
Сонымен, ҚФФ-ның «Ордабасы» - «Жетісу» ойынынан кейін төрешілер жұмысын (жалпы оны ғана емес) қатты сынға алған Самат Смақовтың әрекетіне байланысты ресми шешімі белгілі.
Құзырлы мекеме жанындағы Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті талдықорғандық клуб жаттықтырушысын 4 ойынға шеттетуді лайықты жаза деп тапса керек. Смақовтың реакциясы да көп күттірген жоқ, талдықорғандық бапкер ертең Әлем жұлдыздарына қарсы өтетін ойынға қатыспайтынын кесіп айтты. Айта кетейік 25-сәуірде Қазақстан футболы күніне орай елордадағы «Астана Арена» стадионында Әлем және Қазақстан футболының аңыздары (арасында Смақов та бар) жолдастық ойын өткізбек.
«Алда команда үшін маңызды матчтар тұр, ал олар мені шындықты айтқаным үшін жазалады. Мұны дұрыс деп есептемеймін, бірақ шағымданып, жылап, кешірім сұрайтын жайым да жоқ. Айтпақшы, 25-сәуірде аңыздар кездесуіне қатыспаймын. Мені барлық афишалардан алып тастасын», - деген болатын С. Смақов.
Шыны керек, «Жетісу» бапкерінің өткір пікірі біраз резонанс тудырғанымен, жағдай осындай сипат алады деп күтпеген едік. Енді, не дегенмен, Самат Кәбірұлының қазақ футболына бір кісідей-ақ сіңірген еңбегі бар дегендей. Абырой-беделі де жетерлік. Бірақ, таразы басында мұның ешқайсысы ескерілмепті. Кім білсін, құзырлы мекеме осылайша өзгелерге сабақ болсын деді ме екен...
Ал осы ситуациядағы ең өкініштісі Самат Смақовтың жазасының зардабын енді талдықорғандық команда да тартайын деп тұр. Жетісулық ұжымның 5 турдан кейінгі жағдайы онсыз да мәз деуге келмейді – үш кездесуде ұпай бөлісіп, екі рет ұтылып 11-орынға тұрақтауда. Самат Смақов айтқандай, клубты алда шынымен күрделі кездесулер күтіп тұр: алдағы сенбіде «Елімайды» қабылдамақ. «Істі» болған жаттықтырушы семейлік клубқа қарсы ойында командасына толыққанды көмегін бере алмайды. Қысқасы, қарқын алған «Елімаймен» болатын бәсекеде талдықорғандықтарға ұпай алу аса ауыр түскелі тұр.
Жарайды, әңгіме ол жайында емес, бізге Самат Смақовтың аңыздар матчынан үзілді-кесілді бас тартуы күдікті көрінген. Әйтпесе, Давид Лориядай бұрынғы командалас-достарымен бір алаңды бөлісуден неге аяқ-асты айнып қалады? Айтпағымыз, «Жетісу» жаттықтырушысының сөздерінен қазір түрлі астар іздеп жатқандар бар. Соның бірі былай дейді - Самат Смақов былтыр «Елімаймен» жоғары дивизионға шыққаннан кейін орнын босатуға мәжбүр болған. Өйткені, Асқар Ұранхаев оның орнына Андрей Карповичті жөн көрген екен. Енді «Жетісудың» бас бапкері басқа дүниенің барлығын ысырып қойып, сенбідегі кездесуге командасын тас-түйін дайындап жатқанға ұқсайды. Өйткені, Самат Смақов үшін Андрей Карповичке қарсы барлық ойынның принципиалды маңызы бар. Талдықорғандық жаттықтырушының алдағы кездесуде «Елімай» басшылығының өзіне қатысты үлкен қателік жібергенін дәлелдемек жоспары бар деседі.
Біздің серіктес: FONBET