Құрбан Бердыев: «Қазір топтық кезеңдегі бірінші матчпен салыстырғанда әлдеқайда қарқынды ойнай бастадық»

25.11.2021, 01:37
Құрбан Бекиұлы өзінің болашағына қатысты да пікір білдірді.
Құрбан Бердыев: «Қазір топтық кезеңдегі бірінші матчпен салыстырғанда әлдеқайда қарқынды ойнай бастадық»

«Қайрат» клубының бас бапкері Құрбан Бердыев Конференция лигасында «Базельге» қарсы өтетін матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

- Қайырлы кеш. Ең алдымен, Вагнер Лавқа «Қайратқа» қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Команда ұзақ уақыт бойы чемпион болған жоқ, және оның осында ауысып келуі клубтың алтын медальға қол жеткізуіне өз септігін тигізді. Мен Вагнерді Ресей чемпионатының тарихындағы ең үздік легионер деп санайтынымды бұған дейін де айтқан болатынмын. Көп жылдар бойы Ресейде үздік сұрмерген болу және көп гол соғу өте қиын. Оның ЦСКА мен Ресей футболының дамуына қосқан үлесі өте зор.

Вагнер Қазақстан футболына да осындай үлес қосты. Мұндай футболшылар жанкүйерлерге қуаныш сыйлайды. Жаттықтырушы ретінде мен оны жақында ғана кездестірдім деп айта аламын. Футболда мұндай кәсіпқойлар өте аз. Вагнер ешқашан белгілі бір деңгейден төмен түспейді – ойында да, жаттығуда да. Оның қалай жаттығатынын көру мен үшін үлкен тосынсый болды. Бұрынғы командамда 38 жаста мансабын аяқтаған Сезар Навас болды. Вагнердің жұмысқа, клубқа деген кәсіби көзқарасы өте керемет. Жастар одан үлгі алу керек.

Вагнер генетика тұрғысынан өте мықты ойыншылар санатына жатады. Және бұл өте маңызды. Осы жағын ескерсек, ол тағы 2-3 жыл жақсы деңгейде ойнай алады.

- Оны әбден мақтадыңыз, енді сұраққа көшейін. Вагнер неге «Қайратта» қалмайды?

- Келісемін, бірақ бұл сұрақ маған арналмаған. Менің 15 желтоқсанға дейін жарамды келісім-шартым бар, сондықтан «Қайраттағы» болашағым келесі айда белгілі болады.

- Ертеңгі матч пен Қазақстан кубогіндегі финалдық матчтың нәтижесі сіздің келісім-шартыңызды ұзарту мүмкіндігіңізге қаншалықты әсер етеді. Өйткені, келісім-шартты екі маусымға ұзарту мүмкіндігі бар емес пе?

- Ия, мұндай опция бар. Қайрат Советайұлы екеуміз өте жылы, достық қарым-қатынастамыз. 15 желтоқсаннан кейін сөйлесеміз деп келістік. Бұл ойындардың нәтижелері келісім-шартқа мүлдем әсер етпейді. Біз клубты дамыту үшін стратегиялық қадам жасауымыз керек.

- Біз Швейцариядағы матчта екі түрлі таймның куәсі болдық. Біріншісінде «Қайрат» ірі есеппен жеңілетіндей көрінсе, екіншісінде ойын теңесіп, «Қайрат» ұпай алуға тырысты. Сол ойынның екінші жартысындағыдай ойнау үшін ертеңгі матчқа арналған қандай жоспарларыңыз бар?

- «Базель» бірінші таймды керемет өткізді: соққы - гол, соққы - гол, соққы - гол. Жігіттер абдырап қалды. Екінші таймда біз батыл әрі белсендірек ойнадық. Белгілі бір дәрежеде ойынды теңестіре алдық. «Базельге» келетін болсақ, олар Чемпиондар лигасының клубы болып табылады. Олардың шабуыл шебі өте күшті және әлеуеті өте жоғары. Ертең қиын әрі қызықты матч болады. Егер қазіргі ойынымызды топтық кезеңдегі бірінші матчпен салыстыратын болсақ, біз қарқынды ойнай бастадық.

- Жылдың соңында көптеген ойыншылардың келісім-шарттары аяқталады. Олардың ішінде Сүйімбаев, Оганесян, Поляков, Кейлер, сондай-ақ жас футболшылар бар. Қай футболшымен келіссөздер жүргізіліп жатыр?

– Қайталап айтамын, бұл сұрақ маған да, Вагнерге де қатысты емес. Мұны президент шешеді. Клубтың дамуындағы келесі қадам оның көзқарасына байланысты.

- «Базельге» қарсы ойын мен «Шахтерге» қарсы ойынның арасын екі-ақ күн бөліп тұр. Ротация бола ма?

– Әрине, ротация болады. Мысалы, «Қарабахқа» қарсы ойыннан кейін «Астанамен» ойнадық, ал жігіттер қатты шаршап қалды. Сондықтан ауысымдар жасаймыз деп ойлап отырмыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×