Қуанар ма екенбіз, мұңаяр ма екенбіз?

02.08.2011, 17:40
Қуанар ма екенбіз, мұңаяр ма екенбіз?

Футболдан келесі әлем чемпионаты 2014 жылы Бразилия елінде өтетін болса, жуырда сол бәсекеге берілер жолдамаларға өзара таласатын қарсыластар қатары анықталды. Біздің уақытпен сенбіден жексенбіге қараған түні Рио-де-Жанейрода жеребе тарту рәсімі өтті. Біреулерді қуантып, біреулерді мұңайтқан жеребе Қазақстан ұлттық құрамасын Германия, Ирландия, Швеция, Австрия және Фарер аралдары командаларымен бірге «С» тобына түсірді.

Көпшілікке Гансо ретінде танымал футболшы Пауло Энрике Шагас де Лиманың қолы біз үшін жеңілдеу болғаны рас. Бразилияның жас перісі қоржыннан Фарер аралдары мен Австрия құрамаларының аттары жазылған парақты суырып берді. Ал үлкен спорттан жақында ғана қол үзген даңқты Роналдоның қолы мықтылар топтастырылған қоржыннан Ирландия, Швеция, Германия құрамалары көрсетілген қағазды тапты. Бір қызығы, азулы немістер бұл жолы да бізден «емтихан» қабылдайтын болды. Өздеріңізге жақсы мәлім, Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде Бундестим еліміз құрамасын екі рет ірі есеппен ұтқан-ды. Сонымен неміс футболшыларын қалың жұртшылыққа таныстырам деу бос әурешілік. Жүрегі ала допқа байланған жас та, кәрі де Германия құрамасының қаншалықты әлеуетті қарсылас екенін біледі. Мирослав Клозе, Лукас Подольский, Месут Өзел, Томас Мюллер, Марио Гомес, Бастиан Швайнштайгер, Филипп Лам, Сами Хедира т.б неміс футболшыларының есімдері ел аузында жүр. Азуы алты қарыс немістер құрлық біріншілігіне іріктеу барысындағы жеті ойынның барлығында да жеңіске жетті. Олардың голдық көрсеткіші де таңдай қақтырарлық - өз қақпаларына бар-жоғы 3 доп жіберіп алса, қарсыластар қақпасын 22 рет дәл көздеген екен. Мұндай тегеурінді ұжымды ұлттық құрамамыздың ұтуы былай тұрсын, дәл қазіргі уақытта тең ойнауының өзі үлкен сенсация болары анық. Топтың серкесі талассыз Германия командасы болса, кейінгі кезекте Швеция құрамасының атын атауға міндеттіміз. Қазақстан және Швеция құрамаларының жолы бұған дейін түйісіп көрмеген екен. Әлем чемпионатының ақтық кезеңінде он бір рет бақ сынаған бұл ұжым үш мәрте жүлдеге иелік етті. Алдымен 1950 жылы Бразилияда өткен біріншілікте шведтер қола жүлде ұтып алды. Одан соң, 1958 жылы шведтер өздері қабылдаған әлемдік додада күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал 1994 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған әлем чемпионатында Швеция құрамасы баршаны таңдай қақтырды. Кеннет Андерсон, Мартин Далин бастаған швед жігіттері жартылай финалға дейін жетіп, онда болашақ әлем чемпионы - Бразилия командасына 0:1 есебімен жол беріп алды. Осы жарыстағы жоғары нәтижелі ойыны Швеция құрамасын ФИФА рейтингінің 2- сатысына дейін көтергенін айта кетейік. Дегенмен бізге бұл команданың қазіргі жағдайы маңыздырақ екені даусыз. Ларс Лагербек жаттықтырған ұжым 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатына бара алмай қалды. Шведтер іріктеу кезеңінде португал футболшыларымен екі рет тең ойнаса да, Дания құрамасынан екі мәрте ұтылып, жанкүйерлерін жерге қаратты. Албания, Венгрия және Мальта командаларымен кездесулер де швед футболшылары үшін аса сәтті болмады. Соның кесірінен бас бапкер Ларс Лагербек отставкаға жіберілді, бірақ ол қара құрлықтағы додаға Нигерия құрамасының тізгінін ұстаған маман ретінде барды. 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Швеция құрамасы «Е» тобында Голландия, Финляндия, Венгрия, Молдова және Сан-Марино командаларымен бәсекеге түсуде. 6-кездесуден кейін бұл ұжым 2-орында келеді. Бірінші тұрған Голландия құрамасынан 3 ұпайы кем. Мамандардың болжамына қарағанда, швед футболшыларының құрлық біріншілігіне қатысу мүмкіндігі 50 пайызға тең. Швеция құрамасының ФИФА рейтингіндегі қазіргі орны - 19. Ирландия құрамасы да күшті қарсылас. Бұл команданың ойыншыларының барлығы дерлік Еуропаның айтулы клубтарында өнер көрсетеді. Ирландиялықтар қазіргі уақытта Италияның атышулы бапкері Джованни Трапоттониден тәлім алуда. Ирландияда футболдың мықты мектебі қалыптасқан. Бұл елдің құрамасы 1990 жылы Италияда ұйымдастырылған әлем біріншілігінде ширек финалға дейін жеткен болатын. Сондай-ақ Ирландия командасы 2012 жылы өтетін құрлық чемпионатына барудан дәмелі. Іріктеу ойындарындағы 6 кездесуде 13 ұпай жинаған ирландиялықтар топта Словакия және Ресей құрамаларымен 1-3- орындарды бөлісіп тұр. Ирландия футбол ұжымы ФИФА-ның рейтингінде 33- сатыға жайғасқан. Ұлттық құрамамыздың топтағы өзге қарсыластары - Австрия мен Фарер аралдары командаларымен тең дәрежеде бәсекелесуге мүмкіндігі бар. Шыны керек, басқа басқа фарерліктерді ұтуға тиіспіз де. Бұдан сегіз жыл бұрын біздің ұлттық құрама Фарер аралдарының командасымен араға екі күн салып, екі рет шеберлік байқасқан болатын. Бірақ сол кездесулерде Леонид Пахомов баптаған жігіттеріміз 2:3 және 1:2 нәтижелерімен жеңіліп қалған еді. Осы жолы Мирослав Беранек жаттықтыратын командамыз кеткен есені қайтаруға күш салады деп сенеміз. Иә, Фарер аралдары құрамасының бірқатар футболшылары Англия, Дания, Шотландия біріншіліктерінде доп тебеді, бірақ Фарер аралдары Сербия немесе Әзербайжан құрамасы емес қой. Австрия командасымен де жолымыздың түйіскені бар. Өткен жылдың күзінде біздің құрама Австриямен тең дәрежеде бәсекелесті. Өкініштісі, сол кездесуде отандастарымыз төреші белгілеген қосымша уақытта ғана гол жіберіп алып, жеңіліс тапқан болатын. Ендеше Австрия құрамасынан да есе қайтарудың реті келіп қалар деп сенеміз.

УЕФА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНА КІРЕТІН ӨЗГЕ КОМАНДАЛАР БЫЛАЙША ТОП ҚҰРДЫ: «А» тобы Хорватия, Сербия, Бельгия, Шотландия, Македония, Уэльс «B» тобы Италия, Дания, Чехия, Болгария, Армения, Мальта «D» тобы Голландия, Түркия, Венгрия, Румыния, Эстония, Андорра «Е» тобы Норвегия, Словения, Швейцария, Албания, Кипр, Исландия «F» тобы Португалия, Ресей, Израиль, Солтүстік Ирландия, Әзербайжан, Люксембург «G» тобы Грекия, Словакия, Босния, Литва, Латвия, Лихтенштейн «H» тобы Англия, Черногория, Украина, Польша, Молдова, Сан-Марино «І» тобы Испания, Франция, Беларусь, Грузия, Финляндия

Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×