Сараптама: Соңғы минуттар синдромы

04.09.2011, 05:31
Сараптама: Соңғы минуттар синдромы
Түркия құрамасымен 96 минут бойына тең ойнап тұрған Қазақстан футболшылары уысындағы ұпайдан ең соңғы сәтте айрылып қалды. Осы кездесу жайлы назарларыңызға сараптама ұсынбақпыз: «Тозаққа қош келдіңіздер!» Жұманың кешінде тартысты футбол бәсекесін тамашалау ниетімен «Қазақстан» ұлттық арнасына телмірген қазақ жанкүйерлері... сол күйі ойынды көре алмады. Себебі, матч көрінісін теледидар арқылы тарату құқығына ие «Sportlife» компаниясы аяқ астынан оны Қазақстан аумағында көрсету лицензиясын біздің ұлттық арнаға сатудан бас тартыпты. Яғни, ойынды тек кабельді тележеліге қосылған қазақстандықтар ғана «KZ-Sport1» телеарнасынан тамашалай алды. Жазда Әзербайжан командасын жеңген соң, футболшыларымыздың да, жанкүйерлеріміздің де еңсесі сәл де болсын көтерілген-ді. Ыстамбұлдағы кездесудің бәрімізді ерекше ынтықтырғаны да сол себепті еді. Оның үстіне, біз осыған дейін Түркия құрамасымен үш рет тоқайласып, үшеуінде де ірі есеппен жеңілген едік (2004 жылы 0:4, 2005-те 0:6, 2010-да 0:3). Яғни, түрік бауырлардан ұпай жырып алмақ түгілі, олардың қақпасына гол соғудың өзі мұң болғаны рас. «Мұндай сорақы серияны тез арада тоқтату керек, міндетті түрде гол соғу қажет!» деп шешкен-ді жанкүйерлер. Бірақ бұл міндеттің жігіттеріміздің қолынан келу-келмеуі неғайбыл еді. Өйткені, біріншіден, Гус Хиддинк командасының ойын деңгейі отандастарымызға қарағанда едәуір жоғары. Екіншіден, ойын «Галатарасай» клубының әйгілі стадионы - «Әли Сами Йеннің» орнын басқан 53 мың адамдық жаңа «Түрк Телеком Аренада» өтті. Ал түріктердің өз алаңында ешкімге есе жібермейтіні сондай, біз түгілі, Германия, Голландия, Англия секілді алыптардың өзі талай жылдан бері Ыстамбұлдан ызалы күйде аттанып жүр. «Тозаққа қош келдіңіздер!» - 90 минут бойы жақ жаппайтын түрік жанкүйерлерінің бұл ұраны шеттен келген күллі ұжымның үрейін ұшырары хақ. Ұланның Хамитке жауабы Жергілікті аяқдоп әуесқойларының психологиялық қысымы онсыз да алаңға толқып шыққан біздің жігіттерге әсер етпей қалған жоқ. Алаң ортасындағы доп үшін таласқа олардың сенімсіздеу кірісуі Александр Мокин қорғаған қақпаның алдында талай қауіпті сәттің туындуына түрткі болды. Алаң иелерінің техника жағынан ғана емес, күш-қуат жөнінен де отандастарымыздан оқ бойы озық екені білініп жатты. Абырой болғанда түрік шабуылшылары бірінші таймда тек 1 гол ғана кіргізе алды (үнемі шабуыл өтінде ойнаған Бурак Йылмаз көзге түсті). Жалпы матчтың алғашқы бөлігі қарсыластың айқын басымдығымен өтті. Үзілістен соң да ойын барысы аса өзгере қойған жоқ. Түркия командасы шабуылдаумен болды, қазақстандықтардың қорғанудан қолы (дұрысы - аяғы) босамады. Біздің жігіттер Волкан Демирельді аса көп мазалай алмады. Әбден іші пысқан түрік қақпашысы қырағылықты ұмытса керек, 55-минутта оң қанаттан Ұлан Қонысбаевтың әуелете бағыттаған добына тосқауыл бола алмай қалды - 1:1! Ұлан соққы жасады ма, әлде айып алаңындағы әріптесіне пас асырмақ болды ма, кім білсін, әйтеуір доп мұндайды күтпеген Волканнан асып барып, арғы бағанаға сарт етіп соғылды да, торға күмп берді. «Әне, міне, екінші голды енгіземіз» деп емінген алаң иелері аңырып қалды. Естеріңізде болса, УЕФА былтыр Астанадағы матчта қазақ қақпашысы Андрей Сидельниковты тамаша соққысымен қапы қалдырған түрік ойыншысы Хамит Алтынтоптың голын «2010 жылдың ең әдемі голы» деп тапқан-ды. Енді жыл соңында Ұ.Қонысбаевтың осы голы сондай мәртебеге ие болып жатса, таң қалудың реті жоқ. Манағысы өз алдына, Euro-2008-дің қола жүлдегерлері енді алға тіпті жігерлене ұмтылды. Мокин қақпасының алдында сәт сайын алай-түлей аласапыран болып жатты. 62-минутта Арда Тұранның оң қапталдан бағыттаған добы оның алдына кесе-көлденең жата кеткен Мұхтар Мұхтаровтың қолына тиді. Қорғаушымыз әдейі қолмен ойнамаса да, доп оның қолына тиіп, бағытын өзгерткендіктен француз төрешісі 11 метрлік белгіледі. Нүктеге бағанағы Бурак Йылмаз келді де, жерлете қатты тепті - Мокин өзінің оң қапталын ала құлады, ал доп сол жақ бағанаға соғылды да, кері ұшты! Оны қорғаушылардың бірі сыртқа теуіп жіберді. Көп ұзамай қаны қарайған Бурак баспен соғып, өз командасын алға шығарғандай болып еді, төреші, неге екені белгісіз, голды есептеген жоқ. Уыстағы ұпай да бұйырмады Түріктер қарқынды үдете түсті. Олар тағы бірнеше ұрымтал сәтті уыстан шығарып алды. Өз қақпасына қауіп төндіруде оларға кейде біздің ойыншылар да «көмектесіп» жатты. Бір кезде Мокин тіпті допты ойынға қосу үшін жерге тастап, өзіне далақтап шауып келген шабуылшыдан сескенді де... допты қайтадан қолына алды! Төреші айып алаңының ішінен еркін соққы белгіледі. Түріктер бұл мүмкіндікті де мүлт жіберді. Қорғанысты ұмытып, тайлы-таяғы қалмай алға кеткен алаң иелерін қазақстандықтар екі рет қапы қалдыра жаздады: әуелі Сергей Гридиннің соққысын Волкан қайтарса, қосымша уақытта онымен жекпе-жек шыққан Сергей Остапенко нысананы дәл көздей алмады. Ойын кезінде футболшылардың жарақат алуына байланысты бірнеше рет кідірістер болғандықтан, К.Турпен негізгі уақытта 7 минут қосты. Сағыздай созылған бұл мерзімнің де дәм-тұзы таусылар тұста, «Еуропаның кәнігі көкжалының бірінен ұпай жырып алдық-ау ақыры!» деген тәтті сезімді талмап жұта бергенде, төреші біздің қақпаға 20 метрдей жерден айып добын белгіледі. Шын мәнінде, бұл жерде ешқандай ойын ережесі бұзылған жоқ еді, тек Бурак Йылмаз бен Мұхтар Мұхтаров әуедегі допқа талас кезінде бастарымен соқтығысып қалған-ды. Бірақ француз қазысы қазақ қорғаушысын кінәлі деп тапты. Арда Тұранның шірене жасаған соққысы тосқауылда тұрған Юрий Логвиненконың аяғына тиіп, бағытын өзгертті де, соққының әуелгі ұшқан жағына ұмтылған Мокиннің көзін бақырайтып, торға қойып кетті - 2:1! Ойынның ақырғы секундтарына дейін аямай айқасатын айрықша жігерлілігін осыдан үш жарым жыл бұрынғы құрлық чемпионатында-ақ айқын аңғартқан Түркия құрамасы ел президенті Абдолла Гүл бастаған тілеулестерін риза етіп, ақыры жеңіске жетті. Бүкіл кездесу бойына басымдық танытқан алаң иелерін жеңіске лайықсыз дей алмаймыз, бірақ тең нәтиже біздің де уысымызда тұр еді. Әттең... соңғы минуттарда гол жіберіп алу Қазақстан құрамасының «айықпас дертіне» айналып барады. Командамыз келесі ойынын 6 қыркүйекте Бакуде Әзербайжан командасымен өткізеді. Тобымыздағы өзге кездесулер былай аяқталды: Әзербайжан - Бельгия - 1:1, Германия - Австрия - 6:2. Неміс командасы келесі жылы Польша мен Украинада өтетін Еуропа чемпионатының финалдық сынына жолдама алды. Түркия - Қазақстан - 2:1 2 қыркүйек. Ыстамбұл. «Түрк Телеком Арена».Төреші Клеман Турпен (Франция). 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу матчы. Түркия: Волкан Демирел, Егемен Қорқмаз, Хакан Балта, Сердар Кесимал, Сабри Сарыоғлы, Мехмет Экиджи (Селчук Шахин, 51), Эмре Белезоғлы (Гөкхан Төре, 60), Арда Тұран, Селчүк Инан, Казим-Ричардс (Үміт Булут, 82), Бурак Йылмаз. Қазақстан: Мокин, Гурман, Нұрдәулетов, Логвиненко, Мұхтаров, Киров, Шмидтгаль, Хайруллин (Остапенко, 67), Шахметов (Байжанов, 81), Қонысбаев (Нөсербаев, 86), Гридин. Голдар: Бурак Йылмаз, 31 (1:0), Қонысбаев, 55 (1:1), Арда Тұран, 90+7 (2:1). 62-минутта Бурак Йылмаз пенальти соға алмады (бағанаға тиді). Ескерту алғандар: Сабри Сарыоғлы, Логвиненко, Арда Тұран, Мокин, Нөсербаев. 90+2-минутта Селчук Инан алаңнан қуылды. 1-топ Ойын                    Доп            Ұпай 1. ГЕРМАНИЯ            8                 28-5          24 2. ТҮРКИЯ                7                 11-8          13 3. БЕЛЬГИЯ              8                 16-11        12 4. АВСТРИЯ             7                 12-16         7 5. ӘЗЕРБАЙЖАН       7                 6-19          4 6. ҚАЗАҚСТАН          7                 3-17          3 Кеше өткен басқа ойындардың нәтижелері мынадай: 2-топ: Ресей - Македония - 1:0, Ирландия - Словакия - 0:0, Андорра - Армения - 0:3. 3-топ. Фарер аралдары - Италия - 0:1, Солтүстік Ирландия - Сербия - 0:1, Словения - Эстония - 1:2. 4-топ. Беларусь - Босния - 0:2, Люксембург - Румыния - 0:2, Албания - Франция - 1:2. 5-топ. Голландия - Сан-Марино - 11:0, Венгрия - Швеция - 2:1, Финляндия - Молдова - 4:1. 6-топ. Израиль - Грекия - 0:1, Грузия - Латвия - 0:1, Мальта - Хорватия - 1:3. 7-топ. Болгария - Англия - 0:3, Уэльс - Черногория - 2:1. 8-топ. Кипр - Португалия - 0:4, Норвегия - Исландия - 1:0. 9-топ. Литва - Лихтенштейн - 0:0. * * * Сондай-ақ кеше 21 жасқа дейінгі өрендер арасындағы Еуропа біріншілігінің іріктеу сынына қатысып жатқан Қазақстан жастар құрамасы Алматыдағы Орталық стадионда Румыния құрамасымен ойнап, 1:1 есебімен тең түсті. Сәкен СЫБАНБАЙ Фото ФФК.кз сайтынан http://jaqsy.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×