ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫН ӨТКІЗУ ОҢАЙ МА, ӘЛДЕ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСУ ОҢАЙ МА?

08.12.2011, 00:37
 ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫН ӨТКІЗУ ОҢАЙ МА, ӘЛДЕ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСУ ОҢАЙ МА?
Жандос БАЙДІЛДА Алдыңызға көлденеңнен осындай альтернативті сұрақ келсе, қалай жауап бересіз? «Екеуінің де ауылы алыс емес пе, не деп тұрсың?» деп, жағадан алуыңыз да мүмкін. «Көш жүре түзелер, қазақ футболы да алысқа қарайтын күн туар» деп жылы жауып қоюыңыз да ықтимал. Біз осы сұраққа мейлінше дұрыс жауап беруді қолға алдық. Расында біз үшін қайсысы оңай? Әлем чемпионатына қатысып жүрген елдердің барлығы Мундиальды (футболдан әлем чемпионаты) өткізген жоқ. Сондықтан, Қазақстан үшін оның жолында ешкіммен жағаласатын жай жоқ. Аладоп аламаны осы уақытқа дейін 19 мәрте өткізілсе, соның бірі – Африка елінде (2010 жыл, ОАР), бірі Азияда (2002 жыл, Жапония, Оңтүстік Корея) болды. Қалғаны қос бірдей Америка құрлығы мен Еуропаның еншісінде. Сондықтан, бұл ретте тек футболымен ғана көш бастаған елдерден бұрын, экономикалық қуаты жоғары елдер ғана тайталасады. Бізде соның әзірге екіншісі ғана бар. 2017 жылы Алматыда Қысқы универсиада, ал Астанада бүкіләлемдік ЭКСПО (бүкіләлемдік көрме) өтпек. Қысқы спорт түрлерінен ояна бастағанымыз Азиада арқылы баршаға мәлім. Ал ЭКСПО дегеніміз қаланы әлдебір футболдан халықаралық жарыс өткізу үшін таныстырылатын дүние. Осыған қарап, Астана қаласында өтетін әлемдік көрме тек Ақ Олимпиаданың ғана азаншысы болмай, аладоп аламанының ордасына айналарлықтай абырой әкелсе екен дейміз. Ендеше, Астана 2017 жылғы ЭКСПО-ны еншісіне жаздырсын деп тілейміз. Қазір Ресейде осы ЭКСПО үшін талас қарқыны күшейді. 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болуы да сондықтан. 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы қанша салмақ түсіретінін білсе де, Ресей ұланғайыр даласына жер-жаһанның жанкүйерлері кеп бақыласын деп отыр. Мәскеу мен Петербордың, Орынбор мен Самараның арасы айшылық жер болса да, ФИФА басшылығы Ресейге мүмкіндік берді. Әрине, Ресей жеткен жерге біз де жетеміз деуді айту әзірге ертерек. 2012 жылдың қызығы Украина мен Польшада өтетіні белгілі. Өткен ғасырдың басында сталиндік репрессияның азабын қазақтан да артық көрген Украина бізбен бірдей тәуелсіздігін алғанмен, бізден бұрын Еуропа чемпионатын өткізуге мүмкіндік алды. Әрине, оларда Алматыдағыдай трамплин кешені болмағанмен, футболдағы жетістігі таңнан кешке дейін мақтауға тұрады. Ішкі біріншілігі де Қазақстанмен салыстырғанда көш ілгері. Тіпті, Ресейден де жоғары десек, артық айтқандық емес. Өткен жылы УЕФА президенті Мишель Платини Украинаға сенімсіздік танытып, басқа елге міндеттейміз дегенде, Украина басшылығы жарты жылда олқылықты орнына келтіреміз деп, әзер дегенде мүмкіндігін сақтап қалды. Әзірге Киев, Харьков, Донецк, Львов қалалары Еуро-2012 додасына бар мүмкіндігінше әзірленіп жатыр. Қазақстан құрамасының қарт құрлықта доп теуіп жүргендігіне ұзақ уақыт болды. 2002 жылы Қазақстан Футбол федерациясының басшылары Азия футболының даму деңгейі өте төмен деген ұйғарыммен ресми түрде УЕФА-ға бет бұрғанын жақсы білеміз. Содан бері арада аттай тоғыз жыл өтіпті. Бірақ әзірге көрсеткен нәтижеміз де, соққан голдарымыз да мардымсыз. 2016 жылдан бастап Еуропа біріншілігінде бұрынғыдай 16 команда емес, 24 команда ойнауы мүмкін. Демек, іріктеу сынында топтан үшінші орын алған команданың да Еуропа біріншілігінде өнер көрсетуге мүмкіндігі бар деген сөз. Бізге бұл межені бағындыруға әбден болады. Бірақ біздегі футболдың дамуы тым баяу. Польша мен Украина Еуро-2012 турнирін өткізу мүмкіндігіне иелік ету арқылы іріктеу ойындарынан босатылды. Егер, Қазақстан да осындай мәртебелі жарысқа қатысуы үшін Еуропа чемпионатына ауыз салуы керек пе деген ойға қаламыз. Себебі, қазақ футболшыларының өрлеуіне қарағанда, мемлекетіміздің даму қарқыны әлдеқайда ілгерілек. Егер, Еуропа чемпионатын Ресеймен бірігіп өткізсек, барлығы да үйлесімді болатыны сөзсіз. Қазақстанда Алматы, Астана, Қарағанды секілді үш қала болашақта УЕФА-ның барлық талаптарына жауап бере алатын ахуалға иелік етуі мүмкін.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×