Астана. 26-қыркүйек. BAQ.KZ. Криштиану Қазақстанға бұрын да келген. Бірақ, одан кейін бұл футболшының атағы аспандап, дәрежесі тым жоғарылап кетті. Бүгінгі футбол өнерінің жарық жұлдызы десек те болар. Енді, сол футбол жұлдызы Қазақстанға тағы да келмек. Бұл туралы «Экспресс К» басылымы жазып отыр.
Криштиану Роналду Қазақстанға жалғыз келмейді. Оның жанында "Реалдың" қаймақтары Серхио рамос, Икер Касильяс, Хаби Алонсо және Карим Бензема бар. Тіпті, бас бапкер Жозе Моуринью да Қазақстанға келмек. Бұл ақпарды ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев "Экспресс К" басылымына берген сұхбатында айтқан. Сірә, Испанияның Қазақстандағы елшісі Мануэль Парадаға қолқа жасаған болуы керек.
"Бізде футбол ақсап тұрған спорт түрі. Сондықтан, қазақ жанкүйерлерінің футболға деген ынтызарын арттыру үшін осындай қадам жасадық. Бұл - Қазақстан үшін үлкен сый болғалы тұр", - дейді төраға.
"Артық айтып, семіз шығатын" төраға сөзіне ел Олимпиададан кейін үлкен сеніммен қарайтын болды. Бұл жолы да айтқан сөзінде тұрады деп ойлаймыз.