ҚКФЛ басшысы «Шахтердың» негізгі стадионының дайындығын тексерді 

14.06.2021, 00:41
Қарағандылық клуб жақын арада шегерілген үш ұпайын қайтарып алады.
ҚКФЛ басшысы «Шахтердың» негізгі стадионының дайындығын тексерді 

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жетекшісі Олжас Абраев жұмыс сапарымен Қарағанды қаласындағы «Шахтер» стадионында болды. 

«Шахтер» футбол клубының негізгі аренасында жаңарту және төсенішті ауыстыру жұмыстары жүргізілді. «Шахтер» стадионының футболдан OLIMPBET-Қазақстан Чемпионатының ойындарын қабылдауға дайын болмауына байланысты Қазақстан футбол федерациясының сертификаттау комиссиясы «Шахтер» футбол клубынан 3 ұпай шегерген болатын. Команда жаттығулар мен ойындарын көрші Нұр-Сұлтанда өткізді. 

Жаңарту жұмыстары басталғанға дейін облыс әкімінің қолдауымен «Шахтер» футбол клубының басшылығы тарапынан үлкен жұмыс жүргізілгенін айта кету керек. Жалпы «Шахтер» стадионында төсеніш алмастыру жұмыстары Қарағанды қаласында қолайлы ауа-райы тұрақтағаннан кейін басталды. Аренада болған табиғи төсеніштің орнына Италиядан келген жасанды газон төселді. Сонымен қатар, дренаж жүйесі ауыстырылды, барлық талаптарға сәйкес жылыту және автоматты суару жүйесі орнатылды. 

- «Шахтер» футбол клубының негізгі стадионында көптен күткен жаңарту жұмыстары жүргізілді. Аренада төсеніш ауыстырылды, осы айдың басында итальяндық төсеніш ҚФФ лицензиясы бар зертхананың тексерісінен өтті. Жаңа төсеніш ҚКФЛ аясында өтетін барлық ойындарды өткізу талаптарына сәйкес келетінін айта кету жөн. Сондай-ақ аренада ресми ойындарды өткізу жағдайларын жақсартуға және жанкүйерлерге қолайлы жағдайда футбол қарауға мүмкіндік беретін жұмыстар аяқталды. Еуропа турнирлерінің іріктеу кезеңінің басталуына дейін, яғни 20 маусымда ФИФА сертификатын алу үшін стадион алаңында тағы бір арнайы инспекция өтеді. Алдағы уақытта Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы «Шахтер» футбол клубына ұпайларды қайтаруға ҚФФ өтініш жолдайды, - деді ҚКФЛ басшысы Олжас Абраев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×