Рафаэль Бенитестің жарқын үш жетістігі

04.06.2015, 17:50
Рафаэль Бенитестің жарқын үш жетістігі
"Реал Мадрид" клубының жаңа бапкері болып Рафаэль Бенитестің тағайындалғаны белгілі. Бұл жайлы мадридтік клубтың ресми сайты да мәлімдеп қойды. Осы бапкер жайлы жанкүйерлер арасында пікірдің аса жағымды емес екені де түсінікті. Мансабында Чемпиондар Лигасындағы он жыл бұрыңғы жеңісімен ғана мақтана алатын Рафаның, Флорентино Переске несімен қызық болғаны да жұмбақ. Бірақ, басшылық сенім артты, демек футбол сүйер қауымға, оның ішінде патшалық клуб жанкүйерлеріне төзім ғана керек. Ал, "Аладоп" Рафа Бенитес есімді азаматтың бапкерлік ғұмырында сәтсіздіктер мен қоса, жарқын жеңістері де болғанын еске салғалы отыр.  "Валенсия". Испан Премьерасы-2001/2002; 2003/2004. Уефа кубогі(Еуропа Лигасы)-2003/2004 Бенитес келгенге дейін "жарғанаттар" ішкі біріншілікте тура 30 жыл топ жарып жеңімпаз атанбаған еді. Бірақ, Рафа алғашқы маусымында-ақ Зиданның "Реалы" мен Роналдоның "Барселонасың" артта қалдырып, Испан Премьерасын бағындырды. Әрине, ол кездегі "Валенсия" мен бүгінгі команданың арасында айырмашылық айтарлықтай. Бенитес чемпион еткен команда, соған дейін қатарынан екі жыл Чемпиондар Лигасының финалына шыққан еді. "Дайын асқа тік қасық"-деуге де аз да болса негіз бар. Сол кезде ғана. Сол маусымда. Бірақ, екі жылдан кейін Испан Премьерасың жеңіп қана қоймай, Уефа кубогін де "Валенсияға" алып келеді. Испаниядағы жемісті үш жылынан кейін, қаһарманымыз Тұманды Альбионға аттанған еді. "Ливерпуль". Чемпиондар Лигасы-2004/2005 Бұл Бенитестің өміріндегі ең ірі жеңіс. Тағы да жаңа командадағы алғашқы маусымында нәтижемен көзге түсті. 2005-ші жылдың 25-ші мамырында, Стамбул шаһарындағы "Миланға" қарсы кездесудің үзілісінде Джеррард бастаған жігіттерге не айтқаны белгісіз, бірақ, үзілістен кейін "қызылдар", алғашқы 45 минутта жауапсыз үш гол тоғытқан "Миланның" екі аяғын бір етікке тыққан болатын. Джеррард, Шмицер, Хаби Алансо голдарынан кейін есеп теңесіп, матч пенальти сериясына дейін созылып, онда "Ливерпуль" жеңісті жұлып алған еді. Екі жылдан соң, тағы Чемпиондар Лигасының финалына шыққанымен, тағы "Миланға" жолығып, Карло Анчелоттидің командасына қарсы бұл жолы айла таппаған-тұғын. Бірақ, АПЛ-да "Ливерпульмен" алтын тағу Рафаға бұйырмапты. Ең жоғарғы орны-2 орын. 2008/2009 маусымда Алекс Фергюссонның "Юнайтедінен" 4 ұпайға қалып қойған болатын. Сонымен қатар, сол маусымдағы Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында "Реал Мадридті" екі ойын қорытындысы бойынша 5:0 есебімен тас-талқан еткен еді. "Челси". Еуропа Лигасы-2012/2013 Екі маусым Интерді сәтсіз баптағаннан кейін, Англияға қайта оралып, бір жыл бұрын Чемпиондар Лигасын жеңген "Челсиді", Еуропа Лигасының шыңына шығарғады. Өзінің еурокубоктердің маманы екенін дәлелдеген жайы бар. Iшкі біріншілікте команданы 3-ші орынға тұрақтатты. Маусым аяқталысымен "Наполидің" тізгінін ұстауға аттанады.  Ал, екі жыл өткен соң "патшалық клубтың" бапкері болып шыға келді.   Фараби ӘБДХАЛЫҚ    
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×