«Қазақстан-ZAMAN» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналыны ұйымдастырған

25.04.2011, 18:16
«Қазақстан-ZAMAN» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналыны ұйымдастырған

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын ұлықтаған аяқдоп мерекесі

«Қазақстан-Заман» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы шағын футболдан Дидар Төлеуіш атындағы турнирді  осымен тоғызыншы рет өткізді. Дәстүрлі турнир бұл жолы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып өткізіліп, мазмұны жағынан байып, маңызы арта түсті. Турнирге барлығы 15 команда қатысып, бес топта үш командадан бақ сынасты. Кіммен-кімнің ойнайтыны команда капитандарының қатысуымен өткізілген жеребе тарту рәсімінде анықталып, өз топтарында үздік шыққандар бірден ширек финалға өтсе, екінші орын алғандардың ішінен тағы да үш команда ұпай сандары мен доп айырмашылықтары бойынша іріктелді. Биыл екі-үш басылым өкілдерінен құралып, бір команда құрамында өнер көрсеткен ұжымдар болды. Турнир шымылдығын алғашқы болып «Ә» тобындағы «Алаш медиа групп» пен  «Алматы ақшамы» футбол командалары ашты. Екінші алаңда «Қаламгер» мен «Президент және халық» жұбы кездесті. Бірінші жұпта алаштықтар (5:1), екінші жұпта президенттіктер  (2:0) алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Осыдан кейін қос алаңда бірін-бірі алмастырған командалар арасындағы сайыстар одан әрі қызып, қаланың Орталық саябағындағы «Спартак» стадионы командаларды көтермелеген жанкүйерлердің айқай-шуынан теңселіп тұрды. Алғашқы ойындарда-ақ жеңістен негізгі үміткер командалардың қарасы байқалып қалды, олар — «Хабар», «Президент және халық», «Қазақ газеттері», «Көкжиек», «Алматы», т.б. Кездесулер қорытындысында ширек финалға топ жеңімпаздары — «Президент және «Хабар» телеарнасы, «Қазақ газеттері», «Алматы» телеарнасы», «Көкжиек» командасы. Тікелей өтсе, екінші орын алғандардан көрсеткіштері бойынша «Алматы ақшамы», «Қазақстан-Заман», «Түркі әлемі» командалары шықты. Газетте берілген хабарландыруда турнирге журналистика саласында еңбек етіп жүрген қаламгерлерден жасақталған командалар ғана қатысуы керектігі басты шарт етіп қойылса да, қайсыбір командалар сапында бірен-сараң болса да басқа ойыншылар ойнады. Кейбір басылымдардың жетіспеген ойыншыларды сырттан тартуы бұрыннан бері орын алып келе жатқандықтан, мерекелік көңіл-күйді бұзбас үшін, ұйымдастырушыларға ондай олқылықтарға «көз жұма» қарауға тура келгені рас. Бірақ,  дәл осы жерде кейбір команда капитандары реніш білдіріп, ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына өкпе-наздарын айтты. Мәселен, бұрындары турнирге құрамын басқа ойыншылармен толықтырып қатысып келген «СТВ» (бұрынғы «Рахат» телеарнасы) командасының капитаны Ақын Ордабаев өзінің таза журналистерден жасақталған командамен келіп, топтық додадан әрі шыға алмай қалғандығына реніш білдірді. Жартылай финалдық кездесу алдында турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Ол Әнұранның орындалуымен басталып, одан әрі газеттің бас директоры Ахмет Аляздың, бас редактор Ертай Айғалиұлының, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалиннің сөз сөйлеп, футболшыларға сәттілік тілеген ақ тілектерімен жалғасты. Осыдан кейін жарыстың бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қонақбай Әбдуәли командаларды ойын тәртібімен, жарыстың өту барысымен таныстырды. Ширек финалда «Хабар» «Алаш медиа групп» командасын (1:0), «Қазақ газеттері» «Қазақстан-Заманды» (2:1), «Көкжиек» «Алматы» телеарнасын (2:2, пенальтиден 2:1), «Президент және халық» «Түркі әлемін» (4:0) жеңіп, жартылай финалға шықты. Жарыстың бұл кезеңі де аса тартысты өтті. Оған — бір-бірімен терезесі тең командалар арасындағы кездесудің тағдыры 6 метрлік айып добын соғу арқылы шешілгендігі дәлел. Дәл осылайша «Қазақ газеттері» «Хабарды» ұтса, «Көкжиек» «Президент және халықты» қапы қалдырды. Үшінші жүлделі орын үшін болған кездесуде «Хабар» «Президет және халықты» 2:1 есебімен сүріндіріп, жеңіске жетсе, ақтық финалда «Көкжиек» «Қазақ газеттері» командасынан басым түсті, есеп — 3:1. Жарыс аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар төрешілермен келісе отырып, осы турнирдің үздік ойыншылары мен командаларын анықтады. Нәтижесінде ең үздік қақпашы —— Хусейн Гюнгөр («Қазақстан-Заман»), ең үздік қорғаушы — Жасұлан Қасымберкебаев («Хабар), ең үздік жартылай қорғаушы — Бауыржан Өтемісов («Президент және халық»), ең үздік шабуылшы — Талғат Омаров («Қазақ газеттері»), ең үздік төреші — Қайрат Сейітов, ең үздік ойыншы — Шоқан Мақанов, ең жас команда — «Мөлдір бұлақ» деп танылды. Турнир жеңімпазы — «Көкжиек» командасы (капитаны — Ержан Балтабаев) Алматы қаласы әкімшілігінің дипломымен және теледидармен, екінші сатыға көтерілген «Жас қазақ» командасы «Қазақстан-Заман» газетінің дипломымен және үлкен музыка орталығымен, қола жүлдегер «Хабар» телеарнасы газет дипломымен және үлкен үй кинотеатрымен марапатталды. Ең үлгілі командаға арналған қалалық әкімшілік жүлдесі «Алматы» телеарнасы командасына, тағы бір ең үлгілі команда үшін тағайындалған газет жүлдесі «СТВ» телеарнасы командасына табыс етілді. Белгілі фотожурналист Рахымбай Ханалы атындағы «Ең үздік ұйымдастырушы редакторға» деп белгіленген арнайы жүлде Сраил Смайылға берілді. Ал, ең үздік бапкер деп Мұрат Қосаев («Түркі әлемі») танылды. Турнирді ұйымдастырушы «Қазақстан-Заман» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы осы жарысқа қолдау көрсетіп, шағын футбол бәсекесін өткізуге өзінің «Спартак» стадионын берген Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университет басшылары мен жарысқа демеушілік еткен «Sema» емханасы әкімшілігінің атына жүрекжарды алғысын білдіріп, оларға үлкен рақмет айтады!                                              Марат Тоқашбаев, «Президент және халық» газетінің Бас редакторы: — Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды»,— деген ұлағатты сөз бар. Дидар мен . «Қазақстан-Заманда» қызмет еткен кезде менің қол астымда жұмыс істеген болатын. Ол елгезек, ісіне ұсынақты, қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын, өз мамандығына өте берілген ұлтжанды азамат еді. Марқұм бүгін орнынан бір аунап түскен шығар. Оның жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы жолдас болып, жаны жәннаттан орын алсын. Елбасы халықтың денсаулығын нығайтып, елдегі бұқаралық спортты дамытуға барынша көңіл бөлу керек екенін екі сөзінің бірінде айтып, салауатты өмір салтын насихаттаудан бір талмай келеді. Мына өткізіліп жатқан футбол мерекесі президентіміздің сол шақыруына үн қосу арқылы осы игілікті шараны жүзеге асыру деп білемін. Ел тіршілігінің қат-қабат мәселелерін көтерумен  өмір тайқазанында қайнап, от пен өрттің ортасында жүретін қаламгерлер үшін бір сәт қаламын дем алдырып, әріптестерімен емен-жарқын бас қосып, арқа-жарқа  болып қалатын осындай бір спорт мерекесі керек-ақ. Мұндай жарыстар анда-санда емес, үнемі әрі жиі ұйымдастырылып тұрса, тіпті, құба-құп. Шынын айтсақ, осы сендер өткізіп жатқан шағын футбол турнирі мен белгілі спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов атындағы аяқдоп жарысынан басқа тілге тиек етер спорттық шараны атауға қиналып тұрмын. Өкінішке орай, соңғы турнирдің өзі биыл Оңтүстік Қазақстан облысында өтетін болыпты деп естідім. Оған Астана мен Алматыдан ат арытып бара қоятын командалар шыға қоймас-ау деп қынжыламын. Алдыңғы жылдары осы турнир Сейдағаң атындағы жарысқа дайындық ролін атқарып келсе, биыл сол үрдістен жаңылып қалғандаймыз. Қалай болғанда да, газет пен жорнал ұжымы ерледі. Мұндай турнирлерді жыл сайын өткізіп тұру — жүйкені тоздыратын шаруа. Сендерге сол үшін көздерің тірі тұрғанда «ескерткіш» орнату керек. Осы беттеріңнен таймай, қаламгерлерге спорт мерекесін сыйлай беріңдер. Тәңірі алдарыңнан жарылқап, жолдарыңды оңғарсын! Жұмабек Кенжалин, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры: — Бұл турнир — қаламгерлер үшін ғана емес, жалпы, жастар үшін тағлымы зор спорттық дода. Бұқаралық спорт түрлерін дамытып, салауатты өмір салтын орнықтыру әрбір саналы басшының алға қойған басты мақсаты болуы керек десек, сіздер осы деңгейден табылып отырсыздар. Аса қызықты әрі қатерлі мамандық — журналистика саласында жүрген қаламгерлерге жазудан басқа арқа-басын жеңілдетіп, денсаулығын шыңдап, жақсы демалу да қажет. Соның бір түрі — осындай шағын футбол турнирлері. Рас, оны өткізу өте қиын: әрі-бері шапқылауды былай қойғанда, қолы ашық демеушілер іздеп табудың өзі бір машақаты көп тірлік қой. Бізде бұқаралық спортқа қолдау көрсететін меценаттар аз. Соны көріп, біле отырып, қаржы тапшылығына қарамастан, осындай байрақты бәсеке өткізіп отырған сіздерге қалың жанкүйер қауым мен қаламгерлердің алғыстан басқа айтары жоқдеп ойлаймын. Осы дәстүрлі турнир мен Сейдахмет ағамыздың атындағы турнир бір жарым миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласы үшін аздық етеді. Келешекте мұндай спорттық жарыстардың саны артып, додалы бәсекелер көрігі қыза түседі деп сенемін. Лайым, бәрімізге сондай қуанышты сәттерді көруге жазсын деп тілейік. Кәдірбек Құныпияев, «АнАрыс» баспасының Бас редакторы: Неге екенін білмеймін, аталмыш турнир өткен күні әлдебір күш мені осы «Спартак» стадионына» жетелеп әкеледі, сенесіз бе? Көптен бері көрмеген қаламдас достармен кездесіп, тартысты өтіп жатқан аяқдопты тамашалап, арқа-жарқа болған қандай ғанибет! Сіздердің газеттеріңізде бір кездері тиіп-қашып мен де қызмет еткенмін, Дидарды сол кезден жақсы танимын. Мен осы турнирді соның атында өткізуге шешім қабылдаған газет басшыларына қатты разымын. Ол ақырғы демін үзгенше қолынан қаламы түспеген еңбекқор, өз атында жарыс өткізуге тұратындай азаматтұғын. Биылғы турнирді ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап өткізіп жатыр екенсіздер. Бұларыңыз дұрыс шешім болған. Ғасырлар бойы өз тәуелсіздігін көксеп өткен, тағдыр тауқыметінен көп таяқ жеген қазақ халқы үшін одан өткен құндылық, одан өткен асыл қазына болуы мүмкін емес. Сіздер сол баға жетпес ұлттық құныдылықты ұлықтап жатырсыздар, рақмет оларыңызға! Стадион да күрделі жқндеуден өтіп, иненің көзінен жаңа өткендей болып тұр екен. Алаң төріне төселген жасыл төсенішті қараңызшы, ғажап емес пе! Осындай түкті кілем үстінде ойнау ойыншыларға да «майдай» жағары кәміл. Жарысты ұйымдастыру оңай емес, әрине. Бірақ, байқап отырмын, бәрін ескеріпсіздер: дәрігерлер де бар, тамақтану жағын да жақсы ойластырыпсыздар. Стадионда команда ойыншылары мен солардың өкілдері ғана емес, көрермендер қарасы да көп екен. Тіпті, жаңа белгілі спорт журналисі Рабат Жәнібеков ағамыз бен бірнеше басылым редакторларын, басқа да қарт адамдарды байқап қалдым. Мереке, міне, осындай болуы тиіс!  Осындай думанды спорт мейрамын өткізуге мұрындық болып, көрермендер мен жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлағандарыңыз үшін сіздерге мың да бір алғысымды айтамын. Бәріміз жеңісті күндерде жолғасайық!  Ермек Сахариев 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
ТОРРЕС СОҚҚАН ГОЛ ҚАНДАЙ…
Келесі жаңалық
Бойы ұзындар шеруі
Aladop Youtube
×