Роналду мен Месси. Кім мықты?

Біз өмір сүріп жатқан дәуірде екі мықты ойыншы бар. Тұла бойы тұнған күш Криштиану Роналду мен қарға бойлы қаһарман Лионель Месси. Бұл екеуінің қайсысы мықты? Әлемде қанша миллиард адам болса соның футболға қызығатыны осы тұста екіге жарылып, қызылкеңірдек болып айтыса кетеді. Ал біз қалай ойлаймыз?
Роналду мен Месси. Кім мықты?

Криштиану Роналду Аргентина немесе Бразилия секілді таланттар ұстаханасынан шыққан жоқ. Әлбетте Португалия да футболды бір кісідей меңгерген мемлекеттердің бірі. Алайда Эйсебио заманынан кейін бұл елдің құрамасы біршама уақыт тұралап қалды. Кейін ғасырлар тоғысына таман бір шоғыр мықтыларды шығарды. Олдың қатарына Луиш Фигу, Нуну Гомеш, Витор Байя, Нуну Эсперинту, Руй Кошта, Са Пинту секілді футболшыларды қосуға болады. Араға жылдар салып Португалия құрамасы мықты ойыншымен толықты. Ол – Криштиану Роналду. Бірден айтайық, оның Португалияда туғаны, жақсы футбол академиясында ойнағаны еш маңызға ие емес. Роналду Бельгияда немесе Голландияда, тіпті Румынияда туса да дәл осындай футболшы болар еді. Себебі, оның іске деген құштарлығы, нағыз кәсіпқой футболшы екенін көрсетуі, қаншама жылдар бойы спорттық бабын жоғалтпай тұруының өзі жанкештілікті білдіреді. Чемпиондар лигасын жеңіп болған соң ертесіне жаттығу жасаған адамнан не сұрайсыз? Ол жай жасыл алаңда ғана жаттығып қоймайды ғой. Бассейнге барып жүзгіштермен жарысады, желаяқ Үсейін Болтпен де тайталасып көреді. Үстел тенисінен спорттық дәрежесі бар адаммен тең ойнайды. Ғалымдар оның футбол кезіндегі секірісі мұхиттың ар жағындағы елдің Ұлттық баскетбол лигасындағы баскетболшылардың секірісімен бірдей екенін айтады. Осының бәрі еңбек емей немене?

Футболда жеңген жетістіктерін санап, ұтқан кубоктар мен марапаттарынан музей құрып, тапқан қаржысын өмірінің соңына дейін талғажау ететін жағдайды ол 25 жасында-ақ жасап қойды. Бірақ, одан кейін әлі де 10 жыл бойы жоғарғы деңгейде футбол ойнап келеді. Жаттығуға бейқам қарамай, нағыз кәсіпқойлығының арқасында ол атлет деген атқа лайық болды.

Жетістіктермен өлшенетін футболда Роналдудың Мессиге қарағанда шоқтығы биік. Чемпиондар лигасын қатарынан жеңіп, голды қарша боратуы, талай рекордтардың мұртын бұзуы тұрғысында ол аргентиналықтан мықты. Құрама командасымен Еуропа чемпионы атанды. Еуропа чемпионатын көп сарапшы Аргентина мен Бразилиясы жоқ Әлем чемпионаты деп атап жүр. Бір қызығы әлемдегі мықты футболшыларды Әлем чемпионатын жеңген атағымен салыстырар болса, Месси мен Роналдуға келгенде үнсіз кетіп жатады. Себебі, екеуі де бұл атаққа қол жеткізе алмады. Иә, футболда әлі күнге дейін Әлем чемпионы атағы ең биік болып саналады, сосын барып чемпиондар лигасы. Онда Тони Кросс қазіргі таңдағы ең мықты ойыншы атануы тиіс қой. Демек, ойынының әдемілігі, жанкүйер жүрегінен орын алатын голдар соғуы, «Алтын допты» кезек-кезек алуы маңызды болып тұр ғой?!

Әдемі голды Роналду да, Месси де қатар соғады. Мессиді Марадонамен салыстырып жүргендерге еш қарсылық айта алмайсың. «Алтын допты» екеуі 10 жыл бойы қатарласып алып келді. Тек соңғы жылы ғана Месси алтыншысын алып, Роналдудан асып түсті. Ал өзге марапаттармен салыстыратын болсақ, трофей тұрғысында Роналду Леодан мықтырақ. Бірақ, трофей санап жарыссақ, әлемде нөмірі бірінші футболшы Дани Алвес болар еді. Бразилиялық қорғаушы бұл жөнінен жаһандық рекорд қойып тастаған. Демек, жеңген атақтарды бір шетке ығыстырып қоя тұралық. Десе де, Мессидің бір "Алтын добы" артық.

Екі ойыншының бір-біріне ұқсас жерлері өте көп. Соққан әдемі голдар мен жеткен жетістіктерді артта қалдырып, ол тағы нендей ұқсастықтар екенін қарап көрейік. Екеуінің жанұялық жағдайы бірдей. Кедей отбасыдан шыққаны бір бөлек, Леоның да, Криштың да әкелері өмірден озған. Леоның да, Роналдудың да денсаулықтары жас кездерінде сыр берген. Мессидің бойы өспей қалса, Криштианудың жүрек талмасы бар. Дер кезінде медецинаның көмегі болмағанда екеуінің жалпы футболшы болулары қиын еді.

Роналдудың бір кемшілігі футболдан тыс өмірдегі кейбір қылықтары. Оны әлі күнге дейін сотқа беріп жүрген бикештер жеткілікті. Кейбірі мені зорлады, ақша беріп сатып алды деп экслюзивті сұқбаттар беріп жүр. Былайша айтқанда, Роналдудың жеке өмірінің кейбір тұстары көлеңкелі жайттарға толы. Оның жанұясының өзі бір қызық. Өзге жатырда өсірген балалары туралы көп қазбаламай-ақ қоялық. Ал Мессиде мұндай бірде-бір оқиға жоқ. Ол өзі мектеп жасынан білетін қызға үйленіп, сүйікті жар, үлгілі әкенің рөлін атқарып келеді.

Мессидің кіп-кішкентай болып, қорғаушылар арасынан майды кескен пышақтай лыпып өте шыға салатын әдеті бар. Жером Боатенг секілді тасқамал қорғаушыларды жалған қимылдарымен кескен теректей сұлатып тастағанын білесіздер. Айып добын тебуі жағынан Криштиану да оңай емес, бірақ, Лео бұл жағын мықтап қолға алған. Айып алаңының маңынан Месси тепкен айып доптары тоғыздыққа топ ете түседі. Әлемнің үздік қақпашылары, атылып тұрған арыстандай қорғаушыларын жас балаша алдап өте береді.

Роналду бұл жағынан Мессиге жол бергенімен, оның да басқа басым түсер қырлары бар. Португал ойыншысы баспен гол соғудың һас шебері. Ең алғаш рет оның мұндай қыры бар екенін «Манчестер Юнайтед» командасының ойыншылары білді. Бірақ, ол кезде Роналду «Реал» сапында ойнайтын. «Қызыл сойқандардың» қорғаушысы Патрис Эвра Роналдудың өзінен бір метр биіктікте секіріп баспен гол соғып жатқанын көрді. Осыдан кейін ол «Реал» сапында осыған ұқсас неше түрлі голдар салды. Ұлыбританияның Чечестер қаласының университетінің ғалымдары оны зерттеп, Роналду баскетболмен айналысқанда АҚШты мойындатар еді деген шешімге келді. Себебі, бір секіріснде ол әуеде 2 метр, 56 сентиметр биіктікте болған. Сол биіктікте тұрып баспен гол салған. Ал кейіннен Роналду «Ювентус» сапына ауысып, «Сампдориямен» өткен ойында баспен осылай гол ұрды. Италиядағы журналистер айтарға сөз таба алмай, ауыздары аңқайып қалды. Биік секіргенімен қоймай әуеде қалықтап бірнеше секунд ұшуының өзі таңданыс тудырды. Салыстырушылар мұны Майкл Джорданның себет алдындағы әйгілі секірісімен ұштастырды.

Атлетика жағынан, дене бітімі, физикалық әлеуеті тұрғысында ол Мессиді бірніше есе басып түседі. Қарға бойлы Мессидің соған қарамастан ғаламат ойыны арқылы Роналдуды кейбір тұстарда басып озуы әлбетте тылсым дүние екені анық. Әлем футболының абызы Сэр Алекс айтпап па еді: «Роналду әлемнің үздік футболшысы, Месси болса өзге ғаламшардан келген» деп. Ол кісімен сөз таластыруға аса қатты құлқымыз жоқ.

Сондықтан бұл жерде бір екершелікке келіп тоқтағымыз келеді. Біз айтқан Пеле мен Марадона секілді, құдай бере салған таланттар футбол тарихында болды. Мессиді солармен салыстырып жүргендерге де қарсы еш уәж айта алмаймыз. Ал Роналдудың жайы бір бөлек. Мұндай футболшы әлі жер бетінде болған жоқ. Доппен жүгіруі, әуеде қалықтауы, ойын жағдайын бағалай білуі, қас-қағым сәтте қайшылап соққы жасай салуы (Буффон қақпасына), өздігінен шешім қабылдай білуі, тактикалық сауаттылығы бәрі жоғарғы деңгейде. Бір қарасаңыз жасанды интелектпен қамтылған робот футболшы жайлы әңгіме айтып отырғандаймыз. Егер Месси Роналду заманында футбол ойнамағанда онда Роналдуды ерекше феномен ретінде санап, адамзаттың қабілетінің шексіз екенін бейнелейтін құбылыс ретінде қарап та жіберер ме едік.

Роналдудың Еуро 2016 жарысында құрамасын жоқ жерден сүйрегенін көрдік. Венгрия қақпасына үш гол салып, топтан алып шықты. Бірақ, финалда жарақат алды. Сол тұста ол бас бапкердің қасында терезесі тең құқылы бапкердің рөлін атқарды. Алаң жиегінде тұрып айқайға басты. Әріптестерін күресуге шақырды. Сол рухтың арқасы болар, Португалия бір гол соғып жеңіске жетті. Ал Месси болса, сәл өзгерек. Әлбетте, оның да құрамадағы бапкерге ақыл айтатын абыройы бар. Кейде, бапкерлер тығырыққа тірелген тұста алаңда жүрген Мессиден ақыл сұрайды. «Копа Америка» кезінде Лео пәрмен беріп ортадағы бір ойыншыны алмастырып, орнына өзге әріптесін шығартты. Мессидің салдарынан бірнеше талантты ойыншы Аргентина құрамасында ойнай алмай жүр. Мысалы, Мауро Икарди Италияның үздік сұрмергені бола тұра, «альбиселесте» сапында неге ойнай алмайды? Себебі ол Мессидің досының әйелін арбап алды. Команда ішіндегі атмосфераны құртады деген желеумен Лионель оны бар күшін салып жүріп құрамаға алдыртпады. Жалпы Аргентинаның құрама команда ретінде жетістікке жете алмауының себептерінің бірі Месси болуы да мүмкін. Ол бірде құрамада енді ойнамаймын деп ресми түрде мәлімдеп, кейіннен қайтадан келді. Гонсало Игуаин, Анхель Ди Мария, Кун Агуэро, Лаутаро Мартинес, Мауро Икарди, Пауло Дибала секілді ойыншылары бар Аргентина Мессиді бас қылып ең ақыры «Копа Американы» ойланбай жеңуі тиіс еді ғой.

Дегенімен, Роналду секілді жан-жақты дамыған футболшымен 10 жыл қатар үздік атанып жүруі ғаламат дүние. Месси сөзсіз мойындалған аяқдопшы. Әйтпесе, Латын Америкасынан келгендердің жоғарғы деңгейде ұзақ ойынауы сирек кездесетін құбылыс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×