Самат Смақов пен ҚФФ төрешілер басқармасының басшысы “Ордабасы” – “Жетісу” матчын талқылады

22.04.2025, 14:30

"Жетісу" футбол клубының бас бапкері Самат Смақов пен Қазақстан футбол федерациясының төрешілік және қадағалау басқармасының басшысы Нуну Алешандре Паррейра де Каштру Премьер лиганың 5-турында өткен "Ордабасы" – "Жетісу" (1:0) ойынын талқылады, деп хабарлайды  "Кеңесші" Telegram арнасы.

Самат Смақов пен ҚФФ төрешілер басқармасының басшысы “Ордабасы” – “Жетісу” матчын талқылады

Нуну Алешандре төрешілердің шешімдеріне баға беріп, Самат Смақовтың пікірін мұқият тыңдады және оның ұсыныстары ескерілетінін атап өтті. 

Португалиялық маман сондай-ақ Қазақстандағы төрешілік жүйеге енгізілетін болашақтағы өзгерістер туралы жоспарларымен бөлісті. Ол Премьер лигадағы барлық клубтардың бас бапкерлері мен капитандарымен жеке кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар әр стадионға жеке барып, футбол мамандарымен өзекті мәселелерді талқылауға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу соңында кәсіби мансабын аяқтаған футболшыларға арналған УЕФА төрешілік бағдарламасын Қазақстанда іске қосу жоспарланып отырғаны белгілі болды.

Естеріңізге салсақ, Премьер лиганың бесінші турында "Жетісу" "Ордабасыдан” 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Матч соңында Самат Смақов алаңнан қуылып, баспасөз мәслихатында төрешілердің жұмысын қатты сынға алып, мұндай қателіктер қазақстандық футболдың дамуына кедергі келтіретінін мәлімдеген еді.

Айболат Өнер

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×