Бастапқыда халық «жергілікті командасы жоқ қалаға 31 миллион долларға стадион салудың қажеті қанша?» деп шуласты. Оның үстіне, жаңа команданың құрылып, Премьер-лигаға шығып, жергілікті жанкүйерді қуантуына әлі талай уақыт кететіні бесенеден белгілі. Бірақ айтылған сонша сын-ескертпелерге қарамай, қалада жаңа стадион бой көтерді.
Стадион пайдалануға берілісімен Facebook әлеуметтік желісінен жергілікті өңірдің журналисі Ғабит Сапарбековтің «Бүгін ерекше қуандым. Себебі Түркістандағы жаңа стадион тапсырылды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» ұлттық компаниясы 7 000 орындық стадионды Түркістан облысы әкімдігінің иелігіне өткізді. Ахметжан Есімов пен Өмірзақ Шөкеев стадионды аралап, спорт нысанымен танысып шықты. Түркістан қызықтырып барады» деген жазбасын көзіміз шалды. Артынша жазба иесіне хабарласып жаңа стадион туралы пікірін білдік.
– Бұл оқиғаға қуану керек. Қазір Қазақстан Премьер-лигасында ойнайтын клубтардың басым бөлігінде талапқа сай стадион жоқ. Ел бюджетінің қомақты қаражаты легионерлердің қалтасын толтыруға кетіп жатыр. Егер әр қалада УЕФА талабына сай бір-бір стадион мен футбол базаларын салып алған кезде ел футболының еңсесі қазіргіден биігірек болар еді деп ойлаймын. Түркістандағы стадионның сыйымдылығы төмендеу дегенімен, қазірше жеткілікті секілді. Халықаралық матчтар болмаса, Қазақстан чемпионатында 5 мыңнан артық жанкүйердің жиналуы – сирек оқиға. Менің ойымша, Түркістандағы стадион тұтас бір өңірдің спортының дамуына, футболының өрлеуіне серпін беруі тиіс. Жанкүйер ретінде өте қуаныштымын, – дейді ол.
Жалпы, Түркістанда кәсіпқой футбол клубы 1990 жылы «Монтажник» деген атаумен құрылды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш чемпионатына «Монтажник» атауымен қатысып, 1993 жылы команда атауы «Яссы» болып өзгерді. Яғни, соңғы рет ел чемпионатында ойнаған Түркістанның командасы сол «Яссы» клубы болған. Ол 2005 жылы жабылды. Содан бері рухани шаһардың намысын қорғайтын команда әлі құрылған жоқ. Бірақ облыстағы спорт саласының басында жүрген азаматтардың сөзіне сенсек, жақын күндері «Тұран» клубы құрылмақшы екен. Онда тек қазақстандық аяқдоп шеберлері доп теппек. Жергілікті футболшыларды қатарына қосатын команда Премьер-лига клубтарымен бәсекелесе алатындай болып жасақталмақ. Кейінгі уақытта «Қыран» клубының атауын «Тұран» етіп өзгерту туралы әңгімелер де халық арасында желдей есіп жүр. Оның үстіне, жақында «Қыранның» логотипі өзгеріп, клуб осы маусымда алдына үлкен мақсат қойып отырғанын, яғни Премьер-лигаға жолдама алуды жоспарлап отырғанын жариялады.
Бір қызығы, өткен жылы Түркістан облысының басты футбол клубы «Қыранның» футболшылары мен басшылары шенеуніктердің кесірінен жабылып қалудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып шағымданған. Сол кезде «Қыран» футбол клубының менеджері Наталья Казумян облыстық әкімдік түрлі тексеріс жасап, бюджетті қысқартып тастағанын жеткізген.
– Бірінші лигада ойнайтын өзге клубтардың жылдық бюджеті 1 миллиард теңгеден басталады. Ал біздің 380 миллиондық қаржыны Спорт басқармасы мен облыс әкімдігі 100 миллионға қысқартты. Сондағы оларға ұнамағаны – 1-ші лигадан бөлек, 2-лига мен жасөспірімдер командаларын жаттықтырғанымыз. Бірақ ол үшін қосымша қаржы сұрағанымыз жоқ, – деген болатын. Ал бүгін клубтың алдына үлкен мақсат қойып отырғаны хабарлануда.
Осы және өзге де клубтағы көлеңкелі мәселелер туралы спорт коментаторы Ермұхамед Мәулен пікір білдірді.
– «Қыран» футбол клубының 300-400 миллион теңгенің шамасында қарыздары бар. 14-15 футболшы 10 шақты ай айлықсыз ойнады. Қазіргі кезде жігіттердің көбі басқа клубтарға ауысып кетті. Қолдарында келісімшарты бар футболшылардың айлығын қайтару керек. Әйтпесе, алдағы уақытта сол үшін аталған футболшылар клубты сотқа береді. Клубта қазір ақша бар. Жаңа ойыншыларды сатып алды. Оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Қазір Бірінші лигада ойнап жүр. Егер клуб жоғарғы лигаға шығуды ойласа, бүкіл қарыздарын жапқаны дұрыс. Бірақ ол клубтың менеджменті, маркетингі жоқ. Меніңше, клубты футболдан хабары аз, босаңдау адамдар басқарып жүрген сыңайлы", – дейді ол.
Белгілі спорт маманы стадионға жаңа атаудың берілу керек екенін айтып, бұл ретте өзінің ұсынысын да қоса жеткізді.
– Бастысы стадион сапалы салынғаны көрініп тұр. BI-Group компаниясы салғаннан кейін жақсы болатыны түсінікті. «Астана-Арена» да кезінде 180 миллионға салынған. Проблема көтерсе сол кезде көтеру керек еді. Сондықтан 30 миллион оның қасында түк емес деп есептеймін. Мен жаңа стадион төңірегінде өзекті бір мәселені көтерген едім. Меніңше, стадионға жақсы атау берілуі керек. Түркістандағы аренаның «Түркістан-Арена» болуы онсыз да белгілі нәрсе ғой. Оның жанына Мұстафа Шоқай атындағы Түркістан арена стадионы деген сөзді қосса, керемет болар еді. Бұл туралы мен ұсынысымды білдірдім. Үлкен спорт кешендері сол өңірден шыққан атақты адамдардың атымен аталғаны дұрыс. Түркістан автономиясын, Түркістан легионын бүкіл әлемге танытқан Мұстафа Шоқай ғой. Сондықтан стадионға осы атауды бергені жөн, – деп санайды Ермұхамед Мәулен.
Ұсыныс ескерілер болса, жаңа стадионның атауы Мұстафа Шоқай болып өзгерер. Ал әзірге көпшіліктің көкейінде стадион атауы емес, «Жасыл алаңда жақсы жетістіктерімен қуантатын жергілікті жаңа клуб пайда бола ма?» деген сауал тұрған сыңайлы. Бірақ басшылық «Қыран» футбол клубына үлкен үміт артып, келер жылдан бастап команда Түркістанның атын Қазақстан Премьер-лигасында қорғайтынына сенеді. Әйтпесе, жаңа клубтың құрылуы, оның жасақталуына біраз уақыт кетері сөзсіз. Оның үстіне, жаңадан құрылған клуб жарыс жолын алдымен Екінші лигадан бастайды. Оны жеңіп, Бірінші лигаға шығып, одан жоғарғы лигаға жолдама алу үшін клуб кемі 2-3 жыл уақытын жоғалтады. Сондықтан «Қыранға» қаржы салып, жақсы команда жасақтау тиімдірек болып тұр.
Бірінші лига клубтары бірінші айналымда 7 кездесу өткізеді. Екінші айналымда да тура сондай ойын болады. Жаңа маусымда біріншілікке қатысатын 14 команда екі конференцияға бөлінді. Бірінші конференцияда бақ сынайтын «Қыран» «Ақтөбе», «Алтай», «Мақтаарал», «Байқоңыр», «Екібастұз» және «Арыс» секілді мықты командаларымен жоғарғы лигаға шығуға таласады. Онымен қоса бұл конференцияда бір команда жеңімпаз атанады. Ал бұл командалар арасында «Ақтөбе» басты фаворит. Қалған командалар да осал емес. Қайткен күнде де «Қыранға» жоғарғы лигаға жолдама алу оңайға түспесі анық. Жаңа стадион дайын, жаңа клуб керек пе, жоқ «Қыранға» сенім артыла ма? "Қыран" әзірге 4 матчта 10 ұпай жинап, өз тобында көш бастап тұр. Маусымның аяқталуын күтейік. Оған дейін біраз жайт өзгеруі мүмкін. Сол кезде нақты шешім қабылданар.
Абылайхан ЖҰМАШ
Біздің серіктес: FONBET