Сараптама: Бельгиядан неге жеңілдік?

11.10.2011, 19:49
Сараптама: Бельгиядан неге жеңілдік?
Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы Австрия футбол­шыларымен кездеседі. Бұл – 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы соңғы ойынымыз. Ал осының алдында Брюссельде Бельгия құрамасымен кездесіп, 1:4 есебімен ұтылып қалғанбыз. Брюссельдегі матч алдында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек «бұл ойында жастарға мүмкіндік беретін боламыз» деп қалды. Дәл сол мезетте чех маманының бұл сөздеріне аса мән бере қойған жоқ едік. Бірақ Бельгия және Қазақстан кездесуіне бір сағаттай уақыт қалғанда, алаңға шығатын футбол­шыларымыздың тізімін көріп, селк еттік. Тәжірибелі ойыншылардың біразы жоқ. Шмидтгаль тіпті қосалқы құрамға да тіркелмеген. Үш футболшымыз ұлттық құрама жейдесімен алғаш рет додаға түспек. Мұнысы несі? Түсінбей далмыз. «Король Болдуин» стадионындағы матчта Бельгия құрамасы тыным таппай, көсіле шапты. Құйындай орап соғып, біздің футболшыларды әбден састырды. Алғы шептегі шабуылшыларымыз допқа жармасып, уақыт өткізе алмады. Қорғау­шыларымыздың дамылдап, тыныстап алуларына мүмкіндік болмады. Сондай-ақ 17 минут құрамымыз бір ойын­шыға кем ойнады. Бұл күні Бельгия қай елдің құрамасымен ойнаса да, жеңіске жетуге мүдделі еді. Өйткені олар Германия футболшылары­ның Түркияны жеңетіндігіне кәміл сенді. Сон­дықтан «А» тобында екінші орынға шығу үшін бар күш-жігерлерін салды. Аянған жоқ. Себебі бұл – олардың соңғы мүмкін­діктері. Ал өз тобыңда екінші орынға ілігу – 2012 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасына таласуға мүмкіндік алумен тең. Оларды жанкүйерлері қалай қолдап, қамшылап отырды десеңізші. Адам қызығады. Екінші таймның аяғында көбісі билеп те кетті. Трибунадағы көрермендер қаздай тізіліп, яғни тізбектеліп, асыр салып, шыр айналды… Жалпы, Брюссельдегі кездесуде біздің құрама сапынан қақпашы Владимир Логиновский ерекше көзге түсті. Сондықтан оны бөле-жара атап өткіміз келеді. Өз қақпасынан төрт рет доп қармаса да, жанкештілігімен көзге түсті. Қаншама қауіпті сәттерде зулаған теңбіл допты қақ­паға дарытпай, шеберлік танытты. Бірнеше қауіпті де, пәрменді соққыларды тойтарды. Қайрат Нұрдәулетовтің қайсар­лығы, намысқойлығы қатты ұнады. Қателік жіберген ойыншыларымызды жерден алып, жерге салғандай болды. Біздің құрама пенальти ұру мүмкіндігіне ие бол­ғанда, допты алып алды да, голды өзі соқты. Айып добын ұрғысы келгендерге допты бермей қойды. Ойыннан соң бас бапкерге «Мирослав аға, мұныңыз қалай, неге тәжірибелі ойыншыларды алаңға шығармадыңыз?» деп аңтарылдық. Сонда бас бапкер «мен қолымда бар күшті екіге бөлдім, үйде Австриямен ойнаймыз, соны есімнен шығармадым, сол себепті бір ескертуі бар ойыншылардың өздерін алаңға шығарған жоқпын» деді. Осылай алғы шепте допқа жармасуға шебер Гридинді неліктен ойынға қоспағанын сездірді. Шмидтгаль, Қонысбаев секілді негізгі күштерімізді неге алаңға шығармағандығын меңзеді. Миро­слав ағаны сонда ғана түсіндік. Енді сол түсінгенімізді, түйгенімізді тарқатсақ. Мойындау керек, дәл қазір біздің құраманың күш-қуаты еуропалық дең­гейдегі екі ойынға қатар жетпейді. Оған Түркия мен Әзірбайжан құрамаларымен болған матчтар дәлел бола алады. Түркия құрамасымен тәп-тәуір ойнап, жеңіп те кете жаздадық. Ал Әзірбайжан құрамасына бірінші таймда әлімжеттік жасағанымыз­бен, екінші таймда дәл солай жоғары деңгейде ойнауға күш-қуатымыз жетпей қалды. Осылай, Әзірбайжан құрамасынан жеңіліп қалғанбыз. Егер түріктермен табан тіресе шайқасып, күш-қуатымызды сарп ет­пегенде, Әзірбайжанды жеңетін бе едік? Түріктермен болған матчта Шмидт­галь мен Мұхтаров жарақаттанып қалып, Бакуде алаңға шыға алмаған. Яғни тү­ріктермен шайқасамыз деп, екі бірдей белді ойыншымыздан да айырылғанбыз. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, Мирослав Беранек Брюссельде Стамбул­дағыдай деңгейі өзімізден жоғары коман­даның «жағасына жармаспады». Деңгейі жоғары құрамамен табан тірескен дүлей додаға түсіп, күш-қуатын сарп еткісі келмеді. Негізгі күшін Австрияға сақтап қалып отыр. Ба­сында «онда неге алаңға шық­пайтын ойын­шыларды Бель­гияға апарды екен, өз елімізде қалдырып кетпеді ме?» деп те ойлағанбыз. Осы ойымызды команда капитаны Қайрат Нұр­дәулетовке де айттық. Сонда Қайрат бірден «жоқ, бас бапкердікі дұрыс, бәріміз бірге болуымыз керек, командадан ешкімді бөліп тастап кетуге болмайды» деп жауап берді. Яғни бәрі бірге болсын дегені ғой. Егер бүгін кешке біздің құрама Австрия­ны жеңсе, онда Мирослав ағаның жос­парының жүзеге асқаны, қарсыласын тазы болып шалғаны. Соған тілектеспіз. Бельгия – Қазақстан – 4:1 Голдар: Симонс, 40-пенальтиден, 40. Азар. 43. Компани, 49. Огунжими, 84 – Нұрдәулетов, 87-пенальтиден. 59-минутта Кургулин алаңнан қуыл­ды. Бельгия: Миньоле, Симан, ван Бюйтен, Компани, Вертонген, Симонс (Дефур, 75), Мертенс, Дембеле, Витсель, Азар (Оджиджа, 63), де Камарго (Огунжими, 73). Қазақстан: Логиновский, Киров, Мұхтаров, Рожков, Кургулин, Карпович (Шахметов, 75), Евстигнеев, Көкеев (Нұрдәулетов, 61), Хижниченко, Мұжықов, Тәжімбетов (Остапенко, 57). «А» тобындағы қалған ойындар: Түркия – Германия – 1:3 Голдар: Хакан Балта, 79 – Гомес, 35. Т.Мюллер, 66. Швайнштайгер, 86-пенальтиден. Әзірбайжан – Австрия – 1:4 Голдар: Надиров, 74 – Иваншитц, 34. Янко, 52. Янко, 62. Юнузович, 90+1. Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×