ТОРРЕС СОҚҚАН ГОЛ ҚАНДАЙ…

25.04.2011, 03:12
ТОРРЕС СОҚҚАН ГОЛ ҚАНДАЙ…

Ол «испан ұлтының алтын ұлы», «барлығының сүйікті футболшысы» бола тұра, қаумалаған жанкүйерлердің «ашу-ызасына» ие болып, Карло Анчелоттидің бас қатырар «шимай-шатпағына» айналып үлгерген еді… Дегенмен, испандық үшін жасыл алаңдағы 15 сағатқа созылған «голсыз тыныштық» бұзылып, 3 айға жуық клуб сапындағы төгілген тердің есесі қайтарылды. Ағылшын чемпионатының 34-турында «Вест Хэмді» қабылдаған «ақсүйектер» 3-0 есебімен Авраам Грант шәкірттерін тас-талқан етіп жеңді. Кей-кезде қолындағы теңбіл допқа ие бола алмай, «сусытып» шығарып алатын қасиетімен кеңінен танымал Роберт Гриннің қақпасына ойынның 84 минутында «Эль-Ниньо» өзінің «Челси» сапындағы алғашқы голын тоғытты. «Тұманды альбиондағы ағылшындық дербиде» алаң қожайындарының үздіксіз шабуылдары және «Стэмфорд Бриджде» толассыз жауған жауын есте қаларлықтай құбылыс болды. Шабуыл жүзіндегі әріптесі Анелкадан керемет пас алған Торрес, қақпа алдына «аяғына қос конькиді» қондырған хоккейшідей, тайғанай барып кілт тоқтап, кері бұрыла тура қақпа бағанасының тұсына теңбіл допты әуелетті. Көптен күткен Гоооол!!!!!!!!!! Керемет фанатизмімен белгілі ағылшын жанкүйерлерінің қуанышында шек болмады. Келесі эпизод түгелдей дерлік «Челси» ойыншыларының өз голына қошемет қуалай жүгірген Торрестің үстіне қаумалай секіруімен жалғасты. Қатты разы болған «ақсүйектер» қуанғаны соншалық, алаңда сұлай жатқан испандықтың төбесінен, «көк тау бейнесіндегі» образды жасады. Бойындағы бар уайым-қайғыдан бір-ақ сәтте арылған Торрес ойын соңында, француз Флоран Малудаға әдемі пас асырып, есепті еселеуге көмектесті. Ендігі кезекте, Әлем және Еуропа чемпионының өз қарқынын одан әрмен үдете түсуі өз қолында. Қалай болғанда да, әріптестерінің және Карло Анчелоттидің сенімін ақтаған Фернандо «Челси» үшін бәріне дайын екендігін жасырмайды. Ырыс Аманкелді

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×