«Ракув» - қандай қарсылас?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
17.07.2022, 00:49
Құрылғанына бір ғастырдан астам уақыт болған польшалық клуб былтыр еурокубокте дебют жасады.
«Ракув» - қандай қарсылас?

«Астана» Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Ракув» командасымен кездеседі. Жеребе тарту рәсімі кезінде елордалық клубтың себетінде АИК (Швеция), «Валмиера» (Латвия), «Викинг» (Норвегия), «Ракув» (Польша), «Паневежис» (Литва) / «Милсами» (Молдова) секілді командалар болған еді. Нәтижесінде «Астанаға» польшалық ұжым қарсылас атанды.

1916 жылы «Раковия» деген атпен құрылған бұл клуб Ченстохова қаласының намысын қорғап жүр. Бұған дейін Польша чемпионатында топ жармаған «Ракувтың» жолы енді ашылғандай. Жиырмасыншы ғасырдағы ең жақсы нәтижесі ретінде 1967 жылғы ел кубогінің финалына шағуын айта аламыз. Бірақ ақтық сында «Вислаға» есе жіберген.

Ғұмырында бірде-бір трофей жеңбеген «Ракув» 2021 жылы Польша кубогінің иегері атанды. Өткен маусымда команда Экстракласада 69 ұпай жинап, чемпион атанған «Лехтен» бес ұпайға артта қалып қойды. Бірақ Польша кубогінің финалында бұл командамен есеп айырысып, қоржындарын тағы бір трофеймен толықтырды. Алты күн бұрын (10 шілдеде) Чехстонова клубы «Лехті» 2:0 есебімен ұтып, тарихында алғаш рет Польша суперкубогін иеленді. «Ракув» 2020/2021 жылғы маусымда да екінші орынға ие болған екен. Бірақ ол кезде «Легияға» қарағанда бес ұпай аз жинаған.


«Ракувты» 2016 жылдан бері польшалық маман Марек Папшун жаттықтырып келеді. Ол келген кезде польшалық клуб екінші дивизионда өнер көрсетіп жүрген еді. 2017 жылы «Ракув» алғашқы орынмен бірінші дивизионға шықты. 2018 жылы жетінші орынды иеленген Папшун шәкірттері келесі жылы Бірінші дивизионның чемпиондары атанды. 2020 жылы «Ракув» ел біріншілігін оныншы орынмен аяқтады, ал одан кейін екі жыл қатарынан күміс жүлдегер атанып, еурокубокте дебют жасады. Сондықтан 47 жастағы бапкердің келуімен Ченстохова клубы гүлдене түсті.


Бұл команданың Конференция лигасындағы алғашқы жорығын жақсы деп бағалауға болады. Турнирдің екінші іріктеу кезеңінде литвалық «Судувамен» екі матчта да тең ойнап (0:0), пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңді. Үшінші раундта ресейлік «Рубинмен» жолығып, тағы да тең түсті. Бірақ бұл жолы экстра-таймда жеңіс голын соғып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ол жерде «Ракувты» бельгиялық «Гент» клубы күтіп алды. Папшун шәкірттері қаймықпай, өз алаңында өткен алғашқы ойында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ қарымта матчта қақпаларына жауапсыз үш гол жіберіп алып, Конференция лигасының топтық кезеңіне шыға алмай қалды.

Transfermarkt порталының мәліметтеріне сүйенсек, команда ойыншыларының 54,8 пайызын легионерлер құрайды. Сегіз бірдей футболшысы ұлттық құрамаларының намысын қорғайды екен. Ойыншыларының орташа жасы 24,3 көрсетті.

«Ракув» клубының жалпы құны - 31,48 миллион еуро. Ең қымбат ойыншыларының қатарында босниялық қақпашы Владан Ковачевич (3 миллион еуро), хорватиялық жартылай қорғаушы Фран Тудор (2,5 миллион еуро) және испаниялық шабуылшы Иви Лопес (4 миллион еуро) бар.


Өткен маусымда Польша біріншілігінде 32 матч өткізіп, 20 гол соққан Иви Лопес чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Одан бөлек, 7 рет әріптестеріне нәтижелі пас шығарып берген екен. Бірақ испаниялық форвардтың Конференция лигасында жолы болмады. Жалпы, өткен маусымда 44 матчқа қатысып, гол+пас жүйесі бойынша 21+12 ұпай жинаған 28 жастағы шабуылшыдан «Астана» қорғаушылары сақ болуы керек. Лопес «Хетафе» клубының академиясында тәлім алған. Одан кейін «Леванте», «Уэска», «Спортинг Хихон» секілді командалардың намысын қорғады.


«Ракувтың» шабуыл шебінде өнер көрсететін тағы бір мықты ойыншысы бар. Ол - 27 жастағы латвиялық шабуылшы Владиславс Гутковскис. Өткен маусымда Экстракласада 28 матчқа қатысып, 9 гол мен 5 нәтижелі пастың авторы атанды. Сондай-ақ Конференция лигасының іріктеу кезеңінде «Рубин» қақпасына жеңісті голды салды. Гутковскис Латвия құрамасында 2016 жылдан бері ойнап келеді. Ұлттық құрамасы үшін 37 матч өткізіп, он мәрте мергендік танытқан. 27 жастағы форвард үшін биылғы маусым да сәтті басталды. Польша чемпионатының алғашқы турында «Варта» қақпасынан саңылау тауып, командасына жеңіс сыйлаған жайы бар.



Сол матчта Владиславстың гол соғуына мүмкіндік жасап берген польшалық жартылай қорғаушы Матеуш Вдовиак үшін де өткен маусым сәтті болды. 25 жастағы футболшы 44 матчта 10 гол соғып, 3 голдық пасты өз еншісіне жазыпты.

«Ракув» маусым аяқталғаннан кейін осындай мықты ойыншыларын сақтап қалды және қатарына 19 жастағы қақпашы Юкуб Мадрзык (Польша), 18 жастағы қақпашы Хавьер Джеконски (Польша), 24 жастағы қорғаушы Статос Сварнас (Грекия), 23 жастағы жартылай қорғаушы Мигель Луиш (Португалия), 19 жастағы вингер Даниэл Шелаговски (Польша) және 27 жастағы шабуылшы Фабиан Пиясецкиді (Польша) қосқан екен.

«Ракув» өз алаңындағы ойындарын Ченстохова қаласындағы стадионда өткізеді. Шағын болғанымен, табиғи төсеніші бар әдемі стадион екен. Сыйымдылығы 5500 адамды құрайды.


Айта кетейік, қос команда арасындағы алғашқы ойын 21 шілделен 22-не қараған түні Польшада өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×