Ел біріншілігі өз бастауын алғалы екі айға жуық уақыт өтті. Қысқы оқу-жаттығу жиынадары кезінде отандық футбол ұжымдарының сапын бірнеше легионер ойыншылар толықтырды. Осы уақыт ішінде командаларымыздың сапындағы жаңа шетелдік ойыншылардың өнерімен танысып үлгердік. Кейбірінің ойыны көңілден шығып жатса, енді біреулерінің жолы болмауда. Осы мақалаға арқау болған тақырып қазақстандық командалардың сапынадағы шетелдік ойыншылар.
Сәуірдің үші күні трансферлік терезе жабылып, ойыншыларды тіркеу аяқталған болатын. «Ақтөбе», «Астана», «Ақжайық», «Атырау», «Ертіс», «Қайрат», «Тараз» және «Шахтер» командалары біріншілік ережесіне сай өз қатарларына 8 шетелдік ойыншыны қосты. Ал «Қайсар», «Оқжетпес», «Тобыл» командалары 7 ойыншымен шектелген. Бұл ұжымдар жазғы трансферлік терезеде кем дегенде 1 легионер ойыншымен толығатыны анық. Шымкенттік «Ордабасы» осы маусым басында енгізілген жаңа ереже бойынша 2 шетелдік ойыншыны қосқаны үшін айыппұл төлеп, команда сапына 10 өзге елдің аяқдопшыларын алдыртты.
Осы орайда «біздің біріншілікте қай елдің аяқдопшылары бар?», «олар қанша?», «бұрын соңды ел біріншілігінде бірде-бір ойыншысы өнер көрсетпеген елдердің өкілдері бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Қазір ел біріншілігінде отандық ойыншыларды есептемегенде әлемнің өзге 41 елінің 95 футболшысы доп тебеді. Қазақстан біріншілігінде ең көп футболшысы бар ел – Сербия. Бұл елдің 13 ойыншысы қазақстандық командаларда өнер көрсетеді. Атап айтар болсақ олар: Неманья Максимович (Астана), Предраг Говедарица (Ақжайық), Вукашин Томич пен Йован Джокич және Новица Максимович (үшеуі де Атырау), Стефан Живкович (Ертіс), Жарко Маркович (Қайрат), Саша Стаменкович (Оқжетпес), Зоран Рендулич пен Александр Симчевич (екеуі де Ордабасы), Джордже Деспотович (Тобыл), Милан Стоянович пен Марко Станоевич (екеуі де Шахтер). Бұл тізімге «Астана» қақпашысы Ненад Эричті де қосуға болатын еді, алайда Эрич осы маусымнан бастап Қазақстан азаматы ретінде өнер көрсетуде.
Екінші орында Украина ойыншылары тұр. Аталған мемлекеттің 9 ойыншысы Қазақстан Премьер-Лигасында ойнайды. Олар: Александр Воловик пен Александр Ермаченко (екеуі де Ақтөбе), Константин Дудченко (Ақжайық), Евгений Ткачук (Ертіс), Владимир Аржанов (Қайсар), Сергей Политыло (Оқжетпес), Максим Фещук (Тараз), Дмитрий Непогодов (Тобыл) және Кирилл Ковальчук (Ордабасы).
Үздік үштікті ресейлік ойыншылар қорытындылап тұр. Солтүстіктегі көршіміздің 7 футболшысы біздің біріншілікте доп тебеді. Олар: Андрей Аршавин (Қайрат), Данил Чертов пен Александр Козлов (Оқжетпес), Никита Бочаров (Ордабасы), Андрей Горбанец пен Евгений Шипицин және Руслан Мухаметшин (үшеуі де Тараз).
Төртінші орын бразилиялықтарға тиесілі. Латын Америкасы құрлығының 6 өкілі мұхит асып, қазақ жеріне табан тіреген. Олар: Жуниньо, Витор Жуниор, Кассиано және Иури Мамуте (төртеуі де Ақтөбе), Родриго Антонио (Ертіс) мен Исаэль Барбоза (Қайрат).
Бесінші және алтыншы орындарды грузиндер мен хорваттар өзара бөлісіп тұр. Ел біріншілігінде аталған мемлекеттерден 5 ойыншыдан бар. Грузиндер: Уча Лобжанидзе мен Владимир Двалишвили (Атырау), Лаша Двали (Ертіс), Гогита Гогуа және Отар Марцваладзе (екеуі де Ордабасы). Ал хорватиялықтардан Юре Обшивац пен Иван Родич (екеуі де Атырау), Иво Иличевич (Қайрат), Иван Граф (Қайсар) және Денис Главина (Тобыл).
Жетінші сатыда «піл сүйегі жағалауы елдерінен» келген ивуарлық қарамаржандар. Бұл африкалық мемлекеттің ел біріншілігінде 4 ойыншысы бар. Франк Джа Джедже мен Исмаэль Фофана (екеуі де Ертіс), Жерар Гоу (Қайрат) және Дидье Борис Кадио (Шахтер).
Сегізінші-тоғызыншы орындарды босниялықтар мен черногориялықтар бөлісуде. Қос елдің ойыншыларының ел біріншілігіндегі саны үш-үштен. Босниялықтар: Марин Аничич пен Срджан Граховац (екеуі де Астана) және Никола Василевич (Шахтер). Черногориялықтар: Йован Николич (Ақжайық), Стефан Николич (Қайсар), Неманья Миюшкевич (Тараз).
Он мен он жетінші орындарды Қазақстан Премьер-Лигасында 2 ойыншысы өнер көрсететін Сенегал, Аргентина, Беларусь, Өзбекстан, Франция, Нигерия, Словакия және Болгария мемлекеттері алып тұр. Енді осы аталған елдердің ойыншыларына тоқталып өтейік. Сенегал: Папа Гуйе (Ақтөбе) мен Абдулай Диакате (Ордабасы). Аргентина: Хуан Мануэль Торрес (Ақтөбе) мен Пабло Фонтанелло (Ордабасы). Беларусь: Игор Шитов пен Иван Маевский (екеуі де Астана). Өзбекстан: Шавкат Саломов (Атырау) пен Александр Гейнрих (Ордабасы). Франция: Серж Бандо (Ертіс) мен Абдель Ламанж (Қайсар). Нигерия: Майкл Одибе мен Изу Азука (екеуі де Ақжайық). Словакия: Штефан Зошак пен Юлиус Сзоке (екеуі де Шахтер). Болгария: Цветан Генков (Оқжетпес) пен Перслав Йорданов (Ордабасы).
Ал қалған он сегіз бен қырық бірінші орындарда біздің біріншілікте 1 ғана өкілі бар елдер тұрақтады. Олар: Чили: Матиас Рубио (Ақжайық), Испания: Сезар Арсо (Қайрат), Португалия: Карлуш Фонсека (Ертіс), Парагвай: Фредди Коронелл (Ақжайық), Конго ДР: Джуниор Кабананга (Астана), Камерун: Джозеф Нэйн (Оқжетпес), Словения: Лукас Хорват (Оқжетпес), Гана: Патрик Твумаси (Астана), Колумбия: Джоан Аренас (Ақжайық), Тәжікстан: Давронжан Эргашев (Тараз), Орталық Африка Республикасы: Фернандер Кассай (Тобыл), Македония: Душан Савич (Тобыл), Литва: Артурас Жулпа (Тобыл), Австрия: Томаш Шимкович (Тобыл). Сондай-ақ осыған дейін бірде-бір футболшысы Қазақстан Премьер-Лигасында ойнамаған елдер де бар. Олар: Норвегия: Чума Анене (Қайрат), Венгрия: Акош Элек (Қайрат), Албания: Аздрен Ллуллаку (Астана), Мартиника: Матиас Курьор (Қайсар), Бурунди: Саиди Нтибазонкиза (Қайсар), Сьерра-Леоне: Джон Банколе Камара (Қайсар), Бельгия: Алессио Аллегриа (Шахтер), Англия: Короде Айегбуси (Шахтер), Гвинея: Мохаммед Диарра (Тараз) және Гаити: Жан-Эд Морис (Тараз).
Қазақстан Премьер-Лигасының 2017 жылғы маусымының алғашқы айналымында ел командаларының сапындағы шетелдік ойыншылар тізімі осындай болды.
Бимұрат ЕРХАНҰЛЫ