РАУАН САРИЕВ: ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАР ҚҰРАМАСЫНА ШАҚЫРТУ АЛДЫМ

08.10.2012, 21:42
РАУАН САРИЕВ: ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАР ҚҰРАМАСЫНА ШАҚЫРТУ АЛДЫМ

Бразилияның «Ботафого» командасында ойнайтын он тоғыз жасар қазақ баласы Рауан Сариевпен пен тілдесуге мүмкіндік алдық. Жас футболшы Қазақстан футболының бүгінгі жай-күйіне байланысты өз ойын білдіріп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Рауан Сариев Бразилиядағы «Оле Бразил» футбол академиясының түлегі. 2009 жылы бір топ қазақстандық жас балалар Сан-Паулу қаласында аттанып, сол жақта үш жыл бойы жаттыққан еді. Кейін Бразилияның «Атлетико-Манейро» командасы Рауан Сариевті өз құрамына шақырып алып қалған. Қазақ футболшысы бұл клубта екі жыл доп тепті. Ал 2012 жылдың шілде айында Рио-де Жанейро штатының «Ботафого» командасына ауысты. «ОЙЫН КЕЗІНДЕ ЖАРАҚАТ АЛЫП ҚАЛДЫМ» -         «Ботафого» командасында ауысқаныма біраз уақыт болды. Жастар арасындағы чемпионаттың ойыны кезінде тобығымды тайдырым алдым. Қазір бір ай болды емделіп жатырмын. Басында жүре алмай қалғам. Қазіргі жағдайым жақсы. Бір-екі аптадан кейін жастар арасындағы Бразилия чемпионаты басталады. Жарақатым жазылса ойындарға қатысамын, – дейді футболшы. -         Оқырмандарға жаңа ауысқан командаң жайлы айтып өтсең… -         Бұл команда Бразилия чемпионатының жоғарғы лигасында ойнайды. 2011 жылғы чемпионатта алғашқы ондықақ енген. Ал мен жастар командасында жаттығып жүрмін. Жасым 21-ден асқанда ересектер арасында ауысармын. «Ботафогода» Қазақстаннан басқа, Голландия, Уругвай елінен келген ойыншылар бар. Мен ойнап жүрген команданы, ФИФА ХХ ғасырдың ең үздік жиырма командасының қатарына енгізген. «Ботафого» сапында бұрын Гарринча, Рикардиньо, Зе Роберто сынды мықтылар ойнаған. -         Бразилияда тұрып жатқаныңа төрт жылдан асыпты. Алған тәжірибе мен үйренгендерің  көп болар… -         Бразилияда бапкерлер техникаға көп мән береді. Әр командада оннан астам жаттықтырушы бар. Әр футболшыны жеке маман жаттықтырады.  Күніне бес сағат үзіліссіз алаңда жаттығамыз. Тактикалық тұрғыдан қарсыласыңды қалай алдау керек, доппен қалай финт жасау керек сол жақтарын үйретеді. Кейін арнайы сыныпта футбол сабағын оқимыз. Тақтада сызбалармен қарсыласыңды алдау әдістерін үйретеді. Сабақтан сон миымызды жаттықтыру үшін шахмат ойнатады. Аптасына үш рет психологпен жұмыс жасаймыз. Олар бізге қарсылас команда ойыншыларынан қорықпауды үйретеді. Яғни, психологиялық тұрғыдан дайындайды. Ал команда дәрігерлері ойын кезінде жарақат алып қалсаң, қандай әрекетке бару керектігін үйретеді. ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛЫ БРАЗИЛИЯМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ЖҮЗ ЖЫЛҒА АРТТА ҚАЛҒАН -         Ал Қазақстанда футболшыларды дайындау жағы қалай? Хабарың бар ма? -         Әрине, Қазақстанда бүкіл командаға бес жаттықтырушы, бір дәрігер, бр массажист бөлінеді. Әр команданың жеке мектебі жоқ. Тек биыл ғана «Қайрат» командасында ғана жеке академия ашылды. Ойыншылар психологтарды дайындамайды. Біздегі жаттығу жүйесі ескі сияқты көрінеді. Бразилия мен Қазақстанды салыстыруға келмейді. Менің ойымша, Қазақстан футболы Бразилиядан жүз жылға артта қалып қалған. -         Бразилияда спорттық медицинаның дамуы  қай деңгейде? -         Менің жарақатымды емдеу үшін жеке дәрігер қарастырылған. Бразилияда әр команданың жеке клиникасы бар. Тіпті жарақатың ауыр болса, қаладағы ірі клиникаларға ақша төлеп емдетеді. Бай клубтарда арнайы «жедел жәрдем» тікұшағы бар. Біздің командада ай сайын тегін медициналық тексеруден өтіп, жүрегімізді тексеріп тұрамыз. АРМАНЫМ – «МИЛАН» МЕН «АРСЕНАЛДА» ОЙНАУ -         Қазақстан құрамасына шақырту келді ме? Алдағы уақытта қазақстандық командаларға ауысу жоспарыңда бар ма? -         Биыл Қазақстан жастар құрамасына шақырту алғанмын. Бірақ виза мәселесі бойынша елге келе алмадым. Ал ұлттық құрамаға әлі шақырған жоқ. Қазақстандық клубтарға келу жайлы ойланып көрмеппін. Бразилияда біраз уақыт жүре тұрамын. Ал негізгі арманым, Италияның «Милан» немесе Англияның «Арсенал» командасында ойнау. -         Еуропалық командалардан ұсыныс түскен жоқ па? -         Жоқ. «Ботафого» командасында әлі ойнаймын. Менің басқа командаға ауысуымды жеке агентім Фабрисео Данеро есімді бразилиялық менеджерім шешеді. Бразилияның бірнеше командасынан ұсыныс түскен. Бірақ олардан бас тарттым. Маған қазіргі командам ұнайды. Жалақы, тұратын баспана, тамақ, киім жағына бөлек ақша төлейді. Алатын жалақым бөлек есептеледі. -         Бразилияда футбол жұлдыздары көп. Қайсымен кездестің? -         Қазір португал тілін жетік меңгердім. Бразилияның жастар командасында ойнайтын бірнеше футболшылармен сөйлесіп тұрамын. Жалпы, Пеле, Роналдиньо, Роберто Карлос сынды футболшылармен кездестім. Қолым бос болса Бразилиядағы ірі жарыстарға барамын. Қазір бұл ел 2014 жылы өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатыр. -         «Оле Бразил» футбол академиясында оқыған қатарластарыңмен араласып тұрасың ба? Жалпы, бұл футбол мектебінде оқып жатқан қазақ балаларының жағдай қалай? -         Академияда оқыған қатарластарым қазір Қазақстанда «Бәйтерек» командасында ойнап жатыр. Нәтижелері жақсы. Ал қазір Бразилияда оқып жатқан жиырмаға жуық қазақ балалары 2014 жылдың аяғында бір-ақ елге қайтады. Қазір оларды бразилиялық бапкерлер оқытып жатыр. Өз басым, Қазақстан футболының дамитынына сенемін. Жанкүйерлер бізден үміт күтіп отыр ғой. Үмітті ақтау үшін аянбай жаттығамыз. -         Қазақстанға қашан келесің? -         Былтыр қыста ауылыма (Сариев  Алматы облысы Көксу ауданы Бақтыбай ауылынан – ред) келіп қайтқам. Енді 2013 жылдың аяғында келермін. -         Сұхбатыңа рахмет. Сұхбаттасқан: РУСЛАН МЕДЕЛБЕК. «АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ»
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×