
Football Benchmark есебіне сәйкес, Испаниялық "Реал Мадрид" қатарынан екінші жыл әлемдегі ең құнды футбол клубы атағын сақтап қалды. Клубтың жалпы құны 6,278 миллиард еуроны құрап, бұл көрсеткіш арқылы олар тарихта 6 миллиард еуродан асқан алғашқы футбол клубы болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайыздық өсімді білдіреді.
"Реал Мадрид” "Манчестер Сити" (5,104 млрд еуро) мен "Манчестер Юнайтед" (5,051 млрд еуро) сынды басты бәсекелестерінен озып шықты. Бұған клубтың тұрақты қаржылық стратегиясы, бренд құндылығы мен коммерциялық табысы тікелей әсер еткен.
2024/25 маусымында “Мадридтік" ұжым алғаш рет маусым ішінде 1 миллиард еуродан астам табыс тапты. Бұл табыстың негізгі бөлігі жаңартылған "Сантьяго Бернабеу” стадионынан түскен – ол жеке өзі клубқа 251 миллион еуро пайда алып келіпті. Жаңа стадион тек футбол матчтары ғана емес, түрлі шоу-концерттер мен іс-шаралар үшін де тиімді алаңға айналды.
Еуропалық футбол нарығында басқа клубтар да өсім көрсетті. Мәселен, "Барселонаның” жалпы құны 4,459 миллиард еуроға жетіп, 8 пайызға артса, "Атлетико Мадрид" пен "Реал Сосьедад” сәйкесінше 12% және 35% өсімге қол жеткізді. Италияда "Милан" мен "Интер" клубтары "Ювентустен” озып, өз рейтингтерін жақсартты. "Наполидің" де қаржылық жағдайы тұрақтанып, 21 пайызға артқан.
Сарапшылардың пікірінше, "Реал Мадридтің" бұл жетістігі клубтың стратегиялық басқаруынан, әлемдік нарыққа бағытталған маркетингінен және инфрақұрылымды дамытуға салынған инвестицияларынан туындады. Сонымен қатар, клуб әлеуметтік желілерде де ең көп аудитория жинаған командалардың бірі болып табылады.
Біздің серіктес: FONBET