Мансабын алаңдағы ойыншы ретінде бастаған қақпашылар

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
23.12.2020, 00:57
Бұл қақпашылардың басым көпшілігі шабуылшы ретінде ойнаған екен.
Мансабын алаңдағы ойыншы ретінде бастаған қақпашылар

Желтоқсан айының басында "Ливерпульдің" қақпасын 22 жастағы Кивин Келлехер қорғады. Юрген Клоппқа жарақат алған Алисон Беккерді ауыстыру қажет болған кезде ол тәжірибелі Адрианнан гөрі жас ирландиялық қақпашыға сенім артты. Таңдау жасау барысында Клопп еш қателескен жоқ.

Келлехер алдымен Чемпиондар Лигасында "Аяксқа" қарсы матчта гол жібермей, керемет сейвтер жасады. Содан кейін "Вулверхэмптонға" қарсы матчта Премьер-лигадағы алғашқы кездесуін өткізіп, тағы да өз қақпасын құрғақ ұстады. Ал "Мидтьюлландпен" болған ойында (1:1) пенальтиден гол жіберіп алды.

Ең қызығы, бала кезінде Келлехер қақпа туралы ойлаған да жоқ. Ендеше әлем футболында мансабын алаңдағы ойыншы ретінде бастаған қақпашылады есімізге түсіріп көрейік.

Кивин Келлехер ("Ливерпуль")


Ирландиялық қақпашы мансабын шабуылшы ретінде бастады, өз аймағының чемпионатында ойнады. Кивинге 14 жасында әкесі алаңдағы позициясын өзгертуге кеңес берген. Келлехер кеңестерге құлақ асып, қақпадан орын алды.

2015 жылы оны "Ливерпуль" скауттары байқап, қаралымға шақырды. Бірнеше аптаның ішінде Келлехер Мерсисайдтық клубтың академиясына қабылданды. Уақыт өте келе Алисонды алмастыратын қақпашыны таңдағанда, Юрген Клопп ирландиялық қақпашының талантын, сондай-ақ оның аяқпен сенімді ойнайтынын атап өтті.

Адриан ("Ливерпуль")


"Ливерпуль" қақпашысы қазір басқа позицияда ойнап жүруі мүмкін еді. Адриан Севильядағы "Альтаир" клубында он жасқа дейін орталық шабуылшы және қапталдағы жартылай қорғаушы ретінде өнер көрсетті. 10 жасында Адриан қақпашы ретінде ойнай бастады, ал бір жылдан кейін ол "Бетис" академиясына ауысты.

2016 жылы "Вест Хэмнің" жартылай қорғаушысы Марк Ноублдың құрметіне арналған жолдастық кездесу барысында Адриан доппен қарсылас қақпасына дейін барлық ойыншыларын алдап өтіп, гол соққан еді.

Джо Харт ("Тоттенхэм")


"Шрусбери Таун" футбол клубы Джо Хартқа алғаш рет 10 жасында қызығушылық танытты. Сол кезде ол мектеп командасында алаңдағы ойыншы ретінде доп тепті. Ал одан кейін Джо аудан командасының қақпасын қорғады. Ақыры Харт 14 жасында "Шрусбери Таун" академиясына түскен кезде позициясы туралы шешім қабылдады. Бұл командада ол футболдағы дебютін жасап, 2006 жылы "Манчестер Ситиге" ауысты.

"Қала тұрғындарының" құрамында Харт командаға Хосеп Гвардиола келгенге дейін ұзақ уақыт бойы бірінші қақпашы болып саналды. Испаниялық бапкер ағылшын қақпашысының ойынын бағалай алмағаны анық.

Давид де Хеа ("Манчестер Юнайтед")


Бір жыл бойы Де Хеа Мадридтің "Атлетикосымен" тығыз байланыста болған "Атлетико Касаррубуэлос" командасында ойнады. Бірақ содан кейін Давид "Хетафе" қақпасын күзеткен әкесінен үлгі алды.

Де Хеа 14 жасына дейін мектептің футзал командасында ойнауды жалғастырды.

"Бұл мектепте Давид 14 жасқа дейін ойыншы болды. Біз футзал ойнадық, ол әрқашан алдыңғы қатарда жүрді. Ол біздің бомбардиріміз болды", - деді сол кездегі команда бапкері.

Тибо Куртуа ("Реал Мадрид")

Бельгия қақпашысы жергілікті "Билзен" командасында сол жақ қорғаушы ретінде ойнай бастады. Екі жылдан кейін 8 жасар Куртуаны "Генк" академиясының өкілдері байқап қалып, оны алаң ойыншысы етіп алды.

Онда Куртуа қақпашы ретінде ойнауға тырысты және басшылыққа жағымды әсер қалдырды. 12 жасқа дейін ол ойыншы ретінде де, қақпашы ретінде да ойнауды жалғастырды, кейінірек ол өз позициясын нықтап бекітті.

Хосе Пинто (мансабын аяқтаған)


Бұрынғы "Сельта" мен "Барселонаның" қақпашысы өзінің мансабын "Сафа Сан Луис" командасында тіреуіш жартылай қорғаушы ретінде бастады. Ал "Бетиске" ауысқан соң Хосе қақпашы болды, бірақ ол Антонио Пратты негізгі құрамнан ығыстыра алмады. Кейін ол "Сельтада" ойнады, сонымен қатар "Барселонада" доп тепті.

Мансабының соңында Пинто тағы да позициясын өзгертті. Бірақ футболдағы емес, өмірдегі позициясын. Ол енді хип-хоп продюсер және музыкант.

Хорхе Кампос (мансабын аяқтаған)


Мексиканың бұрынғы қақпашысы экстраваганттық ойын мәнерімен көптеген жанкүйерлердің есінде. Кампос айып алаңынан шығуды ұнататын.

Жасөспірім кезінде Хорхе шабуылшы ретінде ойнады. Ол тіпті матч кезінде де алаңдағы рөлін бірнеше рет өзгерте алды. "Унам Памос" командасында ойнаған Кампос бірінші маусымда 14 гол соқты. Ал мансабын аяқтағанға дейін 46 голдың авторы атанды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×