Ройс "Боруссиядан" кетеді

08.11.2014, 04:27
Ройс "Боруссиядан" кетеді
Әр жыл сайын үйреншікті жағдай. Екі жыл бұрын ғана Чемпиондар Лигасының финалында ойнағанымен, дортмундық "Боруссия" кәрі құрлықтың нағыз алпауыт клубтарының санатында емес. "Бавария", "Барселона", "Реал Мадрид", "Челси" секілді топ-клубтармен жалпы статусы жағынан иық тіресуге қауқары жетпейді. Сондықтан да, әр жыл сайын команданың ең маңызды ойыншысының бірі кетіп отыратыны түсінікті. Былтыр Марио Гетце, биыл Роберт Левандовски, ендігі жылы.. иә, Марко Ройс. Әдеттегідей, басты қарсыласын басты қаруынсыз қалдыруға шебер "Бавария" қызығушылық танытып отыр. Тек, "Бавария" ғана емес, сонымен қатар бірнеше Еуропаның белді кулбтары да өз қатарында бұл талантты жартылай қорғаушыны көргісі келеді. Неміс басылымдарының мәлімдеуінше, яғни оларға сенсек, жазда Ройс міндетті түрде клуб ауыстырады. Фаворит-"Манчестер Сити". Қалалықтардың жайы түсінікті, орталық алаңда Сильвадан басқа шабуыл ойлап табар футболшы жоқ. Сильвасыз кеше "ЦСКА"-ға қарсы бейшара хәлін көрдік. Сондықтан, шейхтар "Боруссияға" да, "Ройстің" өзіңе де бас айналдырарлық сомма ұсынып(оларға ақша сөз болып па?), командасының қатарына қосуға бар күштерін салары белгілі. Ал, Ройстың досының сөзіңе сенсек, футболшының мақсаты "Реал Мадрид" сапында өнер көрсету екен. Тағы да, үміткерлер қатарында "Барселона" да бар. Бүгінгі "Боруссияның" жағдайын көріп отырмыз. Иә, Чемпиондар Лигасында ізбе-із жеңіп жүр-ау, ал Бундеслигада бара-бара құрдымға кетіп барады. Көп ұпай жоғалтылды. Онымен қоса, бүгінгі таңда ішкі біріншілікте бәсекелестік өте қатты күшейді. "Бавария" түсінікті, "Байер", "Вольфсбург", "Боруссия М" секілді командалар жолдаманы оңайлықпен бермейді. Бұл қалыппен, ендігі жылғы Чемпиондар Лигасына жолдама алу қиынның қиыны. Сондықтан, Марко Ройс кетеді деген ақылға қонымды дүние. Дортмундықтардың бұндай жұлдызды ойыншыны ұстап қалуға әлеуеті жетпейді.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×