Қазақстан құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаев "Таразға" ауысты, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.
Ұлан Қонысбаев 1989 жылы 28 мамырда Өскемен қаласында дүниеге келген. 8 жасында отбасымен Тараз қаласына көшіп келген ол жамбылдық футбол мектебінің түлегі болып есептеледі. Өзінің туған командасы "Тараз" сапында алғаш рет 19 жасында өнер көрсетті. Әр жылдары "Тараз", "Астана", "Шахтер", "Қайрат", "Атырау", "Ақтөбе", "Оқжетпес" командаларында ойнаған.
"Мен алғашқы жетістіктерім басталған Таразға қайта оралғаныма қуаныштымын. Өз қалпыма қайта келіп, бар күшімді салуға тырысамын. Сүйікті жұмысыммен айналысуды қатты сағындым. Клуб басшылығына қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығымды білдіремін және олардың сенімін ақтауға тырысамын", - деді футболшы клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кету керек, 32 жастағы жартылай қорғаушы жарақатына байланысты соңғы екі жыл бойы футболдан қол үзіп қалған болатын.
"Тараз" КФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET