Қымбат стадион «Қыранға» беріле ме?

26.09.2020, 22:33
Күні кеше Түркістан төрінде «Самұрық-Қазына» АҚ тапсырысымен 7 мың орындық жаңа стадион бой көтерді. Тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл уақыт өт­кенімен, елімізде содан бері тек екі  футбол стадионы салынып отыр. Оның бірі елордадағы 30 000 жанкүйер сыятын «Астана-Арена» болса, екіншісі  Түркістан­дағы 7 мың орындық «Түркістан-Арена». Осыдан-ақ біздегі футбол инфрақұрылымының қаншалықты баяу дамып жатқанын аңғаруға болады.
Қымбат стадион «Қыранға» беріле ме?

Бастапқыда халық «жергілікті командасы жоқ қалаға 31 миллион долларға стадион салудың қажеті қанша?» деп шуласты. Оның үсті­не, жаңа команданың құры­лып, Премьер-лигаға шығып, жер­гі­лікті жанкүйерді қуантуына әлі т­алай уақыт кететіні бесенеден бел­гілі. Бірақ айтылған сонша сын-ескертпелерге қарамай, қалада жаңа стадион бой көтерді.

Стадион пайдалануға берілісімен Facebook әлеуметтік желісінен жергілікті өңірдің журналисі Ғабит Сапарбековтің «Бүгін ерекше қуандым. Себебі Түркістандағы жаңа стадион тапсырылды. «Са­мұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» ұлттық компаниясы 7 000 орындық стадионды Түркістан облысы әкім­дігінің иелігіне өткізді. Ах­мет­жан Есімов пен Өмірзақ Шө­кеев стадионды аралап, спорт нысанымен танысып шықты. Түр­кістан қызықтырып барады» де­ген жазбасын көзіміз шалды. Артынша жазба иесіне хабарласып жаңа стадион туралы пікірін білдік.

– Бұл оқиғаға қуану керек. Қазір Қазақстан Премьер-лига­сын­да ойнайтын клубтардың ба­сым бөлігінде талапқа сай ста­дион жоқ. Ел бюджетінің қомақты қаражаты легионерлердің қалта­сын толтыруға кетіп жатыр. Егер әр қалада УЕФА талабына сай бір-бір стадион мен футбол базаларын салып алған кезде ел футболының еңсесі қазіргіден биігірек болар еді деп ойлаймын. Түркістандағы стадионның сыйымдылығы тө­мен­деу дегенімен, қазірше жет­кілікті секілді. Халықаралық ма­тчтар болмаса, Қазақстан чем­пио­натында 5 мыңнан ар­тық жанкүйердің жиналуы – си­рек оқиға. Менің ойымша, Түр­кістандағы стадион тұтас бір өңір­дің спортының дамуына, фут­болының өрлеуіне серпін бе­р­уі тиіс. Жанкүйер ретінде өте қуаныштымын, – дейді ол.

Жалпы, Түркістанда кәсіпқой футбол клубы 1990 жылы «Мон­тажник» деген атаумен құрылды. Тә­уел­сіз Қазақстанның тұңғыш чемпионатына «Монтажник» ат­ауы­мен қатысып, 1993 жылы команда атауы «Яссы» бо­лып өзгерді. Яғни, соңғы рет ел чемпионатында ойнаған Түр­кістанның командасы сол «Яссы» клубы болған. Ол 2005 жылы жабылды. Содан бері рухани шаһардың намысын қорғайтын команда әлі құрылған жоқ. Бірақ облыстағы спорт саласының ба­сында жүрген азаматтардың сө­зіне сенсек, жақын күндері «Тұ­ран» клубы құрылмақшы екен. Онда тек қазақстандық аяқдоп шеберлері доп теппек. Жергілікті футболшыларды қатарына қо­са­тын команда Премьер-лига клубтарымен бәсекелесе ала­тын­дай болып жасақталмақ. Кейін­гі уақытта «Қыран» клубының атауын «Тұран» етіп өзгерту туралы әңгімелер де халық арасында желдей есіп жүр. Оның үстіне, жа­қында «Қыранның» логотипі өз­геріп, клуб осы маусымда алдына үл­кен мақсат қойып отырғанын, яғни Премьер-лигаға жолдама алу­­ды жоспарлап отырғанын жа­риялады.

Бір қызығы, өткен жылы Түр­кіс­тан облысының басты футбол клубы «Қыранның» фут­болшылары мен басшылары ше­­неу­ніктердің кесірінен жа­былып қалудың аз-ақ алдында тұр­ғанын айтып шағымданған. Сол кезде «Қыран» футбол клубының менеджері Наталья Казумян об­лыстық әкімдік түрлі тексеріс жа­сап, бюджетті қысқартып таста­ғанын жеткізген.

– Бірінші лигада ойнайтын өзге клубтардың жылдық бюджеті 1 миллиард теңгеден басталады. Ал біздің 380 миллиондық қаржыны Спорт басқармасы мен облыс әк­ім­дігі 100 миллионға қысқартты. Сон­дағы оларға ұнамағаны – 1-ші лигадан бөлек, 2-лига мен жас­өспірімдер командаларын жат­тықтырғанымыз. Бірақ ол үшін қосымша қаржы сұрағанымыз жоқ, – деген болатын. Ал бүгін клуб­тың алдына үлкен мақсат қойып отырғаны хабарлануда.

Осы және өзге де клубтағы кө­леңкелі мәселелер туралы спорт коментаторы Ермұхамед Мәулен пікір білдірді.

– «Қыран» футбол клубының 300-400 миллион теңгенің шама­сында қарыздары бар. 14-15 фут­болшы 10 шақты ай айлықсыз ойнады. Қазіргі кезде жігіттердің көбі басқа клубтарға ауысып кетті. Қолдарында келісімшарты бар футболшылардың айлығын қайтару керек. Әйтпесе, алдағы уақытта сол үшін аталған футбол­шы­лар клубты сотқа бе­реді. Клуб­та қазір ақша бар. Жаңа ойыншыларды сатып алды. Оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Қа­зір Бірінші лигада ойнап жүр. Егер клуб жоғарғы лигаға шы­ғуды ойласа, бүкіл қарыздарын жапқаны дұрыс. Бірақ ол клубтың менеджменті, маркетингі жоқ. Меніңше, клубты футболдан ха­бары аз, босаңдау адамдар бас­қарып жүрген сыңайлы", – дейді ол.


Белгілі спорт маманы стадионға жаңа атаудың берілу керек екенін айтып, бұл ретте өзінің ұсынысын да қоса жеткізді.

– Бастысы стадион сапалы салынғаны көрініп тұр. BI-Group компаниясы салғаннан кейін жақсы болатыны түсінікті. «Астана-Арена» да кезінде 180 миллионға салынған. Проблема көтерсе сол кезде көтеру керек еді. Сондықтан 30 миллион оның қа­сын­да түк емес деп есептеймін. Мен жаңа стадион төңірегінде өзекті бір мәселені көтерген едім. Меніңше, стадионға жақсы атау берілуі ке­рек. Түркістандағы аренаның «Түр­кістан-Арена» болуы онсыз да бел­гілі нәрсе ғой. Оның жанына Мұстафа Шоқай атындағы Түр­кістан арена стадионы деген сөз­ді қосса, керемет болар еді. Бұл туралы мен ұсынысымды білдірдім. Үлкен спорт кешендері сол өңірден шыққан атақты адамдардың аты­мен аталғаны дұрыс. Түркістан ав­тономиясын, Түркістан легио­нын бүкіл әлемге танытқан Мұс­тафа Шоқай ғой. Сондықтан ста­дион­ға осы атауды бергені жөн, – деп санайды Ермұхамед Мәулен.


Ұсыныс ескерілер болса, жаңа стадионның атауы Мұстафа Шо­қай болып өзгерер. Ал әзірге көп­шіліктің көкейінде стадион атауы емес, «Жасыл алаңда жақ­сы жетіс­тіктерімен қуантатын жер­гілікті жаңа клуб пайда бола ма?» деген сауал тұрған сыңайлы. Бі­рақ басшылық «Қыран» футбол клу­бына үлкен үміт артып, ке­лер жылдан бастап команда Түркістанның атын Қазақстан Пре­мьер-лигасында қорғайтынына сене­ді. Әйтпесе, жаңа клубтың құ­рыл­уы, оның жасақталуына біраз уақыт кетері сөзсіз. Оның үстіне, жаңадан құрылған клуб жарыс жо­лын алдымен Екінші лигадан бас­тайды. Оны жеңіп, Бірінші ли­гаға шығып, одан жоғарғы ли­гаға жолдама алу үшін клуб кемі 2-3 жыл уақытын жоғалтады. Сон­дықтан «Қыранға» қаржы салып, жақсы команда жасақтау тиімдірек болып тұр.

Бірінші лига клубтары бірінші айналымда 7 кездесу өткізеді. Екінші айналымда да тура сондай ойын болады. Жаңа маусымда біріншілікке қатысатын 14 команда екі конференцияға бөлінді. Бірінші конференцияда бақ сынайтын «Қыран» «Ақтөбе», «Алтай», «Мақ­­таарал», «Байқоңыр», «Екі­бастұз» және «Арыс» секілді мық­ты ко­мандаларымен жоғарғы ли­га­ға шығуға таласады. Онымен қоса бұл конференцияда бір ко­манда жеңімпаз атанады. Ал бұл командалар арасында «Ақтөбе» бас­ты фаворит. Қалған командалар да осал емес. Қайткен күнде де «Қыранға» жоғарғы лигаға жолда­ма алу оңайға түспесі анық. Жаңа стадион дайын, жаңа клуб керек пе, жоқ «Қыранға» сенім артыла ма? "Қыран" әзірге 4 матчта 10 ұпай жинап, өз тобында көш бастап тұр. Маусымның аяқталуын күтейік. Оған дейін біраз жайт өзгеруі мүмкін. Сол кезде нақты шешім қабылданар.

Абылайхан ЖҰМАШ


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×