САМАТ СМАҚОВ ҚАЗАҚСТАНДА

17.05.2013, 19:58
САМАТ СМАҚОВ ҚАЗАҚСТАНДА

саматҚазақ футболындағы ең танымал есімдердің бірі – Самат Смақов. Бүгінде Самат Түркия жерінде «Ризеспор» командасының намысын қорғап жүр. Жуырда еңбек демалысын алған Самат елге оралды. Осы орайды пайдаланып футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының экс-капитанымен Массагет порталының тілшісі сұхбаттасқан болатын. 

- Самат, бірінші кезекте сізді футболдан Түркия біріншілігінің жоғарғы лигасына шыққандарыңызбен құттықтаймын. Түркия біріншілігі туралы өз ойыңызды айтып берсеңіз... - Рақмет. Ол жаққа барар кезде Түркия біріншілігінің өте мықты екенін білдім. Мен «Резиспор» командасына ауысардан бұрын Әли Әлиев және Давид Лориядан ақыл-кеңес сұрадым. Өйткені, олар Түркия біріншілігінен хабары бар. Екеуі де бір ауыздан ол жаққа барғанымды мақұлдады. Нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар. - Түркия футболы мен қазақ футболында қандай айырмашылық бар? - Ерекше бір айырмашылығы бар деп айта алмаймын. Дегенмен, ол жақта жылдамдыққа баса ден қояды. Ойын барысында да бір орында мүлде тұра алмайсың.  - Сіздің командаңыз Түркияның екінші біріншілігінің соңғы турында «Трабзонға» қарсы ойнап, 2-3 есебімен ұтылып қалды. Бірақ ол кездесуге сіз қатыспадыңыз. Сізді демалысқа жіберді ме? - 12 мамыр күні соңғы тур ойындары болды. Ол кездесудің еш маңызы болмады. Ал маған үйге қайту керек еді. Мен бас бапкерден сұрандым. Ол кісі мені жіберді.  - «Ризеспор» сапындағы Давид Лориямен бұрыннан дос екендеріңізді білеміз. Ал одан басқа команда ішінде дос тауып үлгердіңіз бе?  - Команда ішіндегі жігіттердің отбасылармен қатты араласпадық. Себебі, біздің ұжым сапындағы жігіттер менен 12-14 жас кіші болды. Ал, жалпы жиі жиналып тұратынбыз. Аргентина, Египеттен келген легионерлермен де жақсы қарым-қатынаста болдым. Бір ауызбен айтқанда, мені команда жақсы күтіп алды. - Ұлыбританияда команда сапына жаңадан қосылған ойыншыға міндетті түрде ән айтқызады. Түркияда ондай дәстүр бар ма екен? - Жоқ. Ондай дәстүр болмады  - Самат, жалпы сізге Түркия жері футболда не үйретті ? - Мен бірінші кезекте түрік жанкүйерлерінің футболға деген махаббатына дән риза болдым. Олар үшін футбол – мейрам. Біздің елде сырт алаңда ойнасаң, "Алаң қалай екен? Жанкүйерлер келеді ме екен? Қандай жерде тұрамыз?" деген сауалдарды ойланып кетесің. Ал Түркияда мұның бәрі қарастырылып қойған. Сен тек жақсы ойнасаң болғаны. - Түркияда жүргенде, Қазақстан біріншілігін қарайтын ба едіңіз? -Әрине! Әрдайым! Кей ойындарды тікелей эфирден қарадым. Ал кейбір ойындардың үзіндісін ғана қарап жүрдім. - Өзіңіз Қазақстанға қайта келуді ойластырып жүрген жоқсыз ба? - «Ризеспор» командасымен менің әлі бір жылдық келісім-шартым бар. Бірақ, мен Қазақстанға оралу туралы ойланып жүрмін...  - Демек, сізге Қазақстан клубтарынан ұсыныс түсіп жатыр ғой? -Ия!  - Шыны керек, біздің футболдың деңгейі Түркиянікінен әлдеқайда төмен ғой. Оның үстіне келер жылдан бастап «Ризеспор» командасы Түркияның жоғарғы лигасында ойнайтын болады. Осы жәйттерді ойлағанда сіздің Түркияда қала бергеніңіз жөн-ау... - Бәрібір үйге қарай тартып тұрады. Отанымды, жанұямды қатты сағынамын. Оның үстіне жұбайым жақын арада үшінші сәбиімізді дүниге әкелмек. Сондай-ақ, қызым жаттығуларына және мектепке бару керек. Осы себептерге байланысты жанұям менің қасымда Түркияда әрдайым бола бермейді. Сондықтан Отанға келгенді қалап жүрмін. Бұрындары мен үшін бірінші кезекте футбол еді. Енді менің жасым ұлғайған соң, мен үшін бірінші кезекте отбасым, сосын футбол. - Дегенмен, сіздің әлі «Ризеспормен» бір жылдық келісім-шартыңыз бар емес пе? - Команда басшыларынан мені жіберуді сұраймын. Олар мені түсінеді деген ойдамын.  - Қазақстандық футбол мамандары мен жанкүйерлер сіздің Ұлттық құрамаға қайта оралғаныңызды қалайды. Расында, сізді Ұлттық құрама сапынан қайта көріп қалуымыз мүмкін бе? - Егер, Ұлттық құрама маған шынымен мұқтаж болатын болса, онда мен қайта келуге дайынмын. - Соңғы сұрағым, қандай да бір қазақстандық клубтар сізге ұсыныс жасады ма? - Әзірше жоқ. Шамалы шыдай тұрыңыздар. Жуырда бұл мәселе де шешілуі керек. - Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×