Футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Самат Смақов «Ақтөбе» клубына қайта оралды
2015 жылдың соңында Самат Смақовтың Павлодардың «Ертіс» клубымен келісім-шарты аяқталған болатын. Содан кейін футболшы еркін агент ретінде жаңа клубтармен келіссөз жүргізді. Қысқа демалыстан келген бойда Самат өзінің бұрынғы клубы «Ақтөбе» басшыларымен жолығып, клуб қатарына өту туралы мәселені талқылаған болатын. Бірақ, ол келіссөз сәтсіз аяқталған. Одан кейін еліміздегі БАҚ өкілдері 37 жастағы футболшыны «Ордабасы» және «Атырау» клубтарына ауысуы мүмкін деген мәлімет таратқан болатын. Дегенмен де, бүгін Самат Смақов Kazfootball kz порталының тілшісіне «Ақтөбемен» оқу-жаттығу жиындарына баратынын және Түркия жерінде клубпен келісім-шартқа отыратынын айтып берді.
«Ақтөбемен» оқу-жаттығу жиындарына барамын. Жаттығу кезінде клуб басшыларымен тағы да әңгімелесетін боламыз. Егер бәрі ойдағыдай өтетін болса, онда келер аптада мен «Ақтөбе» сапына қайта қосыламын», - дейді футболшы.
Айта кетейік, Самат Смақов бұған дейін де «Ақтөбе» клубы сапында өнер көрсеткен болатын. Тарқатып айтсақ, 2007-2012 жылдың аралығында ол еліміздегі ең атақты ұжымның намысын қорғап, Қазақстан чемпионы, Қазақстан кубогы және Қазақстан Суперкубогын жеңіп алған.