Робин Госенс - Еуропа чемпионатындағы ең қызықты матчтың қаһарманы

Робин бәрібір шыңға қарай ұмтылды, кеше ол өзінің жейдесін беруден бас тартқан Роналдудың командасына тосынсый жасады.
Робин Госенс - Еуропа чемпионатындағы ең қызықты матчтың қаһарманы

Робин Госенс Португалия мен Германия арасындағы матчтың басты қаһарманына айналды. Ол соғылған төрт голдың барлығына қатысты, пас беріп, гол соқты, нәтижесінде үздік ойыншы деп танылды. Сондықтан неміс футболшысы туралы айтудың өзіндік себебі бар.

Әуесқой клуб, сыра және Дортмундтағы сәтсіз қаралым

Робин Нидерландымен шекаралас немістің кішкентай қаласында дүниеге келген. Бала кезінен ол полиция болуды армандады, футбол туралы ойлаған да жоқ. Оның үстіне, футболда жолы болмаған Робиннің әкесі де үлкен еуропалық клубтарда ойнауды армандады, бірақ ешқашан футбол алаңында жарқырай алмады.

"Мен 6-7 жасымда атаммен бірге жұмысқа келдім. Ол мені полиция көлігіне отырғызып, басыма полицияның бас киімін кигізіп, сиренаны қосты. Сол сәтте мен полиция болып жұмыс істейтініме сенімді болдым", - деді Госенс Sportweek-ке берген сұхбатында.

18 жасына дейін ол "Реде" деп аталатын әуесқойлар клубында ойнады және жанармай құю бекетінде кассир болып жұмыс істеді. Матчтардан кейін Робин достарымен жиі сыра ішіп, көп көңіл көтерді. Ол тіпті "Боруссия Дортмунд" академиясындағы сәтсіз қаралымнан кейін керемет футбол мансабымен қоштасуға шешім қабылдады.

"Жаттығу кезінде мен өзіме сұрақ қоя бастадым: мен мұнда не істеп жүрмін? Бұл менің үйреншікті ісім емес еді. "Реде" клубында біз бұрыштамадан пас беру бойынша жаттығуды жасадық, қақпаға соққы бағыттап, ақымақ секілді ойнадық, бір матч өткізіп, үйге қайттық. Осы қаралым кезінде мен нағыз жаттығудың қандай болатынын бірінші рет көрдім - әрине, ол кездесуіміз сәтсіз аяқталды. Ойын басталды, мен адасып кеттім - өте көп тактика, мен қайда жүгіруді және не істеу керектігін білмедім. "Егер орын болса, біз хабарласамыз", - деді "Боруссия" клубының қызметкерлері, бірақ мен бәрін түсіндім. Мен тіпті ренжіген де жоқпын - басқа балалар әлдеқайда жақсы көрінді. Мен "Редеде" 19 мың тұрғынның арасында жұлдыз болдым. Бірақ "Дортмунд" үшін ешкім емес екенмін", - деді Госенс сәтсіз қаралым туралы.

"Витесске" ауысқаннан кейін Госенстің мансабында қандай өзгерістер болды?

Робин "Реде" сапында ойнауды жалғастырды, біраз уақыттан кейін оны голландиялық "Витесс" скауттары байқады. Олар басқа футболшыны қарауға келген, бірақ Госенстің ойынына таңданып, содан кейін оны қаралымнан өтуге шақырды.

Бұл жолы Робин сынақтан сәтті өтіп, "Витесстің" жастар командасында ойнай бастады. Госенс Нидерландыға көшкеннен кейін бірден өзімен жұмыс істей бастады. Бірақ ол ешқашан "Витесстің" негізгі командасында ойнаған жоқ.

2014 жылдың басында Госенс Эрстедивизияда өнер көрсететін "Дордрехт" клубына жалға берілді. Онда ол үлкен футболдағы дебютін жасады, сонымен қатар клубтың Эредивизияға шығуына көмектесті.

Бір жарым жылдан кейін "Витесспен" келісім-шарты аяқталған Госенс "Хераклес" клубына еркін агент ретінде ауысты. Жаңа командасында бірден негізгі құрамға ілігіп, Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде екі матч өткізді.

Робин "Аталантаға" ауысқысы келмеді және сол үшін өз агентін қызметінен босатты

2016 жылдың желтоқсанында "Аталанта" неміс ойыншысына қызығушылық танытты. Келесі жылдың жазында италиялық клубтың өкілдері оның агентімен байланысқа шықты. Ол кезде Госенс Мальоркада командаластарымен бірге демалып жатқан және басқа клубқа ауысу туралы ойламаған да еді.

"Менің есімде, жағажайда шомылып жүрген едім, бір кезде телефон шырылдады. Агент: "Сіз қазір келіп, келісім-шартқа қол қоюыңыз керек!" деп айтты. Бірақ мен клуб өкілдерімен сөйлескен жоқпын. Мен қала туралы ештеңе білмедім, жаттығу базасын көрмедім. Агент трансфер жасамай, жай ғана "Аталантаның" менің қызметіме қаншалықты қызыққанын білуі керек еді. Мүмкін, оған жақсы бонус уәде етілген шығар. Мен жай ғана тұтқаны қоя салдым", - деп еске алды Робин.

Содан кейін "Хераклестің" спорттық директоры оған "Аталантаға" ауысқаны жайлы хабарлады. Госенс оған жауап берген жоқ, демалыстан кейін ол келісім-шартқа қол қоймаймын деп агентін жұмыстан шығарды.

Алайда, бәрібір бұл ауысым орын алды. Госенс әкесімен бірге Бергамоға барып, "Аталантамен" келісім-шартқа отырды. Бірінші маусымда Гасперини дәстүр бойынша жаңадан келген ойыншыны негізгі құрамға шығармады. Бірақ кейінірек оны "Аталантаның" нағыз көшбасшысы етті.

Роналду неге Робинге жейдесін беруден бас тартты?

Бірде Робиннің қызықты оқиғаны бастан өткерді, ол туралы Госенс өзінің өмірбаянында жазды. Неміс футболшысы "Ювентуспен" өткен матчтан кейін Роналдудан жейде сұраған, бірақ португалиялық оған жейдесін беруден бас тартты.

"Ювентуспен" өткен ойынның соңында мен өз арманымды жүзеге асыруға тырыстым - Роналдудың жейдесін алғым келді. Төрешінің ысқырығынан кейін мен тіпті жеңісті тойлауға кіріспестен оған жақындадым. Бірақ Роналду бас тартты. Мен одан: "Криштиану, мен сенің жейдеңді ала аламын ба?" деп сұрадым. Ол маған назар аудармастан "жоқ" деп жауап берді.

Мен ұялдым, тіпті қызарып кеттім. Мен өзімді кішкентай бала секілді сезіндім. Және бұл жағдайды ешкім байқамасын деп жасыруға тырыстым", - деді Госенс.

Робиннің командаластары Ремо Фройлер мен Ханс Хатебур оның көңілін көтеруге тырысып, киім ауыстыратын бөлмеде Роналдудың жейдесін сыйға тартты. Ал кешегі матчтан кейін португалиялық футболшының өзі Госенспен жейде алмастыруға қарсы болмайтын шығар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×