Ресей жеңіс тойын тойлауда

09.06.2012, 23:18
Ресей жеңіс тойын тойлауда

   Өз байрағын көтерген Еуропа чемпионатының алғашқы күнінде Ресей ұлттық құрамасы жарыс жолына шыққан болатын. Олардың қарсыласы азулы Чехия құрамасы еді. Мамандар «А» тобындағы фавориттер осы екі елдің ұлттық құрама командалары деп топшылаған. Кеше өткен «А» тобындағы ойындар командалардың әуселесін біршама аңғартқандай көрінді. Бұл топтағы гректер де өздерінің ойын өрнегімен тамаша шабуылдар ұйымдастыра біліп, оңай шағылатын жаңғақ емес екенін дәлелдегендей. Өз жанкүйерлерінің алдында поляктардың аянып қалмағаны анық. Ал Ресей құрамасының ойыны жанкүйер қауымының айызын қандырғандай.

  Кеше өткен Ресей ұлттық құрамасының жеңісін жанкүйер қауым үлкен мереке ретінде қабыл алуда. Мәскеудегі жаңбырлы күнге қарамай жанкүйерлер ұлттық құраманың жеңісін түнімен тойлады. Қала көшелерінде барабан ойнатылып, ән шырқалды. Бұған полиция қызметкерлері де түсініспеушілікпен қарады.

  Жалғыз Мәскеу ғана емес, Ресейдің басқа қалалары да бұл ойынды әрқалай тамашалап, әрқалай тойлауда. Мәселен Новосібір қаласындағы 10000 жуық жанкүйер таңға дейін ән салып, би билепті.

   Самара қаласындағы ойыннан тікелей көрсетілім орталық паркке ұйымдастырылған екен. Бірақ қатты дауылдың соғуына байланысты ойын көрсетілмейтін болып шешілгеннен кейін, жанкүйер қауым кафе мен спортбарларды жағалап кеткен көрінеді. Ресей ұлттық құрамасы үшінші голын соққаннан кейін, фанаттар бір-бірін құттықтап, үлкен отшашуын бастап та кетіпті.

Ал Украинаның Львов қаласында Ресей және Украина құрамаларының фанаттары арасында қақтығыс орын алыпты. Нәтижесінде екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Әзірге қақтығыстың анық-қанығы анықталуда.

  Daily Telegraph басылымының мәлімдеуі бойынша Польшаның Лодзь қаласында Ресей мен ағылшын жанкүйерлеріне шабуыл жасалыпты. Куәгерлердің айтуынша бірнеше машинамен келген елуге жуық қарақшылар бетперде тағып, жергілікті команданың жейдесін киіп шабуыл ұйымдастырған. Екі шетелдік жанкүйер жарақаттаныпты.

   Енді Ресей ұлттық құрамасы 12 маусымда Польшаға қарсы ойын өрнегін өткізетін болады. Мінекей Еуроның да қызықтары басталып кетті.

Өмірбек САНСЫЗБАЙ

 

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×