РАУАН САРИЕВ: ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ КҮНІ БОЛСАҚ…

13.08.2011, 20:32
РАУАН САРИЕВ: ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ КҮНІ БОЛСАҚ…
«Оле Бразил Клаб» академиясында оқып, жаттығып жүрген жерлесіміз Рауан Сариевтың Бразилияның Белу-Оризонти қаласындағы «Атлетико Минейро» клубымен 3 жылдық келісім шартқа қол қойғанын жазғанбыз. Бүгін біз назарларыңызға Бразилия алаңында доп тебетін қазақ баласымен болған сұхбатты ұсынып отырмыз… - Әңгімені туып-өскен жеріңнен,футболдағы алғашқы бапкеріңнен бастасақ? - Алматы облысы,  Ескелді ауданы,  Қарабұлақ ауылында дүниеге келдім. Алғашқы бапкерім Ерлан әкем болса, жасыл алаңдағы тұңғыш жаттықтырушым Барзукаев Ахмет деген кісі. - Бразилияның Сан- Паулу штатындағы «Оле Бразил» академиясында аяқдоптың қыр-сырына қанығып жатқаныңа үш жылдай болды. Осы уақыт аралығында футболшы ретінде қандай қандай ой түйдің? - Техникамды жетілдірдім дей аламын. Пас беру әдістерін жақсы меңгердім деп ойлаймын. Әсіресе, гол соғуды әдетке айналдырдым. Аптаның бір күні тек физикалық жаттығулар үшін арнайы белгіленген. Күніне 3 сағат доппен жұмыс істейміз, 1 сағаттай дене жаттығуларын жасаймыз. Осындай күн тәртібінің әсерінен футболшы ретінде қалыптасып келемін. Енді жаңа клубқа ауысып жатырмын. Ондағы ойынымда уақыт көрсетеді. - Сені Сан-Паулудағы жергілікті командада ойнады деп естідік… - Қазақстаннан барған 26 баламен бірге болдым. Содан кейін ойынымды ұнатқан болуы керек, 1993 жылы туған Бразилия балаларынан жасақталған жергілікті «Оле Бразил» командасы өз қатарларына қосты. Бұл командада менен басқа шетелден ойыншы болған жоқ. «Оле Бразил» сапында Сан-Паулу штатының Паулиста деп аталатын үлкен лигасында ойнадым. Негізгі құрамда сынға түсіп, 30-дай гол соғып үлгердім. - Ес білгеннен доп қуатын Бразилия ұлдарымен тең дәрежеде ойын көрсету оңай болмаған шығар… - Әрине, басында қиын болды. Дегенмен, «Оле Бразил» бұл турнирдің қазіргі сәттегі жеңімпазы. - Кішірек кезіңде облыстық, республикалық жарыстарға қатысқан боларсың. Сол жарыстарды Паулистамен салыстырып көрдің бе? - Шындығын айтқанда, аралары жер мен көктей сияқты. - Осы тұста қазақ футболы мен Бразилия футболының өзің байқаған айырмашылығын айта кетсең. Қазақ футболына не жетпейді? - Ең алдымен айтарым, Бразилия футболы анағұрлым жылдам, әлдеқайда ойлы. Бразилиялықтар футболға бейім болғандықтан, бұл елде бәсекелестік өте күшті. Бір күн болса да барыңды салмасаң, негізгі құрамға қайтып келуің қиын. Сенің орныңды басуға дайын тұрған ойыншылар жетіп артылады. - Өзіңнен басқа Пеле мен Роналдоның ізін басып келе жатқан жас таланттармен үзеңгі қағыстырып жүрген қазақ балалары бар ма? - Әрине бар. Мұхтар Қалымбетов, Берік Шайхов сияқты футболшылар өздерін тек жақсы қырынан көрсетуде. - Араларыңда жалқаулығы басым, тәртіпке төзе алмағандар да болған шығар… - Болмады дей алмаймын, шамамен 6 баланы алғашқы жылы-ақ елге қайтарды. - Сабақты қай тілде оқисыңдар? Қазақ балалары өзара Алла сыйға тартқан ана тілдеріңде сөйлесетін боларсыңдар? - Әрине, өзге елде жүрсек те өз тілімізді ұмытпаймыз. Осындағы қазақ балалары шетінен патриот. Сабаққа келер болсақ, дәрісті португал тілінде оқимыз. Бастапқыда қиын болса да, бір жылдан соң үйреніп кеттік. Әңгімелескен Нұршапағат Несіпбаев.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×