Бізде неге футбол клубтарының жанама атаулары қалыптаспаған?!

08.10.2012, 21:40
Бізде неге футбол клубтарының жанама атаулары қалыптаспаған?!

Футболдан ішкі біріншілікті дамытудың түрлі жолдары бар. Соның бірі, футбол клубтарының ұжымына лақап ат қою. Бұл бізде қалай жүріп жатыр?!

Әлемдегі әйгілі адамдардың дені лақап аттарымен танымал. Кейбір есімдерді ресми түрде атағаннан гөрі, халық берген атауымен айтқан әлдеқайда тиімді әрі жеңіл. Халық та тез қабылдайды. Өйткені, халық қойған есім тарихта қалады, санадан шықпайды, жадымыздан ұмытылмайды. Сондай-ақ, өзі берген есімін өзі жылы қабылдайды. Бізде футболдан ішкі біріншіліктің деңгейін өсіру керек деген сөз жиі айтылады. Футбол деген халықпен, оның ішінде жанкүйерлердің қошеметімен шендесіп жататын өнер. Сондықтан, әр кез жанкүйерлердің пікірімен санасып отырғанның ағаттығы жоқ. Еуропаның ұлттық чемпионаттарына қарап отырсаңыз, командалардың барлығында халық берген жанама атау бар. Мәселен, «Ньюкаслды» сауысқандар, «Ливерпульді» қызылдар, «Манчестер Юнайтедті» қызыл сойқандар, «Челсиді» ақсүйектер, «Арсеналды» зеңбірекшілер деп атайды. Бір команданың өзін бірнеше атауымен сөз етеді. Ағылшын чемпионатының ұлы саналатындығы да содан. Бұл жақта футбол клубтарының тарихы мен философиясы осы атауға лайық, сонымен қатар үстіне киген жейделері де сол атауды айғақтап тұрады. Футбол клубтарына жанама атау беру спорттағы мәдениеттің бір түрі. Сондай-ақ, оның бұқаралық сипат алуына да үлкен жол ашады. Бізде жоғарғы лигада өнер көрсететін клубтар саны санаулы ғана. Бар-жоғы 14 команда. Бірақ, сол командаларға лайықты ныспы бере алмай келеміз. Әншейінде ат тауып беруге шебер халық футболға келгенде тым-тырыс. Осыдан-ақ, халық пен футболдың арасы алшақтау екендігі анық байқалады. Мәселен, «Шахтерді» кеншілер дейміз. Осы секілді «Атырауды» мұнайшылар, «Ордабасыны» мақташылар, «Қайсарды» күрішшілер десе әбден жарасып тұр. Шыны керек, қай қаланың намысын қандай клуб қорғайтынын әлі күнге дейін ажырата алмай жүргендер бар, соларға да сабақ болар еді. Әрине, бұл шартты түрде ғана келтірген мысалдарымыз. «Қайрат» десе алматылықтар еске түседі. «Ақтөбенің» ақтөбелік команда екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ, біздің айтып отырғанымыз ресмиліктен алыстап, халыққа жақындау. Қазақ комментаторлары отандық біріншілікті сөз еткенде командалардың ресми атауымен ғана шектеліп, «оңтүстіктен», «солтүстіктен», «шығыстан», «батыстан» деген секілді жаттанды тіркестерді ғана қолданады немесе сол облыстың немесе қаланың ғана атын айтады. Осындай сәттерде бір команданы әр қырынан көрсетіп, түрлі атауларын сөз етсе дейміз. Футбол мен халықты жақындатса деп тілейміз. Ал, сіз қалай ойлайсыз? BAQ.KZ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×