«Реал Мадридті» тізе бүктірген «Алькояно» жайлы не білеміз?

Жақып Марғұлан
Бас редактор
21.01.2021, 11:31
“Реалды” Испания кубогінен ұшырған үшінші лига клубы жайлы азды-кем ақпараттар.
«Реал Мадридті» тізе бүктірген «Алькояно» жайлы не білеміз?

Испания кубогінің 1/16 финалында үшінші дивизионның “Алькояно” клубы мадридтік “Реалды” овертаймда 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.

“Алькояно” клубы 1928 жылдың 13 қыркүйегінде құрылған. Алькой қаласындағы құшағына 4850 көрермен сыйдыра алатын “Эль Коллао” стадионында доп тебеді. Жалпы тарихында төрт мәрте Ла лигада өнер көрсетіп, 1947/48 жылғы маусымда ең жоғары нәтижеге қол жеткізген. Сол жылы примерада 22 ұпаймен оныншы орын алса, мадридтік “Реал” 21 ұпай еншілеп, 11-орынды місе тұтқан екен. Ла лигада соңғы рет 1950/51 жылғы маусымда бой көрсетіпті. Яғни “Реал” примераға 70 жыл бойы көтеріле алмай келе жатқан клубтан ұтылды.

Клуб футболшыларының жалпы құны – 2,6 миллион еуро. Ал “Реал” “Алькоянодан” 300 есе қымбат, яғни 782 миллион еуро. Мадридтіктердің ең арзан ойыншысы Андрей Луниннің өзі үш миллион еуроға бағалануда.

”Алькояно” ойыншыларының орташа жасы 31,5-ті құрайды. Ең егде ойыншысы 41 жасар қақпашы Жозе Хуан Фигерас. “Реалға” қарсы ойында толық 120 минут өткізіп, он сейв жасады.

”Спортшылар” соңғы сегіз ойында жеңілмей келеді. Алты ойында жеңіске жетсе, екі кездесу тең нәтижемен аяқталған. Ағымдағы маусымда Сегунда Б-ның 3-тобында он матч өткізіп, 16 ұпай еншілеп, төртінші орынға жайғасқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×