Санжар Сейтқазинов: «Қазақ футболы берілген бюджетті дұрыс жарата алмай жүр»

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
22.12.2020, 01:16
«Каспий» футбол клубының директоры Санжар Сейтқазинов маңызды сауалдарға жауап берді. Оның ішінде футболға бөлінетін қаржы мәселесі де айтылды.
Санжар Сейтқазинов: «Қазақ футболы берілген бюджетті дұрыс жарата алмай жүр»

- Санжар мырза, Қазақстандағы футбол клубтарының басшылығында жүрген ең жас маманның бірісіз. Футбол менеджментіне жаңаша көзқараспен қарайды екенсіз. Еуропадан үйренгеніңіз де жоқ емес. Ел футбол клубтарына мемлекет бюджетінен бөлінетін қаржыны қалай есептеп жаратқан дұрыс?

- Иә, биыл билік тарапынан бұл мәселе қозғалды. Клубтарға бөлінетін қаржы өте көп, сондықтан мемлекет бюджетін үнемдеуіміз қажет деді. Бірақ, бірден қаржыландыруды тоқтатсақ онда футбол өте қиын жағдайға түседі. Бұл тұста мен өзімнің ұсынысымды айтқым келеді. Футболды және оның айналасындағы қаржыны реттеу үшін 5 немесе 7 жылдық қысқа бағдарлама қажет. Қаржыны үнемдей келе клубтардың инфроқұрылымын, материалды базасын жөндеу керек. Сонда 5-6 жылдан соң клуб көрсетуге ұялмайтындай базасы, балалар футбол мектебі бар клубқа айналады. Сол кезде клубқа бөлінетін қаржыны мүлде азайтып тастауға да болады. Бірақ, дәл қазір Қазақстандағы футбол клубтарында е база да жоқ, е инфроқұрылым да жоқ. Мысалы менің «Каспий» футбол клубының басшылығына келгеніме бір жылда болған жоқ. Бірақ, мен ел футболының құрылымын іштен білемін деп толық айта аламын. Мысалы, «Каспий» клубы биыл чемпионаттағы бюджеті ең аз клуб болып қалды. Қаржы дер кезінде түспей, клуб қиындыққа тірелді. Сол тұста директор болып келдім. Амал жоқ команда өзінің жергілікті жастарымен ойнауға мәжбүр болды. Легионерлер өзге клубтарға ауысып кетті. Тек бапкерге сенімін жоғалтпаған бірнешеуі ғана қалды. Міне, соған қарамастан біз әдемі ойын көрсетіп, премьер-лигадағы орынды сақтап қалдық. Қазақ жастарымен де ойнап, легионері топырлаған командаларды артқа тастадық. Бір қағиданы бұзғанымыз анық. Келесі жылы да біз осы ұстанымнан тайқымай, Амандық Нәбиханов, Мақсат Тәйкенов, Руслан Жанысбаев секілді жастарды ойнатамыз және мақсатымыз жоғарғы орындарға таласу болады.

- Елімізде 8-10 миллиард бюджетті бір жылда жаратып, біріншілікте 5-6 орын алатын клубтарымыз бар. Олар осындай бюджетті жаратып, жыл сайын бір орыннан көтеріле алмайды. Онымен қоймай сол клубтардың жаттығу жасайтын дені дұрыс жасыл алаңы жоқ, балалар академиясы жоқ. Осыған қандай пікір айтасыз?

- Басқа клубтарға байланысты пікір айтқым келмейді. Өзіміздің де жағдайымыз жетісіп тұрған жоқ. Дегенімен, ортақ мәселе деп қарасақ, қазақ футболына қазір инфроқұрылым жетпейді. Біздің басты проблемамыз да осы. Билік берген қаржыны дұрыс есептеп, дұрыс жұмсай алмаймыз. Бар мәселе осында. Легионерге миллиондап жалақы төлегенше балалар жаттығатын жасыл алаң соққанымыз дұрыс емес пе?

- Енді «Каспий» футбол клубын қандай өзгерістер күтіп тұр?

- Биыл барлығымыз Алматыда жүрдік. Басты мақсат премьер-лигадағы орынды сақтап қалу еді. Ол мақсатқа жеттік. «Жол картасы» аясында Жаңаөзен кентіндегі стадион күрделі жөндеуден өтті. Сол стадионды пайдаланғымыз келіп отыр. Екінші лиганың жеңімпазы болған жастар командасын сонда жібереміз. Олар «Каспий Жаңаөзен» деп аталып, Қазақстанның Бірінші лигасына қатысады. Сосын қаламызда сонау 1998 жылдары команда жаттыққан алаңды қайта жөндеуден өткіземіз. Клубтың базасы қатты шаршаған. Теңіздің тура жағасында орналасқаннан соң ылғалдың кесірінен қабырғалары сөгіліп тұр. Ол жерде клубтың болашақ футболшылары ойнайды. Тіпті, негізгі команда да сол жерде жаттығатын болады. Сондықтан келер жылы әкімшіліктен бөлінетін қаржының басым бөлігін сонда жұмсауды жоспарлап отырмын. Әйтпесе, жергілікті жастар жаттығатын жасыл алаң жоқтың қасы. Жалпы, Ақтау қаласында футзал жақсы дамыған да, үлкен футбол кенже қалып қойыпты.

- Иә сонымен қатар клубтың логотипін де өзгертесіздер ме?

- Иә барлығын басынан бастаймыз. Клубқа ребрендинг жасаймыз. Логотипті өзгертіп, маркетинг саласын күшейтеміз. Әртүрлі демеушілермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олардың бөлген қаржысы бізге қазір ауадай қажет. Сонымен қатар еуропалық футбол клубтары негізінен қаржы табатын атрибутика мәселесін де реттейміз. Яғни, клубтың жейдесі, киімдері, атрибуткалары облыс көлемінде сатылады. Тіпті, интернет дүкен арқылы да сатылымға шығады. Біз өз құқығымызды бір кеңсеге тапсырамыз, өндіру-сату бойынша олар айналысады. Біз түскен табыстың басым бөлігін өзімізге аламыз. Барлығы келісім бойынша жүреді. Жалпы клуб қандай жолмен қаржы таба алады, соның барлығын іске қосқалы жатырмыз.

- Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×