Көк сандыққа жіпсіз байлайтын Сейітханов

08.08.2011, 14:00
Көк сандыққа жіпсіз байлайтын Сейітханов
Қазақ спорт журналистикасында өз қолтаңбасы бар спорт шолушыларының бірі һәм бірегейі – Амангелді Сейітханов. Аман-ағаны білмейтін спорт жанкүйері кемде-кем шығар, бәлкім. Футболдан 1998 жылғы әлем чемпионатында, сондай-ақ Атланта мен Сидней Олимпиадасында халықпен бірге қуанып, Бекзат пен Ермаханның жеңісін көгілдір экранның ар жағындағы дүйім жұртпен қосыла тойлағаны әлі есімде. Көк сандыққа телмірген жанкүйерді қоңыр дауысымен баурап алатын қасиет Амангелді Сейітхановқа тән. Аман-аға «келешекте спорт журналисі болам» деген мен сияқты жастардың кумирі саналады.Назарларыңызға Амангелді Сейітханов жайлы бір үзім сыр ұсынамыз: – Амангелді аға, әңгімемізді спорт журналистикасына қалай келгеніңізден бастасақ. – Спорт журналистикасына келуімнің өзі қызық. ҚазМУ-де оқып жүргенде ұстазым Бауыржан Омаров «Лениншіл жас» (қазіргі – «Жас Алаш») газетіне шақырды. «Лениншіл жастың» табалдырығын имене аттадым. Бауыржан аға газеттің спорт бетіне жауапты Несіп Жүнісбаевтың алдына алып барды. Несіп аға маған «Қайрат» футбол командасының қазіргі жай-күйі туралы мақала жазуды тапсырды. Алғашында мақаламды апарып едім, шикілігін Несіп аға жұмбақтап жеткізді. Үш-төрт күннен кейін түзеп, қайта апарып едім, Нес-аға риза болды. Кейін Нес-аға «Спорт» (қазіргі – «Спорт айдыны») газе­тіне редактор болып барды да, журфактың екінші курсында оқитын мені штаттық негізде жұмысқа қабылдады. – Қазақ спортының жаршысы «Спорт» газетінде журналист болу үлкен мектептің бастамасы болған шығар... – Оның рас. «Спорт» газетіне келуімнің өзі тағдыр ұсынған бақыт сияқтанады. Адам күн сайын бақытты болуы мүмкін, әр сәтте өзін бақытты сезінеді. Мұрты енді тебіндеп келе жатқан бозбаланың, жай ғана бозбала емес, болашақта тілші атануға талпынған бозбаланың алдымен ілері қомақты болмаса, кейін алары да соншалықты көңіл көншіте қоймайды. Өмірде жолы болғыш жігіттер де болады. Соның бірі біз секілдендік. Қазақ спорт журналистикасының ыңғай төкпесі Несіп Жүнісбаевқа шәкірт атану немесе Нес-ағаның жаттығу алаңынан тәлім алу мүмкіндігі туғанын ұққандықтан, «Спорттың» есігін қуана аштым. Ол-ол ма, ақылын аямайтын Сайын аға Тұрсынов кенінен көсіп алып, білгір Жүсіп Есімов ағаның жүйріктігіне түйсініп, Дендербай аға Егізовтың де айтқандарын көңілге түйетін болдық. Демек, керемет ұстаханаға тап болып, ертегі кейіпкеріндей сағат сайын өсуге бет алдым. Ақыл толысты, білім ұшталды. Тәжірибе жинақталды. Журна­листика арыстандарының арасында әбден ысылдық. Сайын ағаның тектілігі, Жүсіп ағаның жинақылығы да бізді таң қалдыратын. Қыдырбек ағаның спортты терең талдайтыны, мықты аураны қалыптастыруға тырысатындығы кәдімгідей әсер ететін. Әрине, табан астында күшті идея ұсына салатын Нес-ағаның бапкерлік қасиеті, имандылығы, адамгершілігі біздің, редакцияда жүрген бала қырандардың күні ертең тегеурінді тілші болып қана өспей, адами қасиеттерді бойына сіңіре алатын азамат атануына қазық еді. Адамгершіліктің асқан бір үлгісін қастер тұтқан киелі шаңырақты мәңгі есте сақтайтынымыз анық. Өмір сүру формуласын жаттатып, болашақ табыстардың негізін қалаған ағаларға әр кез қарыздар екенімді де үнемі айтып жүремін. – Сізді жұрт «Хабар» арнасы арқылы жақсы біледі. Тележурналистика саласы жайлы айта кетсеңіз? – 1994 жылы Қазақ теледидарының спорт бағдарламасы редакциясына жұмысқа ауыстым. Сол жерде «Тұғыр», «Құмсағат» секілді спорт бағдарламаларын аштым. Комментаторлығым өз алдына, Орталық стадионнан тікелей репортаждар жүргіздім. 1998 жылдан бастап «Хабар» агенттігінде қызмет атқарып келемін. Дәл сол жылы Диас Омаров ағамыз екеумізге алғаш рет «Хабар» арнасында Францияда өткен әлемдік доп додасынан тікелей репортаж жүргізуге тура келді. Ол жақтың уақыты бізге сәйкес келмегендіктен, түнімен репортаж жүргіземіз. Ал күндіз жаңалықтарда қызмет атқарамын. Содан соң 2000 жылы Сиднейден сыр шерттік. – Бала кезіңізде футболшы болуды армандапсыз... – Ол тек арман ғана ғой. – Әңгімеңізге рақмет. Жеңісті күндерде жүздескенше. Автор: Руслан МЕДЕЛБЕК, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің І курс студенті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×