олжаласақ деген дәмеміз бар. Қазақстан құрамасының «Еуро - 2012» електік додасындағы қалған ойындары: 2 қыркүйек: Түркия – Қазақстан 6 қыркүйек: Әзірбайжан – Қазақстан 7 қазан: Бельгия – Қазақстан 11 қазан: Қазақстан – Бельгия
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×