Қазыналы қарт еді...

24.02.2019, 01:16
Қазыналы қарт еді...
Бұл өзі бір қызық оқиға еді. Бір кісінің еңбегін іздеп жүріп, сол кісінің өзімен кездесіп қалу деген кез-келген ізденушіге олжа болар. Комментатор боламын деп талпынып жүрген шағымда қазақтың тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев деген кісі екенін білдім. Әрі ол кісі туралы там-тұмдап әр жерлерден оқып біліп алдым. Әйтеуір, осы салада бар бірлі-жарым адамдар жайлы білгенім жөн емес пе? Бір күні сол Қаратаевтың өзі мені іздеп келді. 2010 жылы Қазгудың филология факультетінің 4 курс студентімін. Биыл оқу бітіріп, диплом аламын ғой деп өзімді үлкен өмірге іштей дайындап жүргем. Біртіндеп журналистикаға араласып, спорт тақырыбына енді бас сала бастаған тұсым. Тимириязев көшесіндегі Спорт колледжінің үшінші қабатындағы «Спорт Айдыны» газетінің журналисімін. Түске дейін осында отырып, түстен кейін Ұлттық кітапханаға барамын. Ұстаз Бақытжан Майтанов әдебиет теориясы кафедрасының атынан диплом ұсынып, сол тақырыпты аша алмай, алуан ақпаратқа аяғым сүрініп, шылауына шырмалып жүрмін. Тақырып – «Мұхтар Мағауин әңгімелеріндегі дәстүр мен жаңашылдық». Сол кезде құрдастар «ауыр тақырыпқа ұрыныпсың», деп маған аянышпен қарайтын. 45-ке жуық әңгімелерін оқып, Мағауин шығармашылығының шет-жағасын біліп қалдым. Бірақ әлгі дәстүр мен жаңашылдық дегеннің өзі қандай болады, оған қазақ тілінде анықтама жазған адам бар ма? Біршама іздеп жүріп бір еңбек таптым. Мұхамеджан Қаратаевтың әдебиет жайлы жазған теориялық кітабының алғашқы тарауы дәл осы дәстүр мен жаңашылдыққа арналыпты. Қуанғаннан Қаратаевтың сырты қара кітабын ешкімге көрсетпей тығып оқып жүремін. Жатақханада кітап ұрлау деген қылмысқа жатпайтынын жақсы білемін. Түске таман «Спорт» газетіндегі жұмыстан шығып, жолдың арғы бетіндегі Қазгудегі сабаққа бармақ болып енді орнымнан тұра бергенімде кең кабинеттің аласа есігінен еңкейіңкіреп бір ақсақал кіріп келді. - Бұрын мында жұмыс қайнап жатушы еді, қазір адам қалмаған ба? - Ақсақал, кімді іздедіңіз, мұнда мен бармын, - деп алдынан сәлемімді бере шықтым. - Осы газетте бұрқыратып мақала жазып жүрген Мәулен деген сен бе? - Иә, менмін Мәулен! – атымның Ермұхамед екенін түсіндіріп те жатпадым. - Сұлтанғали Қаратаев деген қазақтың тұңғыш спорт комментаторымын мен, танымайтын шығарсың. Осы газетке мақала беріп тұратын әдетім бар. Сенімен сөйлесетін шаруам бар, деп ұзынша сопақ диванға жайғаса кетті. Күні кеше ғана Қаратаевтың кітабын зорға тауып едім, енді міне тағы бір іздеген Қаратаевым өз аяғымен келді-ау! Спорт журналистикасының, комментаторлықтың қыр-сырын сұрастырып, әңгіме дүкен құрып отыра бердік. Сабақ жайында қалды. Сұлтанғали Қаратаевпен таныстығым осыдан басталып, күніге 3-4 сағат уақытым осы кісімен сырласуға арналатын. Қазыналы қарт іште жиналып қалғанын ақтарып біте алмайды. Әр тақырыпқа бір ойысып, кейде жүйесіз әңгімелесеміз. Кейде үнсіз бет-әлпетіне көз жүгірте «комментатор адам деген сөйлемесе тұра алмайды екен-ау» деймін ішімнен. Мағауиннің шығармашылығы бойынша диплом қорғап, Қаратаевтың кітабын тапқанымды айтып едім, тағы бір қызықтың шетін шығарды. «Мен Мағауин Мұхтармен жатақханада бір бөлмеде тұрдым. Бұл оқуға түскен алғашқы жылымыз еді. Мұхтар мол білімді, әрі өте сабырлы, көп сөйлемейтін, мінезі ауырлау болатын. Біз көп қыдырып, қыз-қырқынға қырғидай тиіп жүргенімізде ол ондайға көп ілеспейтін. Бөлмемізге Кекілбаев Әбіш келіп тұратын. Ол сол КазГудің филфагына түскен кездің өзінде «жұлдыз» еді. Мен оны 11-сынып оқитын шағымда танитынмын. Әбіш «Лениншіл жасқа» әдебиетті сынап көлемді мақала жазды. Тура сол бетте, Әбіштің мақаласының астында менің Әбдісалан Нұрмаханов жайлы жазған тілдей ғана жазбам шықты. Кекілбаев деген жас бала шығыпты, қаршадайынан әдеби мақалалар жазады деп таңданысып жүретінбіз. Сол Әбіш пен біздің бөлмелес Мұхтар екеуі дос болды. Кейіннен екеуі бір-бірінің әңгімелерін сынап мақала жазып, қырғи-қабақ та болды. Кейіннен уағдаласып, қайта татуласты. Сонда екеуі тура менің көзімше қол алмасты. Енді бір-бірімізді шығармашылық турасында сынға алмаймыз деп». Сұлтанғали Қаратаевтың осындай әңгімелерін тыңдай отырып, жазып отырған дипломымның кейіпкері көз алдымда сұлбалана түседі. Бұл қария маған таптырмас қазына болды. Комментаторлық туралы сұрасам оны айтады, әдебиетті сұрасам одан да таптырмас хиқаия баяндайды. Қазір мен қолданып жүрген спорт терминдерінің біршамасын қазақшаға аударып, тәржімалаған да осы кісі. Спорт командаларымыздың біразына әнұран жазып, сазгерлігімен де танылған. Білікті аудармашы ғана емес, спортты қазақы баламалармен де сөйлеткен алғашқы адамның бірі Сұлтанғали атамыз еді. Орыс тілінің ықпалынан эфирде небәрі 5 минут қана сөйлеген комментатордың ащы запыранын түсіндік. Қазір, құдайға шүкір бұл заң теріс айналып, қазақшасы 80 мирнут, орысшасы 10 минуттық эфирлерде қызмет етіп жүрміз. Сұлтанғали Қаратаевтар салған ізді жалғап жүргенімізді мақтан тұтамыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Комментатор

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×