ҚПЛ-да орын алған ТОП-7 трансфер

10 қаңтарда ашылған трансферлік терезенің мерзімі өз мәресіне жеттi.
ҚПЛ-да орын алған ТОП-7 трансфер

23 сәуір күні Қазақстан футболындағы трансферлік терезе жабылды. Осы ретте Aladop.kz тілшісі маусымаралық үзіліс кезінде Премьер-лига клубтарына қосылған үздік ойыншылардың тізімін жасады.

7. Матеус Бисси («Атырау»)


31 жастағы қорғаушы «Атырауға» литвалық «Паневежис» клубынан ауысып келді. Бұған дейін Мальта, Польша, Португалия, Болгария, Бахрейн чемпионаттарында өнер көрсеткен бразилиялық футболшы Константин Горовенконың ойын стиліне дөп келді. Қорғанысқа ден қоятын қазақстандық маман Биссиді негізгі құрам ойыншысы етті. Бойы 188 сантиметрді құрайтын қорғаушы стандартты жағдайларда да жақсы ойнайтынын дәлелдеп үлгерді. Премьер-лигадағы жеті матчтың барлығына қатысып, баспен екі гол соқты.

«Мұнайшылар» соңғы жылдармен салыстырғанда маусымды сәтті бастады. Он ұпай жинаған Горовенко шәкірттері тоғызыншы орында тұрғанымен, көш басындағы командадан небәрі үш ұпайға артта қалып келеді. Чемпионатта үш рет жеңіліске ұшырады. Бір қызығы, команданың тек Батыс дербиінде жолы болмаған. Нақтырақ айтсақ, «Ақтөбе», «Ақжайық» және «Каспийге» есе жіберген.

6. Рай Влут («Астана»)


Влут елордалық клубқа нидерландылық «Хераклестен» қосылды. Мансабының көп бөлігін өз елінде өткізген 26 жастағы шабуылшы «Астана» жейдесінде үш матчқа қатысты. Бірақ «Ақжайық» және «Таразбен» болған ойында қосалқы құрамнан шықты. Ал көш басында келе жатқан «Каспийге» қарсы матчта негізгі құрамнан шығып, дубль авторы атанды. 

Қазір голландиялық футболшының басына қауіп төніп тұр. Влут бірнеше ай бұрын мас күйінде көлік жүргізіп, апатқа ұшыраған. Нәтижесінде төрт жастағы бала қайтыс болды. Бірақ футболшы қатты мас болмағанын айтып ақталған және көлікті өзі басқармағанын мәлімдеген. Мұның өтірік екені белгілі болған соң, «Хераклес» оны клубтан шеттетті. Бірнеше күн бұрын сот отырысы өтіп, Влут жүргізуші куәлігінен айырылды. Ал оның болашағына қатысты соңғы шешімді Нидерланды соты күзде қабылдайды деп болжануда. 

5. Аслан Әділ («Каспий»)


Аслан «Жетісу» клубының түлегі болып табылады. 24 жастағы жартылай қорғаушы Премьер-лигадағы дебютін өткен жылы ғана жасаған болатын. Ал биыл ақтаулық клуб сапында «Қызыл-Жар» және «Атырау» қақпасынан саңылау тапты. Сондай-ақ «Ордабасымен» болған ойында Карам Сұлтановтың автогол соғуына себепкер болды. Одан бөлек, Аслан екі нәтижелі пастың авторы атанды. Яғни, «Каспийдің» осы маусымда соққан алты голының төртеуіне өз септігін тигізді. Ал оның командасы ел біріншілігінде көш бастап келеді.

4. Айбол Әбікен («Ақсу»)


Құрбан Бердыевтің назарынан тыс қалған Айбол маусымаралық үзіліс кезінде «Ақсуға» ауысты. Әрине, жалдау шарты бойынша. 25 жастағы футболшы павлодарлық клубта алты матчқа қатысып, үш гол соқты. «Ақтөбе» қақпасына қайшылай тепкен добы жанкүйерлерді тәнті етті.

 

Осы тұста айта кететін өте қызықты статистика бар. Әбікен «Мақтаарал», «Ақтөбе» және «Қызыл-Жармен» болған матчтарда есеп ашқан. Бірақ үш ойында да оның қомандасы 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Сондай-ақ Айболдың өте төзімді футболшы екенін байқадық. Ол «Ақсудың» осы маусымдағы барлық ойынында 90 минут бойы тер төккен. Павлодарлық клубқа ауысқаннан кейін Әбікен араға бір жыл салып Қазақстан құрамасына шақыртылды. Осы бетінен таймаса «Қайратқа» оралуы әбден ықтимал. 

3. Андрия Филипович («Атырау»)


Андрия Филипович – «Риека» клубының түлегі. Ол ұзақ уақыт бойы хорватиялық клубтың академиясында ойнады, ал 2015 жылдың ақпанында Италиядан ұсыныс түсті. Шабуылшы алты ай бойы «Ювентустың» жастар командасында өнер көрсетті. Сондай-ақ «Специяняң» намысын қорғады. 2016 жылдың жазында Филипович С сериясында бақ сынайтын италиялық «Сиена» клубымен алғашқы кәсіби келісім-шартына қол қойды. Бірақ жыл соңына дейін құрамға іліне алмай, Италиядан кетті. Соңғы бес жыл бойы футболшы Словения, Нидерланды және Албания клубтарында доп тепті. 

18 сәуір күні 25 жасқа толған хорватиялық шабуылшы «Атырауда» өзін жақсы қырынан көрсетуде. Жеті матчқа қатысып, төрт голды өз атына жазды. Оның екеуін ел чемпионы атанған «Тобыл» қақпасына соқты. 

2. Уго Видемон («Ақтөбе»)


«Ақтөбе» соңғы жылдары шабуылшыларды топырлатып алуда. Былтыр сәтті трансфер ретінде бағаланған Игорь Сергеев қазір «Тобыл» сапында доп тебуде. Ал биыл Владимир Мухановтың командасында Рожерио Шина, Виталий Балашов, Жерар Гоу секілді форвардтар бар. Күні кеше ғана клубқа ресейлік шабуылшы Сердер Сердеров қосылды. Бірақ нәтиже көрсетіп жүргені Уго Видемон ғана.

Франциялық шабуылшы екі маусым қатарынан (2020 және 2021) «Жальгирис» сапында 13 және 17 гол соғып, Литва чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Бұған дейін Видемон бельгиялық «Тюбиз», польшалық «Висла Краков», франциялық «Аяччо» және «Клермон» командаларында өнер көрсеткен. Маусым басында Литвадан өзіне тиесілі сыйлықты алып қайтқан Уго Қазақстанда да алғашқы марапатына ие болды. Оның екінші турда «Атырау» қақпасына айып добынан соққан голы наурыз айының үздігі деп танылды. 


Видемон ел біріншілігінде жеті матч өткізіп, төрт голдың авторы атанды. Бес гол болуы мүмкін еді, бірақ француз футболшысы «Қызыл-Жар» қақпасына белгіленген екінші пенальтиді пайдалана алмады. Угоға қарсы тәртіп бұзылып, пенальти белгіленсе, мұны өзі орындамайды екен. Бұл туралы клубтың бас бапкері мәлімдеді. Оған дәлел - «Шахтермен» болған ойында Видемон алып берген он бір метрлік айып добын Жерар Гоу жүзеге асыра алмады. 

1. Серж Ньюадзи («Ордабасы»)


Ньюадзи франциялық «Ниццаның» түлегі, ол ең алғашқы кәсіби еңбек-шартын осы командамен жасасқан. Одан кейін болгариялық ЦСКА, литвалық «Жальгирис», түркиялық «Трабзонспор», румыниялық «Астра» командасында доп тепті. Қазақстан Премьер-лигасында «Тараз» бен «Каспий» үшін 40-тан астам кездесу (10 гол) өткізген. 30 жастағы шабуылшы «Тараздан» кеткен соң литвалық «Судува» клубының намысын қорғады.

Қазақстанға жасаған екінші сапары тоголық шабуылшы үшін сәтті өтуде. Шымкенттік клуб жейдесінде жеті матчқа қатысып, бес гол соқты және үздік сұрмергендер тізімінде бірінші орынды Хосе Кантемен бөлісіп тұр. Бес голдың біреуін «Мақтааралға»» соқса, «Тобыл» мен «Қызыл-Жар» қақпасына дубль жасады. Пенальтисіз, тек ойыннан гол соғатын шабуылшы Жоао Паулоның орнын жоқтатпай, шымкенттік клубтың жанкүйерлеріне қуаныш сыйлауда. 

Біз тек жеті турдың қорытындысы бойынша жақсы қырынан көзге түскен футболшыларды сөз еттік. Маусымның ең қызық бөлігі алда. Биыл чемпион атануға нақты фаворит команда жоқ секілді. Сондықтан алдағы уақытта да жаңа футболшылардың ішінен суырылып шығып, өздерін көрсететіндер болады деген үміттемін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×