Қожанасыр қазылар

10.08.2011, 18:59
Қожанасыр қазылар
Футбол - тосын оқиғаларымен, бірегей деректерімен қызық. Қойнауы қатпарлы сырға толы өнерді зерттеу, оның тереңіне бойлау бір ғанибет. Футбол тарихының беттерін ақтарып, адам қиялының сан қырлы шексіздігіне, таңғаласың. Сол сияқты, адамзат баласының мүмкіндік-әлеуетіне таңдай қағып, көз алдыңдағы деректің шын екеніне сенер-сенбесіңді білмей дал боласың. Ендеше, футбол жылнамасында тіркелген оқиғалардың біразына назар аударайық. Қожанасыр қазылар Футбол тарихында өз-өздеріне «қызыл қағаз» көрсетіп, алаңнан кетіп қалған екі төреші бар. Олардың екеуі де ағылшын - Энди Уэйн және Мельвин Сильвестр. Алғашқысы бірде Англия біріншілігінің төменгі дивизионындағы кездесуге төрелік етеді. Ойын барысында қарсылас жақтың бірі гол соғады. Алайда доп жіберіп алған қақпашы Уэйннен голды есепке алмауды талап етеді. Екеуара даудың соңы жанжалға ұласады. Ақыры өз-өзін ұстай алмай қалған төреші ысқырықты жерге атып ұрып, қақпашыны небір былапыт сөздермен сыбап салады. Артынша, қалтасынан «қызыл қағаз» суырып, оны өзіне көрсетеді де, алаңнан кетіп қалады. Кейіннен Уэйн бұл оқиға жайлы былай деп сыр ақтарды: «Сондағы менің әрекетім, кәсіби маманға мүлдем тән емес. Егер мұндай қадамға футболшылардың бірі барған болса, мен оны алаңнан қуар ем, ал сол жағдайда өзім солай істегендіктен де алаңнан кетуге тиіс едім». Оның отандасы Сильвестрдің басынан өткен оқиға да осыған ұқсас өрбиді. Жергілікті екі команданың бәсекесі кезінде фут­болшылардың бірі ойынға төрелік еткен Сильвестрге қайта-қайта тап беріп, наразылық білдірумен болады. «Шыдамның да шегі бар», сондай «шабуылдың» бірінде Сильвестр әлгі ойыншыны құлақ шекеден үш рет жақсылап тұрып ұрады да, өзіне «қызыл қағаз» көрсетіп, кездесуді тастап кете барады. Бірінші оқиғадағыдай емес, бұл ойын аяғына дейін өтеді. Қашқын төрешінің қызметін футбол ережесін жақсы білетін жанкүйерлердің бірі атқарған көрінеді. Ал осы оспадарлығы үшін Сильвестр бір жарым айға қазылық етуден шеттетіледі және ең қызығы да сол - 20- ақ фунт көлемінде айыппұл төлейді. 2008 жылы тіркелген, төрешілерге қатысты тағы бір оқиға көпшілікті қыран-топан күлкіге көмген болатын. Эквадор чемпионатында «Эсполи» деген команданың сапында доп тепкен Родольфо Гарсия деген аргентиналық футболшы жасыл алаң төрінде, мыңдаған жанкүйердің көз алдында жалаңаш шоу көрсетіп масқара жасады. Оның оқыс қадамға баруына төрешінің «жейдеңді ышқырыңа сал» деген ескертуі түрткі болады. Дәл сол сәтте «ұстамасы» ұстап қалған Родольфо, ерегіскенде бүкіл киімін сыпырып тастап, тырдай жалаңаштанады. Аргентиналықтың осы қылығының кесірінен «Эсполи» командасы қомақты айыппұл төлейді. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×